«Он екі мүшең сау болса, сәулет емей немене, он саусағың сау болса, дәулет емей немене!» дейді дана қазақ.
Сол айтқандай, мына жарық дүние есігін ашқан адам баласының ең басты, ең әуелгі байлығы – денсаулық. Ал, осы орайда «ақ желеңді абзал жандар» деп аялай айтатын сөзімізге алдымен арқау болатын, әрине, дәрігерлер.
Қасиет дарып, құт-береке орныққан Қарасай ауданындағы емделушілеріне үнемі осындай оң қабағымен қарап, оңды ісімен танылып жүрген дәрігердің бірі – Қылышпаева Дамиля Болатқызы.
Алып Алатау баурайын-дағы Қаскелең қаласында туып-өскен, тұлымшағы желбіреген кіп-кішкентай қыз әр нәрсеге талаптанып, білсем, үйренсем, ұқсам деп ұдайы алға ұмтылатын. Арманымен алысқа қол созған ол ақыры өскенде дәрігерлік мамандық алуға берік бел буған. Бұған анасы Әсемханның медицина қызметкері болуының да ықпалы көп болып еді.
Алдына осындай үлкен өмірлік мақсат, биік меже қоя білген Дамиля мектептен соң Санжар Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетіне түсіп, 2003 жылы оның емдеу факультетін жақсы бітіріп шықты.
Оқуда жүргенде өскен, өнген өлкеме барып қызмет істесем, сонда жүріп денсаулық сақшысы болсам деген ақ тілегін алаңсыз жүзеге асырып, Қарасай аудандық орталық ауруханасына орналасты.
Адал, іскер, өз ісін тиянақты, барынша тындырымды атқаратын жас маман жалықпай аға әріптестерінің тәжірибиесінен үйренді, шаршамай шеберліктерінен үлгі алды, сонымен қатар, медицина саласындағы сан түрлі жаңалыққа жаны құмар болды.
Осындай орнықты күш-жігерінің, мақсаткерлігінің арқасында көп ұзамай дәрігер қыз көзге түсті, жақсы да сапалы жұмысымен жарқырай танылды. Емделушілер тарапынан рахмет айтушылар көбейді. Мықты, білікті дәрігер-анестиозолог атанды.
Бүгінде Дамиля Болатқызы Қарасай аудандық орталық ауруханасы жансақтау (реанимация) бөлімшесінің меңгерушісі. Бұл дәрежеге ол тынымсыз жұмысымен, ортақ игілікке қосқан үлесімен, елеулі еңбегімен, шынайы дәрігерлік қызметімен жетті.
Жансақтау бөлімшесіндегі жұмыс өте күрделі де жауапты екені белгілі. Себебі, нақ осы жерде өмір мен өлім беттеседі, тіршілік пен мәңгілік түнек шектеседі. Мұнда қызмет ететіндер күн мен түнге қарамайды. Дәрігерлер болса, ауыр жағдайдағы аурудың беті бері бұрылғанша тоқтап, тыныға алмайды.
Өз қызметіне әбден берілген Дамиля Болатқызы осындай кездерде қанша шаршағанымен, науқастың дем алып, кірпігі қимылдағанда, онан кейін алғашқы оңалу белгісі білінгенде өз ісінің нәтижесінен керемет ләззат алып, жүзі нұрланады, жүрегі қуанышқа толады, жаны жадырайды.
Жуырда аудандық ауруханада шетелдіктердің өзі батылы бармай, бас тартқан аса күрделі ота жасалғанда хирургтермен бірге анестезиолог Дамиля Қылышпаева да жоғары кәсіпқойлық шеберлігін, білімділігін көрсетіп, дүйім жұртты риза етті.
Жалпы, аудандық мәслихаттың депутаты, «Нұр Отан» партиясының мүшесі, Гиппократ антына адал, денсаулықтың күзетінде тұрып, адам жанының арашашысы атанған, жасыл құрақтай жайқалып өсіп келе жатқан екі баланың аяулы анасы, сондай-ақ, әрқашан жарқырап-жайнап жүретін жарқын жүзді дәрігер-анестезиолог Дамиля Болатқызы туралы жақсы сөз көп.
Қазыналы жерде тұратын қарасайлықтар өздерінде осындай тамаша медицина қызметкерінің жұмыс істейтінін әрдайым мақтан етеді.
Берікбай ҚАДЫҚОВ.