Елімізде дизель отыны тапшы. Жетіспеушілік, әсіресе, оңтүстік өңірлерде ерекше байқалып отыр. Қарасай ауданында жанар-жағармай құю бекеттерінің бірі дизельді арнайы талонмен ғана беріп жатса, енді бірі оны мүлде сатпайды.
Қарасай аудандық кәсіпкерлік бөлімінің берген мәліметіне сүйенсек, біздің ауданда 35 жанар-жағармай бекеті орналасқан. Олардың ішінде қазіргі уақытта «Royal Petrol», «Sinoil», «ҚазМұнайГаз», «Газпром» сынды ірі бекеттер де ғана дизель бар. Десе де жанармай құю бекетіне келген көлік жүргізушілері дизельді қалаған көлемінде ала алмай отыр. Болған күннің өзінде оны тек шектеулі талонмен ғана беріп жатыр. Атап айтқанда, жеңіл көліктер үшін 20 литр тиесілі болса, жүк көліктеріне 100 литр құюға рұқсат етілді. Ал «Газпром» жанар-жағармай бекеті талонсыз, бірақ жеңіл көліктер үшін 20 литр, жүк көліктеріне 50 литр шектеумен сатып жатыр.
Бұл салаға жауапты энергетика министрлігі еліміздегі көліктерді дизельмен қамту үшін алдымен күзгі маусымдықты жинауға қатысатын ірі жүк көліктері мен тракторларға басымдық берілетінін мәлімдеді. Ведомство тапшылықты жою мақсатында түрлі іс-шараларды қабылдауын-ақ қабылдап жатыр. Десе де бұл қайталанатын қалыпты жағдай болып тұр.
«Қазіргі бағамен 230-260 теңгеден сатылып жатыр. Сондай-ақ жүк көлігі үшін қазақстандық тіркелген куәлігін растайтын құжатты бар болса, тәуліктік лимит 300 литр болады. Қалған адамдарға көрсетілген көлемде артық дизель отыны үшін баға 450 теңгеден сатылады. Бұйрық жобасы 18 тамызға дейін «Ашық НҚА» сайтына онлайн талқылау үшін орналастырылды», – деді ҚР энергетика министрі Болат Ақшолақов.
Премьер-Министр Әлихан Смайылов аталған бұйрық жобасын тезірек пысықтап, 20 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізуді тапсырды.
Қазір ауданда дизель отынының орташа бағасы – 230 теңге. Еске салайық, елімізде 2016 жылдан бері жанар-жағармай бағасына мемлекет араласпайды. Бензин мен дизельдік отынның құны еркін нарықта реттеледі.
Бұрым Орынбасар.