Осыдан үш жыл бұрын Қаскелең қаласында Qazaq-British International School (QBIS) ашылған еді. Аталған білім ордасы Алматы облысындағы алғашқы «Cambridge International School» статусы бар мекеме болып табылады. Қазақ-Британ мектебі болғандықтан, мұнда оқушылар мемлекеттік және «Кембридж» бағдарламалары араласқан арнайы оқу жүйесімен білім алуда. Сондықтан да болар, жұмысын бастағанына үш жылдай ғана болғанымен, бүгінде ол оқудағы, шығармашылықтағы, спорттағы табыстарымен қуантып, жыл сайын конкурстардың, фестивальдардың, олимпиадалардың жеңімпаздары мен жүлдегерлері атанатын дарынды балалар ордасына айналды.
Нақты айтқанда, аталған білім ордасының 8 «А» сынып оқушысы Дінмұхамед Тұрысқұлов таяуда «Harvard Crimson Global Essay Competition» халықаралық эссе байқауына қатысып, жеңімпаздың бірі болып, Еуропа және Орталық Азия аймағы бойынша үздіктер қатарына енді.
Айта кетейік, «Harvard Crimson Global Essay Competition» жыл сайын бүкіл әлемнен мықты жазу дағдыларын көрсететін орта мектеп оқушыларын тартатын халықаралық онлайн-эссе байқауы. Оны әлемге әйгілі Гарвард университетінің «The Harvard Crimson» студенттік газеті ұйымдастырады. Бұл жолғы байқауға 140-тан астам елден 10 000 талантты оқушы қатысып, оның ішінен тек 150-і ғана финалға өтті. Солардың ішінде біздің жерлесіміз Дінмұхамед Тұрысқұлов та болды. Бірақ ол тек финалистер қатарына ілініп қана қоймай, Еуропа және Орталық Азия аймағы бойынша 10 үздіктердің арасынан табылды. Бұл тек Қарасай ауданы ғана емес, сондай-ақ Алматы облысы үшін де үлкен жетістік болып табылады.
– Байқаудың ережесіне сәйкес, қатысушылар креативтік, аргументтік және журналистикалық бағыттарда эссе жазуы керек еді. Ал тақырып, мазмұн қатысушының өз еркінде. Мен креативтік бағытты таңдағандықтан, тақырыпты біраз іздедім. Сөйтіп, ойлана келе, әр үйде тұратын қолжуғыш туралы жазуды шештім. Әрине, эссемде қолжуғыштың қалай пайда болғанын, уақыт өте келе қандай өзгерістерден өткенді көрсеттім. Бірақ ең бастасы, эсседе қолжуғыш арқылы бір отбасының өмірін, күнделікті тіршілігін, құпияларын көрсетуге тырыстым. Нәтижесінде, менің эссем жоғары бағаланды. Қуанышымда шек жоқ, – деді жас қарасайлық.
Тағы бір 8 сынып оқушысы Айбол Абай биология пәнімен байланысты ерекше жобаны іске асырды. Ашып айтатын болсақ, биологияға қызыққан Айбол өз үйінде шағын құс фермасын жасаған. Бастапқыда оның негізгі мақсаты түрлі-түсті балапан шығару болған. Ол үшін Айбол үйінде жұмыртқа инкубаторын жасап, енді өсіп жатқан жұмыртқаға ине арқылы түрлі-түсті бояуды енгізген.
Нәтижесінде, шын мәнінде, жұмыртқадан қызыл, жасыл, көк түсті балапандар шыққан. Алайда 2-3 айда балапандардың алғашқы қауырсындары түсіп, жаңадан шығатындықтан, олардың түстері қайта қалпына келген. Соған қарамастан балапан өсіруді ұнатып қалған Айбол әрі қарай осы бағытта жұмыс істеуді тоқтатпақ емес.
– О баста қызығушылық ретінде бастаған жобамды әрі қарай дамытып, кәсіпке айналдырғым келеді. Қазірдің өзіңде менің үйімде 35 балапан бар. Алдағы уақытта олардың санын әрі қарай көбейтемін. Балапандар өсіп, тауыққа айналғанда олардың жұмыртқалары мен етін сататын боламын. Осылайша шағын тауық цехын үлкен құс фермасына айналдыруды көздеп отырмын, – деді болашақ жас кәсіпкер.
Жақсы нәтижеге қол жеткізген үшінші оқушыға келетін болсақ, ол 9 сыныпта білім алып жүрген Салтанат Қожагелдиева. Таяуда Алматы облысы бойынша дарынды оқушыларды анықтаудың және қолдауды мақсат еткен «Дарын» олимпиадасы өткен еді. Біз айтып отырған Салтанат та сол байқауға ағылшын тілі бағыты бойынша қатысты. Ережеге сәйкес сұқбаттасу, жазбаша және ауызша емтихан кезеңдерінен сүрінбей өтіп, топ жарып, жеңімпаздар қатарынан көрінді. Бір өкініштісі, Салтанат 9 сынып оқушысы болғандықтан, олимпиаданың республикалық кезеңінде бақ сынай алмайды. Себебі республикаға тек 10 сыныптан жоғары оқып жүргендер ғана қатысады. Дегенмен ол қазір ағылшын тілінің деңгейін көтеріп, келер жылға белсенді түрде дайындалуда.
– Мен бала кезімнен белсенді бала болғандығымнан неше түрлі байқаулар, олимпиадаларға, дебаттарға қатысқанды ұнататынмын. Оның үстіне өзге пәндердің ішінен маған ағылшын тілі ерекше жақын. Сондықтан «QBIS» мектебіне ауысып келгелі ағылшын тіліне аса мән беріп келемін. Болашақта «халықаралық қатынастар» мамандығына түсіп, өмірімді сол саламен байланыстырғым келеді, – деді Салтанат.
«QBIS» халықаралық мектебінің негізін қалаушы Айгүл Тәңірбергенованың айтуынша, жоғарыда атап өткен балалардың ішінде Дінмұхамед пен Салтанат грантта оқиды. Бұл оқып жүрген балаларды жігерлердіруге және ақшасын төлей алмайтындар тегін оқуға түсуге мүмкін беру мақсатында мектеп тарапынан жасалған бастама болатын. Бүгінде бізде бес бала грант бойынша білім алуда. Оны алу үшін оқып жүрген бала оқу жылы ішінде жақсы нәтижелер көрсетуі немесе жақсы жобаны іске асыруы керек. Сондай-ақ алған грантын келер жылы да сақтап қалуы үшін жылдың аяғында болатын арнайы емтиханнан өтуі тиіс.
Ақтоты
МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ
![[:ru]Газета "Naqty" ("Заман жаршысы")[:kk]"Naqty" газеті ("Заман жаршысы" газеті)[:]](https://naqtygazeti.kz/wp-content/uploads/2017/01/logo2.png)
