Дүние есігін ашқан қай сәби де өз тағдырын таңдап ала алмайды. Дей тұрсақ та, әрбір бала бақытты болуға лайықты. Алайда, жастайынан ауруға шалдыққан, туа сала мүгедек болғандардың саны көп. Мәліметке жүгінсек, дүние жүзінде онның бірі осындай кәріптер санында екен. Ауданымызда шамамен өзгенің қамқорлығына мұқтаж 1000-нан астам мүгедек бала есепке алынған болса, оның 500-ден астамы «Қуат» мүгедектер қоғамында тіркелген. Ауыр тағдырын арқалап жүрген жандарға жәрдем беретін бұл қоғамда Тәжіғали Қожамұратов, Гүлнариям Абдугапова және Жәмила Мамбеева сынды жанашырлар қызмет етіп келеді.
Жоғарыда аталған мүгедектер қоғамы басқармасының төрағасы Жәмила Мамбееваның айтуынша, бұл қоғамның негізі 1992 жылы қаланып, 2006 жылдан бүгінге дейін «Қуат» деген атаумен жұмысы жалғасып келеді. Бұл қоғамда еріктілер мен демеушілердің көмегімен көптеген қайырымды шаралар ұйымдастырылып тұрады. Сол іс-шараның бірі, жақында Разия Мұхамеджанова сынды еріктінің ықпалымен, Алматы қаласы М. Горький атындағы орталық саябағында екі жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан «Немо» дельфинарийінде өтті. Бұл шараға 70 адам барды. Оның 50-і мүгедек бала болса, қалған 20-сы сол балалардың ата-анасы.
– Мүмкіндігі шектеулі балалар да тіпті, оларға қарап отырған үлкендер де ерекше қарым-қатынасты талап етеді. Біздің ауданда осындай бүлдіршіндер демалып, сейілдейтін орындар өте аз. Сондықтан, мұндай көңілді әрі пайдалы саяхаттар өте қажет және маңызы зор – дейді Ж. Мамбеева.
Айта кетерлігі, дельфинотерапияның адам денсаулығын нығайтуда пайдасы зор. Қазіргі таңда медицинада жануарлармен емдеу әдісі кеңінен қолданысқа енгізіліп отыр. Латын тілінен аударғанда «anіmal» – жануар, яғни, хайуанаттар, ал анималотерапия – хайуанаттарды және олардың бейнелерін пайдалану арқылы психофизиологиялық, психотерапиялық, психоэмоционалды және бейімделу көмегін көрсететін терапия түрі.
Дельфинотерапия – бұл психосоматикалық және психоэмоционалдық проблемалары бар адамдарды ерекше сауықтыру әдісі. Оның курсы балалардың церебральды сал ауруы, аутизм, даун синдромы, невроз, психикалық дамудың кешеуілдеуінде кеңінен қолданылады. Дельфин үстінде отырып жузу, оларды сипап, түрлі ойындарын көріп тамашалау – науқас балалардың көңілдерін сергітіп, психологиялық күйзелістен арылтып, жақсы ойлар ойлауға жәрдемдеседі. Зерттеушілердің пікірінше, дельфинмен «тіл табысқан» адамдар шаршағанын ұмытып, көтеріңкі көңіл күйге қол жеткізеді екен. Бұл – жүйке жүйесі ауыратын балаларды психологиялық оңалту кезінде таптырмас терапия. Дельфиндердің мейірімділігі соншалық, бассейндегі адаммен бірінші болып «тілдесуге» тырысады.
– Дельфинотерапия балалардың есте сақтау, зейін қойып тыңдау және еңбекке деген қабілетін арттырады және науқастардың есту және сөйлеуін дамытады, жан күйзелісін азайтып, неврологиялық жағдайын тыныштандырады. Ғажайып дельфиндердің шығаратын ультрадыбысы баланың дамуына өте пайдалы. Ол дыбыс адам организміндегі ауыратын жерге бағытталады. Біз дельфинотерапия бойынша сегіз жылдан астам уақыт бойы жұмыс істеп келеміз. Оның адам денсаулығына пайдалы екендігі дәлелденген. Арнайы бағдарламалар бойынша өткізілетін дельфинотерапияның бір сеансы 25 мың теңге тұрады. Біз екі жастан 16 жасқа дейінгі балалармен жұмыс істейміз. Дельфиндер баламен қарым-қатынас жасау тәсілін кейде өздері ұсынатын жағдайлар да болады. Өкінішке қарай, бұл жерде дельфинотерапевт мамандар жоқтың қасы. Болашақта дельфинотерапияда қазақстандық терапевтерді дайындау жоспарымызда бар, – дейді орталық маманы Александр Тимощук.
Шара аясында, кішкентай көрермендер ғажайып дельфиндердің өнерін қызыға тамашалады. Николь, Катя және Юми есімді Қара теңіздің дельфиндері доп ойнап, сурет салып, ән айтып, би билеп, суда жүзіп, бір-бірімен жарысып, темір шеңберді айналдырып, содан секіріп, балаларды қуанышқа бөледі. Бүлдіршіндердің қол шапалақтағанына қуанған жануарлар оларға да қошеметпен жауап қайтарып, су шашып, өздерінің қуанышты көтеріңкі көңіл күйін білдірді. Оңтүстік америкадан әкелінген Анфиса мен Василиса атты теңіз мысықтары да олардан қалыспауға тырысып, үйретуші мамандардың айтқандарын бұлжытпай орындап шықты. Әсіресе, теңіз мысығының сахна төрінде әлемге әйгілі әнші Майкл Джексонның атақты биінің мәнерін айнытпай көрсеткенін және екі дельфиннің суда вальс билегенін, судан алты метрдей биіктікке секіріп, бапкерлерін арқасына мінгізіп алып жүзгенін көргенде, балалар ғана емес, олардың ата-аналары да ертегі әлеміне енгендей болып, ұялы телефондарына естелікке суретке түсіріп жатты. Алайда, бұл қойылымның басты мақсаты балаларға хайуанаттарды көрсету емес, дельфиннің емдік қасиетін сездіру еді.
Осы мақсатта, «Қуат» мүгедектер қоғамының аутизм диагнозы қойылған Елнұр Тәжіғалиұлы мен сал ауруына шалдыққан Ирада Ифратқызына дельфинотерапияның екі сеансы тегін өткізілетін болды. Бұл – осы қайырымдылық шараның үлкен жетістігі екені анық!
Жұмабек СМАМЫТОВ.