Қазақтың атын дүние жүзіне танытқан жыр алыбы Жамбылдың Алматы облысы, Жамбыл ауданындағы әдеби- мемориалдық музейіне кезінде әлемнің әр түкпірінен ақын-жазушылар,мәдениет қайраткерлері, өнер өкілдері, оның өмірі мен өлеңіне тәнті басқалар да ағылып келіп жататын. Әрине, қазір де бұл қасиетті орынға ат басын бұратындар аз емес, алайда,олар негізінен алғанда өз еліміздің азаматтары десек ағат айтпаймыз.
Сонау өткен ғасырдың 1973 жылы аталған музейде бір туған қырғыз халқының ұлы жазушысы, шырайлы шығармаларымен алты құрлыққа айрықша танылған, ой-санаңа, жан-жүрегіне керемет әсер ететін роман, хикаят, әңгімелері топтастырылған кітаптары сан алуан тілге аударылып басылған тамаша қаламгер Шыңғыс Айтматов та болған екен.
Сонда осы музейді он үш жыл бойы байыпты басқарған,қазақ балалар әдебиетінің көрнекті өкілінің бірі,бүлдіршіндерге арналған ертегі жазудың шынайы шебері, биылғы мамыр айында туғанына 85 жыл болған марқұм Мұхаметжан Етекбаев әйелімен бірге ретін тауып, Шықаңның алдынан кішкентай баласын (оның атын ырымдап Шыңғыстай шыңға шықсын деп Шыңғыс қойған) алып шыққан ғой…
– Ол бір,бір жарым жастағы кезім,– дейді Шыңғыс Етекбаев. – Мына суретте Шыңғыс Төреқұлұлының мені қолына ұстап тұрғаны бейнеленген. Жанындағылар анам Хазима Айдарбекова мен әкем Мұхаметжан. Ал, оң жақ шеттегі – ұлы Жамбылдың баласы Әлімқұл Жамбылов.
Бүгінде Жамбыл ауданындағы Қарақыстақ ауылында тұратын кіші Шыңғыс анасы Хазимамен (қазақтың атақты ақылды байы, үлкен меценат Медеу Пұсырмановтың шөбересі болып келеді) бірге қарашаңырақ – туған үйдің түтінін түзу ұшырып, әке жаққан отбасы отын өшірмей отыр!..
Берікбай ҚАДЫҚОВ.