Ауданымыздағы, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының «Денсаулықты нығайтуға қолдау көрсетуші мектептер» жобасын жүзеге асырып отырған, Алмалыбақ орта мектеп-гимназиясында түсіндіру жұмыстары өтті. Бұл жобаның басты мақсаты – Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының «Денсаулықты нығайтуға мүмкіндік беретін мектептер» жобасы аясында балалардың денсаулығын нығайту, дұрыс тамақтану, балалар мен жасөспірімдер арасында аурушаңдық деңгейін төмендету, мектеп медицинасының денсаулықты нығайтуға ықпалын жақсарту болып табылады. Жиында ДДСҰ-ның балалар семіздігін эпидемиологиялық қадағалау жөніндегі Еуропалық Бастамасының (қысқаша «COSI») ұлттық зерттеулерінің нәтижелері, сондай-ақ, «Қазақстандағы денсаулықты нығайтуға ықпал ететін мектептер» пилоттық жобасының нәтижелері мен одан әрі жүзеге асыру жөніндегі ұсынымдар таныстырылды.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Қазақстан бойынша кеңесшісі Лаура Өтемісова слайд арқылы пилоттық жобаның негізгі функциясын және аталған жобаның тікелей мектептерге қатысты жетістіктері мен шешуші көрсеткіштері туралы айтып берді. Оның айтуынша, балалар арасындағы семіздік мәселесіне шолу жасау үшін саламатты өмір салтын қалыптастыру проблемалары ұлттық орталығы 2015-2016 оқу жылында бастауыш сынып балалары (8-10 жас) арасында артық салмақ пен семіздік белгілеріне, ұстанған өмір сүру салттарына алғаш рет мониторинг жасалды. Сондай-ақ, жиын барысында аталған зерттеу COSI хаттамасы негізінде жүргізілгені айтылды. Семіздіктің жайылуын республикалық және аймақтық деңгейде бағалауға мүмкіндік беретін шешуші көрсеткіштер талданды. Зерттеуге 5500-ден астам бала, 5000-ға жуық отбасы, 142 мектеп қатысты. Артық салмақ белгілері – 13,1%-ды, семіздік – 6%-ды құрады. Өкінішке қарай, ҚР бойынша алынған деректер, Қазақстанда 8-10 жастағы әрбір бесінші балада артық салмақ немесе семіздік белгілері бар екендігін көрсетіп отырғандығын тілге тиек еткен ДСҰ-ның қазақстан бойынша кеңесшісі, осы мәселені шешу үшін аталмыш жобаны мектептерге енгізу керектігін айтты. Ал, мектеп директорының әдістемелік іс жөніндегі орынбасары алда атқарылатын жұмыстар жайында айтып өтті.
–Біздің мектеп осы айдан бастап Қазақстан бойынша пилоттық жобаға кіретін болады. Біз жобамен толықтай танысу үшін аудандық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының сарапшыларының нұсқаулықтарын алдық, соның негізінде іс жоспарын жасап, мектептегі жағдайды бағалап, мониторинг жүргіздік. Енді алдағы уақытта осы мониторинг нәтижесі арқылы ауқымды жұмыстар атқарылатын болады. Мысалы, асханадағы ас мәзірі өзгертіледі, су ішетін шүмектер қойылады, оқушыларға арналған емдеу-шынықтыру бөлмесі жабдықталады, жанасу жол сілтегіштері орнатылатын болады. Спортпен айналысатын оқушылар санының артуына мүмкіндік беретін спорттық құрал-саймандар, спорттық киім сатып алынады. Жоғары сынып оқушылары спортпен айналысып қана қоймайды, олармен саламатты өмір сүру мәдениетіне, дұрыс тамақтануға және басқа да аспектілерге қатысты түрлі тренингтер өткізілетін болады, – деді Шолпан Рахмашова.
Мұнан бөлек, жобаға қатысатын мектептер үшін ДДСҰ сарапшылары ұсынған тәжірибелік нұсқаулық жақын уақыттарда мемлекеттік тілге аударылып, ДСДРО интернет-ресурсы арқылы таратылады, яғни, барлық қызығушылық танытқан тұлғалар үшін қолжетімді болады. Сонымен қатар, «Қазақстандағы денсаулықты нығайтуға ықпал ететін мектептер» санын арттыру үшін Еуропадағы Денсаулық мектептері желісінің сайтына ұқсас қазақстандық сайт жасалатыны туралы да айтылды. Түсіндіру жұмыстары біткеннен кейін директордың әдістемелік іс жөніндегі орынбасары Шолпан Рахмашова қонақтарды мектеппен таныстырып өтті. Алдымен олар мектептегі сабақ оқитын бірнеше сыныптарды, дене шынықтыруға арналған залдарды, әжетханаларды көріп шықты. Мұнан кейін мектеп асханасын тексеріп, ДДСҰ-ның Қазақстан бойынша кеңесшісі Лаура Өтемісова мен ұлттық денсаулық сақтау орталығының жастар және балалар денсаулығы басқармасының жетекшісі Ақбота Абелдина бас азпазға ас мәзірінің кемшіліктерін айтып, бірқатар ұсыныстар айтты.
Білім ордасын аралап болғаннан кейін денсаулық сақтау ұйымының мүшелері оқушылар мен ата-аналардың ұйымдастырған «Әке, Ана және Мен» атты спорттық эстафета жарысын тамашалады.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.