Бүгін Қарасай аудандық Мәдениет үйінде Алматы облысы дін істері басқармасы мен ҚМДБ-ның Алматы облысы бойынша өкілдігінің бірлесе ұйымдастыруымен «Деструктивті ағым дін емес» тақырыбында семинар өтті. Айтулы діни шара ҚМДБ-ның Алматы облысы өкілдігінің ислам және ізгі қоғам жылының аясында ұйымдастырылды.
Конференцияның басы қаридың Құран оқуымен басталып, ҚМДБ төрағасының орынбасары, Наиб мүфти Кенжеәлі Қоңыратбайұлы, Алматы облысы дін істері басқармасының басшысы Бауыржан Ниеттің баяндамаларымен жалғасты. Сонымен қатар, ҚМДБ оңалту бөлімінің маманы Кенжалин Данияр, «Нұр Мүбарак» университетінің Діни экстремизмге қарсы іс-қимыл академиясының бас сарапшысы, РАТТ мүшесі Салтан Сайранұлы және бас сарапшы теологы Маметбай Нұрсұлтан дәріс оқыды. Жиынға облысқа қарасты аудан, қала мешіттерінің бас имамдары, жалпы саны, 150 имам арнайы қатысты.
Семинар барысында қоғам арасында белең алған жат ағымға қатысты мәселелер, деструктивті ағымдармен жұмыс жүргізу тәсілдері қозғалды. Имамдарға нақты тапсырмалар беріліп, бірлесе жұмыс атқару бойынша шаралар қабылдау тапсырылды.