Мемлекет көп көңіл бөлетін әлеуметтік маңызды әрі жетекші саланың бірі – денсаулық сақтау. Соңғы жылдары осы бағытта түрлі реформалар жүзеге асып, ұлт саулығын жақсарту мақсатында бірқатар жұмыс атқарылып келеді. Мұндай нәтижелі ілгері істің біразы Қарасай жерінде де байқалуда. Сонымен қатар аудан көлемінде медициналық көмектің сапасын жақсарту үшін басқа да жоспарлы жобалар қолға алынған. Оның жай-жапсары жақында Қарасай клиникалық көпбейінді орталық аудандық ауруханада өткен брифинг барысында айтылды. Ашық диалогқа ұласқан пікірлесу алаңына БАҚ өкілдері арнайы шақырылып, аурухана басшылығы журналистердің қойған сауалдарына жауап берді.
Брифингке аудандық аурухананың әр бағыты бойынша қызмет атқаратын директордың орынбасарлары қатысты. Атап айтқанда, медициналық қызмет сапасы және ішкі аудитты қадағалайтын Дәулет Қожақов, ақпараттық-әдістемелік ұйымдастыру жұмыстарына жауапты Марат Ақылбеков және ана мен баланы қорғау ісіне жетекшілік ететін Индира Қабаева, сондай-ақ аурухананың хирургия қызметінің басшысы Талғат Байтілеуов дөңгелек үстел басында ой бөлісті.
Алдымен Дәулет Ерболұлы БАҚ өкілдеріне брифингтің мақсатын түсіндіріп, оның басты бағыты медиақауымдастық арасындағы ашық диалогты қалыптастыру екенін түсіндірді.
Одан кейін дөңгел үстел басында көпшілікті алаңдатқан медицина саласындағы сұрақтар талқыланды. Журналистер қауымы Қарасай ауданында атқарылып жатқан жұмыстар мен елдің көкейінде жүрген мәселеге назар аударып, аурухана өкілдерінен анық ақпарат алуға тырысты.
Брифинг барысында алдымен елді мекендерде салынып жатқан дәрігерлік амбулаторияның құрылысы айтылды. Аурухана директорының орынбасары Дәулет Қожақовтың айтуынша, бүгінгі таңда Абайда, Үштеректе және Қаратөбеде медициналық мекемелер салынуда. Қазіргі уақытта 50 келушіге арналған Үштерек пен Абайдағы амбулаториялардың құрылыс қарқыны жаман емес, тіпті, аяқталуға да жақын. Ішкі әрлеу жұмыстарына көшкен, қазір соған күш жұмсалуда. Сонымен қатар «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» жобасы аясында салынып жатқан 15 адамды қабылдайтын Қаратөбе ауылындағы нысанның да жағдайы жаман емес. Іргетасы қаланып, қабырғасы тұрғызылған. Соңғы бір-екі апта көлемінде жұмыс қарқыны артуда. Құрылысына жауапты мердігер мекеменің ақпараты бойынша бұл дәрігерлік амбулатория осы жылдың соңына дейін қолданысқа берілмек. Осылайша, биыл жоғарыда аталған үш елді мекенде медициналық мекемелер ашылады.
Дәл сол сияқты алдағы уақытта Ұлан, Шалқар, Қайнар, Бекболат ауылдарында 50 адамды қабылдайтын дәрігерлік амбулаториялар салыну жоспарлануда. Дәулет Ерболұлының айтуынша, аталған мекемелердің жобалау-сметалық құжаттамалары дайын және әрбірі мемлекеттік сараптамадан сәтті өткен. Одан кейін құрылыс-монтаж жұмыстарына тиісті қаржы бөлу үшін Алматы облыстық денсаулық сақтау басқармасымен бюджеттік өтінім берілген. Соған сәйкес қаражат бөлінген жағдайда құрылыс жұмыстары басталмақ. Дәрігердің сөзіне сүйенсек, бұл жағымды жаңалықты еститін күн де алыс емес.
Тағы бір қуантарлық жайттың бірі – Көлащы ауылының халқы үшін алғашқы медициналық-санитариялық көмек (АМСК) орталығының салынуы. Оның жер телімі анықталған. Қазіргі уақытта 300 келушіге арналған нысанның жобалау-сметалық құжаттамасы дайын. Мемлекеттік сарапатамасы да оң нәтиже көрсеткен екен. Тиісті қаражат бөлінген соң, орталықтың құрылысы басталады.
Ауқымды жобалардың қатарына Қаскелең қаласында SDU университетіне қарама-қарсы салынатын емхана мен стационарды айтуға болады. Бұл жобаға қатысты анық ақпаратты ашық пікір алмасу кезінде директордың орынбасары Дәулет Қожақов бөлісті. Сөзіне сүйенсек, аудандық деңгейдегі емхана 500 келушіні қабылдайды, ал стационарда 173 төсек-орындық тәулік бойы жұмыс істейді. Қазіргі таңда аталған медициналық мекеменің жобалау-сметалық құжаттамасы аяқталып, мемлекеттік сараптаман өтуде. Бұл нысанның құрылысына тиісті қаражат республикалық бюджет есебінен бөлінбек.
Бүгінгі таңда ауданымызда сапасы сын көтермейтін медициналық мекемелер жоқ дей алмаймыз. Мәселен, Қаскелең қаласының Гоголь көшесінің бойында орналасқан жұқпалы ауруларды емдейтін аурухананы айтуға болады. Аурухана басшылығы бұл мекемеге қатысты да ақпаратпен бөлісті. Директордың ақпараттық-әдістемелік ұйымдастыру жөніндегі орынбасары Марат Жақсыбайұлының сөзіне сүйенсек, аталған инфекциялық аурухананы сейсмикалық күшейтумен қайта жаңғырту жұмыстары қолға алынған. Бүгінгі таңда жобалау-сметалық құжаттамасы дайын. Оның қорытындысын алу үшін техникалық жабдықтау комитетіне жіберілген. Алдағы уақытта мемлекеттік сараптамаға өткізу жоспарлануда. Одан кейін тиісті қаражатты бөлу мәселесі қарастырылады.
Ауданымызда ана мен баланың денсаулығы да басты назарға алынбақ. Бұл жайында брифинг барысында аудандық аурухана директорының ана мен баланы қорғау ісі жөніндегі орынбасары Индира Қабаева мәлімдеді. Айтуынша, аурухана аумағында орналасқан қазіргі перзентхана 65 орынға ғана арналған. Бұл ғимарат 2014 жылы пайдалануға берілген. Алайда сол уақыттан бастап бүгінгі күнге дейін әйелдердің туу көрсеткіші екі есеге артқан. Міне, осы мақсатта 2026-2028 жылдары аралығында ауданда перинаталды орталық салыну жоспарлануда. Бұл мекеме Қаскелең қаласы мен Шамалған ауылы арасында бой көтереді. Бүгінгі таңда орталықтың жобалау-сметалық құжаттамасы дайындалуда. Одан кейін қаржы бөлу және тағы басқа шаралары пысықталады.
Брифинг соңында аудандық аурухана директорының медициналық қызмет сапасы және ішкі аудитты қадағалау жөніндегі орынбасары Дәулет Қожақов тағы бір маңызды жайтқа тоқталды. Айтуынша, ауданымызда медициналық көмек алу бойынша кез келген сұрақтар, белгілі бір қиындықтар туындаған жағдайда пациенттеді қолдау қызметі ретінде тәулік бойы қоңырау қабылдайтын Call-орталық жұмыс істейді, оның нөмірі – 8 708 949 20 49.
Сонымен қатар, аурухана директорының ақпараттық-әдістемелік ұйымдастыру жұмыстар жөніндегі орынбасары Марат Ақылбеков өз тарапынан МӘМС жүйесі мен скрининг деп аталатын медициналық тексеруге қатысты ой бөлісті. Дәрігердің мәліметіне сүйенсек, аудан бойынша 370 мыңдай тұрғынның шамамен 80 пайызы ғана медициналық сақтандыру жүйесімен қамтылған. Қалғаны әлі де МӘМС жүйесінде сақтандырылмаған. Осы ретте Марат Жақсыбайұлы бұл жүйенің мүмкіндіктері мол екенін айтып, баршасын МӘМС жүйесінде сақтандыру мәртебесін алуға шақырды. Одан бөлек осының шеңберінде жүретін скринингтен өтуді де алға тартты. Өйткені дер кезінде тексерістен өту арқылы қауіпті әрі тәуекел дерттердің алдын алуға болады.
Сонымен қатар бұл жиында Қарасай клиникалық көпбейінді орталық аудандық аурухананың хирургия саласын басқаратын Талғат Әлішұлы да пайымды ақпаратымен бөлісті. Бүгінгі таңда аудандағы хирургия озық технологияның арқасында күрделі оталарды сәтті жүзеге асыруда. Яғни, шеберлік-кластардың арқасында шетелдік және А.Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургия орталығының дәрігерлерімен тәжірибе алмасу жиі болып тұрады. Бұл да орталық аурухананың жеткен жетістігі, одан әрі шыңдалуы екенін анық аңғартады.
Қарасай ауданының денсаулық сақтау саласында, міне, осындай жұмыстар атқарылып, жоспарға сай оңды өзгерістер күтілуде. Медицина сапасын жақсарту мақсатында жоғарыда аталған жұмыстарға көңіл бөлініп, жергілікті халықтың саулығы басты назарға алынған.
Дидар МӘЛІКҰЛЫ
![[:ru]Газета "Naqty" ("Заман жаршысы")[:kk]"Naqty" газеті ("Заман жаршысы" газеті)[:]](https://naqtygazeti.kz/wp-content/uploads/2017/01/logo2.png)
