Дүниежүзілік жүре пайда болған иммундық тапшылық синдромымен дүниежүзілік күрес күні жыл сайын 1 желтоқсанда атап өтіледі. Бүл күні бүкіл әлемдегі адамдар АИТВ-мен өмір сүретін немесе АИТВ-мен ауыратын адамдарға қолдау көрсету үшін жиналады және ЖИТС-пен байланысты аурулардан қайтыс болғандарды еске алады.
Заман алдыға жылжып, медицана мен технолония дамып жатқанымен емделмес ауруға айналған бұл дерттен қазірідің өзінде адамды толықтай емдеп шығу мүмкін емес болып отыр. Бүгінде бар дәрілермен ағзадағы вирустың жүктемесін ең төменгі дәрежеге дейін түсіріп, науқастың жағдайын жақсартып өмірін ұзарту, сонымен қатар оның басқаларға қауіптілігін азайтуға ғана болады. Бір сөзбен айтқанда қазір бұл дертке қарсы ең тиімді әдіс оның алдын алу болып отыр. Сондықтан өзге мемлекеттер сияқты біздің елімізде жылда әртүрлі шаралар өткізіліп, халықтың әсіресе, жастар арасында ақпараттық түсіндіру жұмыстары жүргізіліп отырады.
Өткен аптада осындай ақпараттандыру жұмысы біздің ауданда да Қарасай клиникалық көп бейінді орталық аудандық ауруханасының ұйымдастыруымен өтті. Іргелі ауылдық округінде орналасқан ең ірі сауда ойын-сауық орталығы «Aport Mall»-да болған шарада аурухана қызметкерлері емі жоқ, аяғы өлімге әкелетін ЖИТС ауруының бастапқы кезеңі деп айтуға болатын АИТВ дерті жайлы маңызды ақпаратпен бөлісті.
Дәрігерлер тұрғындарға көп жағдайда вирусты жұқтырғаннан кейін алғашқы 2-4 аптада науқастардың 40-90 пайызы өздерін суық тигендей сезінетіндігін, оның денесі дел-сал болып, тамағы ауырады, тоңып, үсті қышиды, ауыз қуысында жара пайда болып, лимфа бездері ұлғаятындығын түсіндірді. Алғашқы белгілері жай ауруға ұқсас болғандықтан көптеген науқастар өздерінің АИТВ-мен ауратынын білмеуі мүмкін. Сондықтан мамандар тұрғындарға әр жарты жылда немесе жылына бір рет ВИЧ-ке тест тапсыруды әдетке айналдырған жөн екенін түсіндірді.
Бұған қоса бүгінде бұл аурудың ең көп таралу жолы жыныстық қатынастар арқылы болғандықтан, жастар арасында жыныстық қатынас кезінде қалай қорғану керектігі туралы қажетті ақпарат беріп, әр нәрсеге салғырт қарауға болмайтындығын жеткізді.
Ақпараттық жұмыс-тардан бөлек бұл күні медицина қызметкерлері ниет білдірушілерді АИТВ-ға экспресс-тестілеуден өткізіп, олардың қазіргі жағдайын тексеріп берді.
– Өзектілігін жоғалтпайтын АИТВ дертінің таралуын азайту – біздің міндет. Сондықтан біз жылда әртүрлі ақпараттық шаралар өткізіп, халықтың әсіресе, жастардың арасында осы дерттің алдын алу, сақтану жолдарын көбірек айтып, түсіндіріп отыруға тырысамыз. Бірақ біз бұл жайында жан-жақты айтып жатқанымызбен ең бірінші кезекте әр адам өз өмірі өз қолында екенін естен шығармауы керек. Жылына бір рет болсын АИТВ статусына тексеріліп отырғаны жөн. Ауру қаншалықты ерте анықталса емнің пайдасы да соншалықты жақсы нәтиже береді, – дейді Қарасай клиникалық көп бейінді орталық аудандық ауруханасының медициналық-әлеуметтік және психологиялық қызметінің басшысы Дана Тәждинова.
Еске сала кетсек, Қазақстанда алғаш рет ВИЧ инфекциясы 1987 жылы пайда болған еді. Қазір бұл кеселді еліміздің барлық аймағынан кезіктіруге болады.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.