31 шілде күні Қарасай аудандық Қоғамдық кеңесінің отырысы болып, оны кеңес төрағасы Жанат Исағұлов ашты. Белгіленген күн тәртібі бойынша алдымен аудандық экономика және қаржы бөлімінің басшысы Жеңіс Ноғайбаев «Ауданда 2023 жылға бөлінген бюджет қаржысының игерілуі және тағы басқа мәселелер туралы» баяндап берді.
– Ауданның 2023 жылдың І жартыжылдығына арналған бюджеттің кіріс жоспары 15551,2 млн. теңге, шығыс жоспары 11075,5 млн. теңге болды, – деді Жеңіс Құсайынбайұлы. – Осы мерзім ішінде бюджет түсімі 16573,4 млн. теңге немесе 106,6% орындалды. Жалпы аудан бойынша бюджеттің игерілуі 99,5% құрады, игерілмеген қаражат сомасы 56,4 млн. теңге.
Одан әрі ол бюджеттің түсімін молайту, бөлімнің қаржыны тиімді игеру бағытында атқарылып жатқан басқа да істерді айтып, сұрақтарға жауап қайтарды. Аталған мәселе бойынша төраға Жанат Исағұлов, Орынбай Жанәділ, Ілияс Саматов, Илимдар Камилов өз ой-пікірлерін ортаға салып, ұсыныс-тілектерін білдірді.
Күн тәртібінде екінші мәселе – «Қарасай ауданындағы электроэнергиясының тарифтері және жалпы «АлматыЭнерго-Сбыт» ЖШС атқарып жатқан жұмыстар туралы аталған серіктестіктің директоры Толқын Инкарбаева хабарлама жасады.
– «АлматыЭнергоСбыт» ЖШС, «Электр энергетикасы» туралы заңға сәйкес, Алматы және Алматы облысын электр энергиясымен қамтамасыз ету үшін 2006 жылы құрылған, – деп бастады ол өз сөзін. – Біз «Самұрық-Энерго» АҚ-на кіреміз, 3,5 млн. астам тұрғын мен 38 мыңнан аса кәсіпорынды электр энергиясымен қамтамасыз ететін республикаликадағы ең ірі энергиямен жабдықтаушы ұйымның біріміз. Қарасай бөлімінде 22 маман жұмыс істейді. Бұл бөлім 64154 тұтынушыға қызмет көрсетеді, оның ішінде 3579 заңды тұлға бар.
Сонымен қатар, Толқын Алдиярбекқызы 1 шілдеден бастап тарифтердің өзгергені жөнінде де кеңінен айтып өтті. Кеңес мүшелері Туғанбай Өмірзақов, Илимдар Камилов, Орынбай Жанәділ және төраға Жанат Исағұлов дәл осы тариф жөнінде көптеген сұрақ қойып, мәселенің мән-жайын нақтылады, проблемалық істерге назар аударды.
Мұнан кейін кеңес мүшелері «Аудан тұрғындарына медициналық қызмет көрсетудің жай-күйі, 2022 жылмен салыстырғандағы өзгерістер, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету жағдайы жалпы денсаулық сақтау саласының жұмыстары мен мәселелері туралы» Қарасай аудандық ауруханасының директоры Алмат Чормановтың есебін тыңдады.
Қарасай клиникалық көпбейінді орталық ауруханасының құрамына емхана, Шамалған, Елтай, Үшқоңыр БМСК орталықтары, 18 дәрігерлік амбулатория, 7 фельдшерлік, 6 медпункт кіреді. Стационарлық көмек 545 төсек орынды қамтиды, 173 төсек орындық күндізгі стационар бар. Штат саны 2997 адамды құрайды, оның 486-сы дәрігер, 1184-і орта мед.қызметкер, 332 кіші қызметкерлер.
Өз жұмыстары жайында жан-жақты баяндаған Алмат Тұрсынжанұлы, сондай-ақ, шешімін күткен өзекті мәселелерге де кеңінен тоқталды. Мәселен, стационарлық көмек жеткіліксіз қаржыландырады. Емдеу ісіне жаңа технологияларды енгізуге де қаржыландыру жетіспеуі әсер етіп отыр. Бейінді мамандар (ревматолог, кардиолог, инфекционист, реабилитолог, педиатр, т.б.) жетіспейді. Автопарк тозып барады.
Медициналық қызметтің өмірлік маңызы өте үлкен. Сондықтан аудан денсаулық сақтау жүйесін басқаруға жаңадан келген Алмат Тұрсынжанұлы құттықтап, ізгі тілегін білдіре келе қоғамдық кеңес мүшелері өздерін ойландырған, толғандырған жайларды да ашық жеткізді, сұрақтарын қойды.
Осы орайда кеңес төрағасы Жанат Исағұлов, мүшелері Илимдар Камилов, Орынбай Жанәділ, Туғанбай Өмірзаков және тағы да басқалар аудандық денсаулық жүйесін алға бастырып, дамытуға, байланысты ой-пікірлерін, ұсыныс-тілектерін айтты. Кейбір өзекті мәселелерге қоғамдық кеңес арқылы да ықпал жасауға болатыны тіле тиек етілді. Себебі, ол билік мен халық арасын жалғастыратын алтын арқаудың бірі ғой.
Басқосуда талқыланған мәселелер бойынша тиісті шешімдер қабылданды. Отырысты кеңес төрағасы Жанат Молдағұлұлы қорытындылады.
Берікбай ҚАДЫҚОВ.