Өткен аптада тағы бір өндіріс орны өздерінің жеке ғимаратын ашып, тұсауын кесті. Осы уақытқа дейін жалдамалы жерде қатпарлы қамырларын өндіріп келген кәсіпорын, міне, енді өздеріне тиесілі ортада өз өнімдерін жасап шығармақ ниетте.
Райымбек ауылдық округінде іргетасы қаланған кәсіптік ортаның салтанатты ашылу рәсіміне аудан әкімі Жандарбек Ермекұлы өзі қатысып, келген қонақтарды Тұңғыш Президент күнімен құттықтады. Сондай-ақ, ұжымның ынтымағы берік болсын деген ниетпен осы ауылдық округтің ардагерлер кеңесінің төрағасы Иманжан Мамырбеков ақ батасын берді. Ашылу сәтінен кейін аудан басшысы өндіріс орнын толықтай аралап, еңбек етіп жатқан қызметшілермен жақын тілдесті. Әңгіме арасында барлық жұмысшылар мен басшыларға толағай табыстар, әрі ауданның бетке ұстар кәсіпорындардың қатарында болуын тіледі.
«Diamant» жеке кәсіпкерлігі отбасылық табыс көзі ретінде құрылып, қазіргі таңда сапалы түрлі өнімдерін халық назарына ұсынып келеді. Алғашында 42 шаршы метрлі шағын цехтан бастаған Шульгин отбасы келешекте ауқымы кең ғимаратты армандапты. Енді, сол қуанышты күнге жетіп, дәл осы күні жеке кәсіпорындарын іске қосты. Олардың «Diamant» маркалы тауарлы өнімдері 20 түрлі қамырларды жасап өндіреді. Оның ішінде бауырсаққа, бәлішке, тұшпараларға арналған қатпарлы-ашытқылары да бар. Тіпті, осыдан екі жыл бұрын алғаш елімізде алма, өрік, сүзбе дәмдеуіштерімен жасалатын тәтті бөректерді жаңа өнім ретінде жасап шығарған. «Diamant» жеке кәсіпкерлік директорының орынбасары Вера Шульгинаның айтуынша, өнімге деген сұраныс артып келеді. Және қандай мекемелермен тығыз байланыста екенін де жеткізді. «Біз мектеп, кафе, мейрамхана сияқты тұтынушылармен жұмыс жасаймыз», – деді ол.
Жалпы, бұл жаңадан ашылған өндіріс орталығы барлық қойма орындарымен қосып есептегенде 200 мың шаршы метрді ауданды қамтиды. Мұнда өнім шығаруға арналған барлық жабдықтар стандартқа сай орнатылып, қауіпсіздік сақтық шаралары да толықтай ескерілген. Ал, қызметшілері екі ауысымды күн тәртібі арқылы жұмыстарын атқарып, асханадан екі мезгілді тегін тамақтана алады. Кәсіпорынның ендігі мақсаты ауқымы кең жаңа ғимараттың, әрі заманауи жабдықтардың тиімділігін пайдалана отырып, тәтті өнімдерін республикамыздың барлық өңіріне шығару.
Дидар МУХАМАДИЕВ.