Өмірге, қоршаған ортаға сын көзбен қарап, оның дамуына өзіндік үлес қосуға итермелейтін күш қазіргі жастарымыздың бойынан табылады. Осы орайда олардың жан-жақты дамуы үшін пікірсайыс та өте қажет. Жуырда «Қарасай ауданының жастар ресурстық орталығының» қолдауымен Үшқоңыр орта мектеп-гимназиясында «Аргумент» дебат клубы «Gymnasium cup ІҮ» турнирін ұйымдастырып, оған Алматыдан «ХББ НЗШ», «ФМБ НЗШ», №136 мектеп-гимназия, №141 мектеп-гимназия, Алматы полиграфия колледжі, Ғ.Мүсірепов атындағы №186 мектеп-гимназия және ауданымыздан Алтын ауыл, Шамалған, Әлімқұлов орта мектебі оқушылары қатысты. Бірінші күні іріктеу ойындары мен интеллектуалды ойын болды. Екінші күні бәйгеге түсетін топтар іріктеліп, финал жарысы басталды. Ойын жүйелі, қысқа да нақты, әрі жоғарғы деңгейде өтіп, пікірсайысшылар кез- келген тақырыпты еркін игеріп, ой-пікірі, шешендік қабілетімен көпшілікті таң қалдырды. Олар ізденіп жүретіндіктерін байқатты.
Екі күндік дебат клубының ойынында төрешілердің шешімі бойынша «ФМБ НЗШ»-ның «Черчииль» фракциясы жеңіске жетті. Сонымен қатар, аталған мектептің оқушысы Сапан Қажымұрат «Үздік спикер» атанды. Бұл ретте СДУ студенті, «Аргумент» дебат клубының үйлестірушісі Қадырбай Бексейіт пен осы клубтың негізін қалаушы, тарих пәнінің мұғалімі Болат Саусақбаевтың ойындарды ұйымдастырып, жастарға өз пікірлерін еркін айтуға жол көрсете білген еңбектерінің зор екенін атап өту керек.
Ойынға демеушілік еткен «Қарасай ауданының жастар ресурстық орталығы», «Нұр Отан» партиясы, «Ардоз» асханасы және «СДУ дебат клубы», «Kitap-all», «Абырой-watch» ЖШС компаниялары жеңімпаздарға өз сыйлықтарын тарту етті.
Өз тілшіміз.