Немересі Бауыржанның аузынан үйленемін деген сөз шыққалы Мамытбек атаның жүзі жадырап жүр. Көп ұзамай-ақ ұлы мен келіні Мәулен мен Орынбасар болашақ құда-құдағилары Амангелді мен Нұргүлді дәмханаға шақырып танысты. Дастархан басында екі жақ өзара келісіп, Амангелді қызын қолдан ұзатып, бір аптадан соң бұлар үйлену тойын жасауға уағдаласты.
Қызға құда түсіп баруға кімдерді жіберетінін ағайын-туған отырып ақылдасты. Мамытбек атаның пікірінше, алдымен осындай ұлы дүрмекке бұл жақты бастап баратын бас құданы белгілеп алу керек. Ол жақын туыс болмаса да, өзіне аталас болуы шарт. Оған лайық ойында жүрген адамы – Төлегетай Ақбауов. Жасы бір мүшел кіші болғанмен, көргені мен түйгені мол, аузы дуалы, осы өңірге сыйлы азамат. Бұл ұсынысын балалары бір ауыз сөзге келместен қолдады. Енді Төлегетай Қожахметұлының өзіне қолқа салу үшін үйіне барып, келген шаруасын айтты.
– Төке, немерем отау құрам деп қуантып отыр. Оған өкіл әке бол деп өткенде өзіңізге құлаққағыс қылып едім ғой. Соның реті келіп тұр. Келінді өзім барып әкеліп берген едім деп айта жүретін боласыз. Бабаңыз Сайлыбай би жол бастаса көсем, сөз бастаса шешен болған екен. Ол Майбұлақтағы Айқым елінің ішінде ел ағасы бола жүріп, қара басының қамын күйттемепті. Бүтін ауыл адамдарының да жайын ойлаған. Сол бабамыздың жолын берсін, бас құда болып Хантәңірі еліне біздің әулет адамдарын бастап баруыңызды қалаймын. Болашақ немере келінімнің атасы Абықанов Әбдіқайым деген кісі Қақпақта тұрады, – деп, сөзін одан әрі өлеңдете жалғады:
Хан Тәңірі елі — тау қырандарым
«Райымбек» еді жалпы ұрандарың.
Жоңғарды қуған қаһарың қайда
Отты деміңнен шарпыған жалын.
Ірі сөз айтар жан табылмай ма?
Бас имей келген тау мінездім-ау,
Албандар көтерілісіндегі айбарың қайда?» – деп, ақын Әділбек Қабаның өлеңін алаулата оқып бір тоқтады. Төкеңнің жауабын күтпестен одан әрі:
– Арынды Албан елінен қаймығып тұрмын, Төке. «Аяз би, әліңді біл, құмырсқа, жолыңды біл» демей ме. Ел ішіндегі арғы-бергі жағдайды, жөн-жосықты менен жетік білетін көшелі адамсыз. Құдалықта арамыздағы көсем сөзді ұстайтын өзіңіз болыңыз. Жолбастарға да, сөзбастарға да сізді қалап отырмыз. Немеремнің әкесі Мәуленді қасыңызға алып, төрде бел құда деп жаныңыздан орын бере отырсаңыз. Қан туыстығы жағынан да, ертедегі бабаларымыздың ескі жекжаттық сыйласқанын еске алсақ та алыс емессіз. Бұрынғыны қайта жаңғыртқанның несі айып. Құдалықты іріктегенде тізімге алдымен сізді жазғызғанымның мәнісі сол еді. «Ағайын-туғанның қызығы – алыс-беріс, Құдалықтың қызығы – барыс-келіс» демей ме бұрынғылар. Бұған не дейсіз? — деп, алдын ала жұптап келген сөзін бірден ақтарып салып бір-ақ тоқтады.
Не дер екен деген аз ғана үнсіздікті, дәл осы сәтті күтіп тұрғандай, ас бөлме жақтан Қымқап келіннің: «Аға, дастархан басына келіңіздер, шай дайын», деген сөзі бұзды. Жауабын жөпелдемеде бере қоймаған соң, шай үстінде жасының үлкендігін сездіріп, тағы да өткен-кеткеннен әңгіме қозғап отырды.
— Бабаңыз Сайлыбай бидің Әйтек сайында қарағайдан қиып тұрғызылған ерекше көк үйі болғанын Ерназар аға айтушы еді. Сол рас па?
– Ерді ер қылатын да, жер қылатын да әйел ғой. Әр адамның өз ерекшелігі болатыны сияқты әрбір үйдің де ішкі болмысынан хабар беретін өзінің кескін-келбеті болады. Ол – шаңырақтың отағасына байланысты. Үй иесінің абырой-беделі сол үйдің киесі әйелдің ниетінен. Әйелдің жүзі жарқын, ажары ашық болуы керек. Ер-азамат атаулы қаншалықты ақылды, кемеңгер, дәулетті, би болып жатса да, оның бақ-берекесі де, өркен жайып өніп-өсуі де, бақытты ғұмыр кешуі де құдай қосқан қосағына байланысты. Бабамыз Сайлыбай бидің бәйбішесі Құлпы әжеміз бүкіл ауыл-елдің анасы болған ақылды, әрі көрікті жан болыпты. Ерін отбасында да, ел ішінде жүргенде де атын атамай, «отағасы» дейді екен. Әжеміз, осы заманның тілімен айтқанда, Сайлыбай бабамды оққағарындай қорғаштап жүреді екен. Ол сол көк үйдің киесі болған, — деп, Төкең марқайып қалды.
Мамытбек атаның есіне көк үйдің кейінгі тағдырына байланысты тағы бір әңгіме түсіп, қозғалақтай беріп еді, Қымқап келін: «Аға, ас қайырсаңыз», – деді.
Уа, жаратқан Алла!
Бата бердім асыңа
Береке берсін басыңа!
Пейіліміз ақ болсын!
Ниетіміз жақ болсын!
Осы отырған үйіңе
Қыдыр дарып, бақ қонсын! – деп бет сипады. Келін разы кейіппен дастарханын жинай бастады.
Олар келесі қонақ бөлмеде құдалықтың жай-жапсарына көшті. Төкеңе құдалыққа баратын туыстардың тізімін көрсетіп, кімнің қаншалықты жақындығын айтып шықты. Қыздың қалың малын, апаратын кәде-сәдесін түгел санамалап берді. Әбдіқайым құдаға мінгізітен арғымақ атына бес жүз мың теңге, қыздың ата-анасына бағалы екі тон, бас-аяғы жиырмаға тарта киіт, тәттілі-ащылы дәм-сусындар бар. Төкең: «Жақсы дайындалыпсыздар» деп, Мәкеңнің сөзін қоштап отырып, келісім бергенін білдірді. Құдалыққа барғандардың жүздерін жарқын етуге осындай дүние де сеп болмақ. Кетерінде таңертең күйеубаласы Еділ көлігімен үйден алып кететінін айтып, құдалықты көшелі жанның бастап баратынына қуана шықты үйден Мамытбек ата.
Ертеңінде үлкен үйге жиналғандар тегіс атқа қонды. Бас құда мінген жеңіл көлік бастап, ескі құдағилар, ағайын-келін, қыз-күйеубалалар отырған көлікті ортаға салып, ұлы Мәуленнің көлігі шерудің соңын алып жолға шықты.
Бар қазаққа ортақ Райымбек батыр мен Мұқағали ақынды өмірге әкелген қасиетті топырақта бұларды Қақпақ ауылына он шақырымдай қалғанда жол бойында күтіп алды. Болашақ құдалар жағының жастары жылы шыраймен қол алысып, амандық-саулық сұрасып, шаршамай жеттіңіздер ме деп қонақжайлық танытып жатыр. Таудың жұпар ауасы кеуде сарайын шайдай ашып, бір-екі кеседен сары қымызды сіміріп алғаннан кейін, Жамбыл елінен келгендерді жаңа құданың шаңырағына бастап апарды. Аула сыртында бас құданың көлігін арқан кергендер аялдатты. Арқан тарту ырымын жақсы білетін Төкең қалтасынан тұтас жиырма мың теңгелік көк қағазды суырып алып, егделеу апайдың қолына ұстатып еді, қылдан есілген ала арқан жерге сылқ түсті.
Келген қадамдарына гүл бітуін тілеген қошаметшілер қонақтарын сән-салтанатпен қарсы алып, жаюлы дастархан басына оздырды. Төрден бас құдадан бастап ретімен жайлы орындықтарға жайғасты. Алдымен шөл басарға қымыз бен шұбат ұсынылып, шай үстінде екі жақтың адамдары бір-біріне таныстырылды. Үй иелері бұларды туған-туыс, дос-жаран, көрші-көлемімен жабыла күтіп, қасиетті қара домбырадан ән-жыр төгілді. Алдарына астау-астау ет тартылып, соңыра бас құда, бел құда, күйеу табақтар әкелінді. Аста-төк мол дастархан басында екі жастың бақытты болуына арналған жылы лебіздер «Құдалығымыз мың жылдық болсын» деген тілекпен аяқталып жатты. «Құда-құда дегізген, құйрық-бауыр жегізген» деп әндете жүріп, қонақтардың барлығына жағалай құйрық-бауыр асатылды. Ата жолымен құдаласқан құда-құдағилар бір-бірімен төс қағыстырып, құшақтасты. Енді бір сәтте әйелдер қауымы бөлек жиналып алып, қоржын сөгуге кірісті. Әкелген дүниелер атын атап, түсін түстеп тапсырылып, құдаға мінгізген арғымақтың құны үлкен құдағи Аятханның қолына ұстатылды. Тарту-таралғы, кәде-сыйлар түгел үлестіріліп, көңілі дархан, пейілі кең ұлтымыздың өзге де құдалық жоралғылары жасалды. Ертеңінде Есік қаласында қыз ұзату тойы болды.
Мамытбек ақсақал құда түсуге де, ұзату тойына да барған жоқ. Себебі жөні солай. Әулеттің үлкені жаңа түсетін немере келінін өз шаңырағында алаңдай тағатсыздана күтті. Үйде қалғандар уағдалы уақытта «келін келе жатыр» деген хабармен есік алдында жиналып тұрды. Дыбыс белгілерін жамырата қосқан көліктер Қарғалының Абай көшесін бойлай отырып, ашық тұрған қақпадан үлкен үйдің ауласына кіре тоқтады. Мамытбектің қыздары Күлзайра мен Раушан жас келінді көліктен қолтықтай жетелеп әкеліп, есік алдында тұрған одан: «Әке, сүйінші! Немере келініңіз міне! Бата беріңіз» деп, үшеуі қатар тұра қалды. «Алла жүрегіңе имандылық пен инабаттылықты қатар ұялатсын! Мәртебең биік болып, бақытты бол, қарағым!», деп бет сипады. Одан әрі ошақтағы отқа май салғызу, табалдырық аттату сияқты ырымдарын Мамытбек атаның бәйбішесі орындатып шықты. Үлкен ене жас келінді қазақтың ата дәстүрімен шаңыраққа аялап кіргізді.
Құтты орнына қонған келіннің екі әпкесі мен жезделері өз көліктерімен бірге келген еді. Дастархан басында үлкен әпкесі сөз алып, қызымызды енді сіздерге тапсырдық, өгейсітпей, жылатпай, аялап ұстарсыздар деген жанашырлық сөздерін қайта-қайта айтты. Бұлар да құлдық ұрып, «о не дегеніңіз, ол да енді біздің бір баламыз. Бәрі жақсы болады, алаңдамаңыздар. Бір тал ұлымыздың ығымен жүрсе болды. Алла Тағаладан екеуіне бақ-береке тілеп, жалбарынып отырамыз» деп, сый-құрметпен жолға салды.
Бану келін үріп ауызға салғандай сүп-сүйкімді, Аятхан әжесінің көзінің ағы мен қарасындай, отбасындағы үш немересінің үлкені екен. Тал шыбықтай бұралған аппақ аруды келін етіп түсіргенде, әсіресе Мамытбек атаның қуанышында шек болмады. Құдай үбірлі-шүбірлі етіп, бақытты өмір кешуін ұзағынан сүйіндіргей деп, күндіз-түні Бауыржан мен Банудың тілеуін тіледі. «Адам өміріндегі ең бір қызықты кез ұл-қызыңның, немерелеріңнің өз теңін табуы екен ғой» деп еді сонда қария. Ол текті елмен құда болғанына, құдалықтың барынша қазақы болмыспен, ұлттық нақыштың бар бояуымен өткеніне риза еді.
Келесі аптада Қарғалының төрінде екі жастың шаңырақ көтеру тойы дүркіреп өтті.
Серік САТЫБАЛДИЕВ.
Жамбыл ауданы.