Мәжіліс депутаттарының өңірлерді аралауы жиі емес екені түсінікті. Олардың іссапарларының өзі белгілі бір уақытқа жоспарланады. Сондай мақсатпен Қарасай жеріне арнайы келген ҚР Мәжіліс депутаты Данияр Әлімбаев өткен аптада ауданның ахуалымен танысып, бірқатар өзекті мәселеге назар аударды. Жұмыс барысында аудандағы кейбір нысандарды аралап, «Nur Otan» партиясының аудандық филиалында қоғамдық қабылдау өткізді. Халық қалаулысының алтындай уақытын біз де пайдаланып, әңгіме тарттық. Елдегі саяси жағдайды сөз етіп, партияның жұмысына тоқталып, ауданда шешімі табылмаған бірқатар сұрақтарға пікір білдіруін өтіндік.
– Данияр Кеңғазыұлы, алдымен Қарасай жеріне қош келдіңіз! Ауданымызда жүргеніңізге бірнеше күн болған екен. Қандай да бір қордаланған мәселеге көз жеткізе алдыңыз ба? Сізді толғантқан сұрақтар болды ма?
– Әрине, айтатын нәрсе көп. Қоғамдық көліктің талқысы – бұл бірінші мәселе. Ең бастысы халық маршруткаға мұқтаж болмауы тиіс. Қазіргі таңда осы сұрақты шешу жолында негізгі бағыттарымызды анықтап алдық. Тек субсидияға қатысты жайттарды анықтауымыз керек. Яғни, қоғамдық көліктің жетіспеушілігі қосымша қаржының бөлінуімен байланысты. Осыны оңды шешуге ықпал ететін боламын. Одан бөлек, Қаскелең қаласы Алматыға ең жақын орналасқандықтан, оның аумағында, яғни, қала ішінде автобустардың жүрмеуі дұрыс емес. Сондықтан осы салаға жауапты маманмен және «Қаскелең автобус паркінің» өкілімен ортақ бір келісімге келіп, наурыз айының 1-нен бастап экспериментті түрде қоғамдық көлікті іске қосатын болып келістік. Тағы бір айта кетерлігі, Қарасай ауданы Алматы сияқты ірі қаламен шектесетіндіктен екі ортада автобустардың жиі қатынауы орынды. Яғни, мұны агломерация негізінде көтерілетін мәселе деп қарастыруға болады. Сондықтан маршруттардың санын арттыру және тұрғындарға қолайлы болуы үшін Алматы облысы мен Алматы қаласының әкімдіктеріне арнайы хат жолдайтын боламын. Бәлкім, тиісті министрлікке де шығып көреміз.
– Аудандағы өнер мектебіне қатысты ештеңе айтқыңыз келмейді ме?
– Иә, оны естен шығармадым. Қарасай ауданында әлі күнге дейін шешімі табылмаған екінші мәселе – өнер мектебі. Бұл жайында аудан әкімімен де сөйлестік. Бір қуантарлығы оның ғимараты бар екен. Нақты айтқанда, бұрынғы ДОСААФ күрделі жөндеуді қажет етеді. Оның құны қандай болатынын анықтау үшін алдымен оның жобалау-сметалық құжаттамасын әзірлеу керек. Осы істі біржақты қылу үшін алдымен біз Алматы облысының әкімдігіне жүгінетін боламыз. Өйткені аталмыш нысанның аудандық білім бөліміне қатысы болғанымен, ол облыстық білім басқармасының тікелей қадағалауында екенін түсінуіміз керек. Бұл дегеніміз – қажетті қаражатты аудандық білім бөлімі қарастыра алмайды деген сөз. Тек осы салаға жауапты облыстық басқарманың шешімі ғана маңызды. Сол себепті жобалау-сметалық құжаттамасын биыл дайындауға ықпал етуге атсалысамын. Ары қарай жұмыстары жоспар бойынша жалғаса береді деген ойдамын. Өнер мектебі – аудан оқушылары үшін өте қажет дүние. Жеке өз басым солай ойлаймын. Олар шығармашылықпен, сүйікті ісімен шұғылдануы тиіс. Президенттің өзі айтқандай, жастармен жұмыс істеуіміз керек. Жас ұрпақты дұрыс бағытта тәрбиелей білген жөн. Меніңше, аталған мәселе уақтылы шешіледі.
– Түсінікті. Аудандағы осындай өзекті тақырыптарға бей-жай қарамағаныңызға алғыс білдіреміз. Енді Сіз мүшесі болып табылатын «Nur Otan» партиясының жұмысына тоқталайықшы. Оның алдағы мақсаты қандай? Қасым-Жомарт Тоқаев алдағы уақытта да оның төрағасы болып қалу мүмкін бе? Әріптесіңіз Айдос Сарым «Президент партияның емес, елге басшы болуы керек» дейді. Бұған не дейсіз?
– Өте қиын сұрақ. Мен тек партияның жаңғыруына қатысты айтқым келеді. Президенттің тапсырмасы негізінде біз қазір белсенді жұмыс істеуге тиіспіз. Бұл партияның өте қажет екенін және халық үшін қызмет атқаратынын дәлелдеуіміз қажет. Мәселен, бағанағы айтқан қоғамдық көліктің мәселесін партия алаңында талқыладық деуімізге болады. Яғни, партия мүшелерінің ықпалымен осындай түйіткілді шаруаларды халықтың игілігіне сай шешкеніміз маңызды болып табылады. Партияның тарапына түрлі сын-пікірлер айтылып жатқаны белгілі. Бірақ біз сонда да елдің мүддесі үшін еңбек етіп, жақсы нәтижеге қол жеткізуге ықпал етеміз. Алдағы уақытта осы ауданда көп балалалы аналармен жұмыс істеуге бағытталатын «Дағдарыс» орталығын ашуды қолға алсақ деп отырмыз. Себебі осы санатқа жататын аналарымыз көп қиындыққа тап болып жатады. Олардың жағдайына бір кісідей алаңдап, жан-жақты қолдау білдіруге асыққанымыз дұрыс. Міне, бұл да партияластар болып бірлесе атқаратын істің бірі деуге болады.
– Президент Қасым-Жомарт Тоқаев министрлердің, әкімдердің және сіздердің, яғни, депуттаттардың жалақысын көтеруге бес жылдық мораторий жарияланатынын айтты. Сіз бұны қалай қабылдадыңыз?
– Жыл сайын байқасаңыздар еліміз бойынша түрлі салада қызмет ететіндердің жалақасы кезең-кезеңімен артып келеді. Оның ішінде мемлекеттік қызметшілердің, дәрігерлердің, мұғалімдердің табысын ерекше айтуға болады. Яғни, қазір осындай маман иелеріне қолдау білдіру қажет. Осыларды ескерген Мемлекет басшысы біздің қазіргі алатын жалақымыз жеткілікті деп шешті. Біз оған ешқандай қарсылық білдіре алмаймыз. Демек солай болуы керек. Одан кейін депутаттар қауымына бұл жаңалық қатты соққы болды деп ойлаймын. Ол жайында қазір түсіндіремін. Өздеріңіз білетіндей, соңғы сайлаудан кейін мәжіліс құрамы 70%-ға жаңартылды. Яғни, оның құрамына жастар мен әйелдерден бөлек, бұрын кәсіп саласында тәжірибесі бар, өз саласын жетік меңгерген, саясаттан хабары бар азаматтар келді. Олар депутаттың табысына мұқтаж болғаннан келді деп ойламаймын. Сондықтан Президенттің бұл шешімі көңілге қонымды. Ең бастысы – халықтың әл-ауқаты артып, тұрмысы жақсару. Сол бағытта біз жұмысымызда одан әрі жалғастыратын боламыз.
– Уақыт бөлгеніңізге рахмет, Данияр Кеңғазыұлы! Ісіңіз оңға баса берсін.
Дидар МӘЛІКҰЛЫ.