Мемлекеттік қызметте жұмыс істейтін қызметшілердің Әдеп кодексіне сәйкес қызмет атқаруы – қоғам мен мемлекет тарапынан ерекше сенім білдіру болып табылады. Осы ретте мемлекеттік қызметшілердің моральдық-әдептілік бейнесіне жоғары талаптар қояды. Дегенмен, кейбір мемлекеттік қызметшілер Әдеп кодексі талаптарының бұзылуына жол береді. Сондықтан әдеп жөніндегі өкілдер мемлекеттік қызметшілермен кездесіп, Әдеп кодексінде айтылған ережелер мен өзгерістер жайында ақпарат беріп отырады.
Таяуда осындай кездесулердің бірі Ұйғыр ауданында да өтті. Оның барысында Алматы облысы әкімдігінің Әдеп жөніндегі уәкілі Кенжебеков Төлеген Жолмырзаұлы аудан әкімдігінің қызметкерлері және ауыл әкімдерімен бірге Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың мемлекеттік аппараттың жұмысына «Жаңа тәсілдерді» енгізуді және мемлекеттік қызмет жүйесін іс жүзінде сервистік және клиентке бағдарланған болуы үшін қайтадан жандандыру қажеттігі туралы қойылған міндет барысы жайында түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Әдеп талаптарының орындалуы жөнінде өткен жиын барысында арнайы келген уәкіл Әдеп кодексіндегі қызметшілердің моральдық-этикалық келбетіне, мемлекеттік жұмыс тізгінін ұстағандардың тек қызмет барысындағы ғана емес, жұмыстан тыс уақыттарда өзін-өзі ұстау стандарттары жайлы айтып өтті. Сондай-ақ, мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің аудан әкімдігіне қарасты дербес бөлім, қала, ауылдық округ әкімі аппараттары арқылы көрсетілетін түрлері мен заңдылықтары жайында сөз етті.
Мұнан өзге, сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегия, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың жаңа сатысы және ең алдымен, мемлекеттің және қоғам өмірінің түрлі салаларында осы қауіптің пайда болуы себеп-салдарының алдын алу бойынша мемлекеттік қызметшінің ұстанымдары мен жұмыс жүргізе білу қабілеті жайлы да ақпарат беріп өтті.
Сонымен қатар, Мемлекет басшысының 2022 жылғы 22 ақпандағы жарлығындағы мемлекеттік қызметшілерге міндеттеген Әдеп кодексі туралы жаңа өзгерістермен мемлекеттік басқару жүйесіндегі жаңа тәсілдерді баяндап, жиынға қатысушыларға арнайы дайындаған слайдтық жобасын көрсетті.
Сөз соныңда Төлеген Жолмырзаұлы мемлекеттік қызметті атқару қоғам мен мемлекет тарапынан ерекше сенім білдіру болып табылатынын, сол себепті де Кодекс мемлекеттік қызметшілер үшін үстел кітабына айналуы тиіс екендігін жеткізді.
Қызметкерлерге қойылатын талап пен тәртіпті әркез назарға алу мақсатында өткізілген отырыс аяғында кездесуге қатысушылар көкейінде жүрген сұрақтарын қойып, облыс маманы тарапынан тұшымды жауаптар алды.
Өз тілшіміз.
Ұйғыр ауданы.