Мемлекеттік қызмет – бұл еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуының басты көрсеткіші. Бүгінде елімізде осы саланы таңдап, еңбек етіп жатқан мемлекет қызметкерлеріне моральдық-әдептілік бағыттағы қойылатын талап пен сенім жоғары. Сондықтан бұл мамандықты таңдаған азамат әрбір ісіне аса зор жауапкершілікпен қарағаны жөн-ақ. Сәл нәрседен мүлт кетсе, ол оның абыройы мен атқарған жұмысына сын болары анық.
Осы орайда, ҚР Президентінің 2015 жылғы №156 Жарлығымен бекітілген, ҚР Мемлекеттік істері агентігінің Әдеп жөніндегі кеңестері туралы ережесіне сәйкес, таяуда Кеген ауданының әдеп жөніндегі уәкілі Медет Исаев ауданның мемлекеттік қызметшілерімен арнайы кездесіп, түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Аудан әкімдігінің үлкен мәжіліс залында өткен жиында мемлекеттік қызметтің беделін арттыру, мемлекеттік қызметшілерге деген халық сенімін нығайту мәселелері жайында жан-жақты әңгіме қозғады.
Әдеп талаптарының орындалуы жөнінде өткен жиын барысында арнайы келген уәкіл Әдеп Кодексіндегі қызметшілердің моральдық-этикалық келбетіне, мемлекеттік жұмыс тізгінін ұстағандардың тек қызмет барысындағы ғана емес, жұмыстан тыс уақыттарда өзін-өзі ұстау стандарттары жайлы айтып өтті. Сондай-ақ, мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің аудан әкімдігіне қарасты дербес бөлім, қала, ауылдық округ әкімі аппараттары арқылы көрсетілетін түрлері мен заңдылықтары жайында сөз етті.
Мұнан өзге, сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегия, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың жаңа сатысы және ең алдымен, мемлекеттің және қоғам өмірінің түрлі салаларында осы қауіптің пайда болуы себеп-салдарының алдын алу бойынша мемлекеттік қызметшінің ұстанымдары мен жұмыс жүргізе білу қабілеті жайлы да ақпарат беріп өтті.
Мемлекеттік қызметшілер бас қосқан отырыста одан әрі қызметкерлердің көкейлерінде жүрген сұрақтарына сәйкес ситуациялық мысалдар келтіріліп, қолданыстағы заң нормаларына сай тиісті жауаптар ортаға салынды. Осы ретте, мемлекеттік қызметте көп жылдық тәжірибе жинақтаған бірқатар дербес бөлім басшылары өз ойларымен бөлісіп, жиынға қатысушылар әдеп қағидасын орындау мемлекеттік қызметшілердің басты міндеті екенін ұғынды.
Жиынды қорытындылаған Медет Исаев мемлекеттік қызметші болу – үлкен абырой мен міндет екенін және мемлекеттік қызметшілердің сыртқы мәдениеті мен ішкі дүниесінің ұштасып жатуы, әдептіліктің белгісі екендігін тілге тиек етіп, барша әріптестерін кодексте көрсетілген жаңа өзгерістер мен толықтырулар негізінде жұмыс атқаруға шақырды.
Айта кетейік, Кеген ауданының әдеп жөніндегі уәкілі осыған дейін де ауданға қарасты Бөлексаз, Қарқара, Тасашы, Жалаңаш, Саты, Алғабас, Қарабұлақ, Шырғанақ, Жылысай және Тұйық ауылдық округтерінің қызметкерлерімен де кездесіп, түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.