Жақында ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрлігінің Жастар саясаты департаментінің директоры болып тағайындалған Асхат Оралов ауданымызға келіп қайтты.
Жастармен кездесуінде алдымен ол өзінің Павлодар облысының Ақсу қаласында дүниеге келгенімен, Президентіміз туып-өскен жерді көру арманының бірі болғанын атап айтты. Сол себепті де жаңа қызметке кіріскен соң, алғашқы ретте Алматы облысының жастарымен кездесуді жоспарлаған екен.
Ауданымызға сапары кезінде Асхат Раздықұлы бірінші «Жас Отан» жастар қанатына барып, ауданның белсенді қыз-жігіттерімен жүздесті. Мұнда аталмыш мекеменің басшысы Мадина Нұрланова құрметті қонақты аудандағы алғыр жастардың істеп жатқан жұмыстарымен таныстырып, алға қойған жоспарларымен бөлісті.
Мұнан соң департамент басшысы жаңадан бой көтерген «Батыр бабаларға тағзым» мемориалдық кешенінде болып, ондағы экспозицияларды тамашалады. Одан кейін Президентіміздің кіндік қаны тамған ауылы Шамалғанда ашылған «Атамекен» тарихи-мәдени орталығына жол тартып, мемлекет басшысының тағылымды өмір жолын өскелең ұрпаққа паш ететін мұражайды аралады.
Қазіргі таңда былтыр ғана Тұңғыш Президент күні мерекесіне орай ашылған аталмыш орталық тұтас еліміздің мақтанышы болатын рухани кешенге айналған. Осыған өзі де куә болған Асхат Оралов алған әсерін орталықтың қолтаңба кітапшасына жазып қалдырды.
Асхат Раздықұлының сапары Шамалғандағы Елбасы оқыған Қарасай батыр мектебінде түйінделді. Кіре берістен күтіп алған оқушылар мектептің тарихы жайлы әңгімелеп, оқу орнының ішіндегі «Шапағат» музейін аралатты.
Бақдәулет ТАЛИПОВ.