Ұлыстың ұлы күні – әз Наурыз – ежелден бері қазақ халқы қалың қыстан аман-есен шығып, бар жаратылыс жаңарып, гүлденетін көктем мезгіліне жеткенінде тойлап келе жатқан ұлық мейрам. Бүгінгі күндері де қазақ елі үшін тамыры тереңге кеткен айтулы күннің орны ерекше.
Өткен жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша аталған мерекеге қатысты ауқымды өзгерістер енгізіліп, «Наурызнама» тұжырымдамасы бекітілді. Оның негізінде Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамы елімізде 14 наурыздан бастап 23 наурызға дейін тойланады. Әрбір күн белгілі бір тақырыптық негізге бекітілген. Ең бастысы, он күн бойы жалғасатын салтанат көне мерекенің бастапқы мәнін қайтарып, оның қыр-сырын толық ашып, халқымыздың әдет-ғұрпы мен салт-дәстүрін дәріптеуге арналған.
Өзгерістерге сәйкес, Қарасай жұртшылығы да мейрамды кең көлемде атап өтуде. Ұлыстың ұлы күнін аудан тұрғындары Көрісу күнімен қарсы алды. Оның аясында аудандық Мәдениет үйінің фойесінде қарасайлық мәдениет мекемелерінің, соның ішінде мұражайлардың, кітапханалардың, мәдени орталықтардың, шығармашылық ұжымдардың өкілдерінің басын қосқан ауқымды концерт ұйымдастырылды. Танымал әнші Қалбибі Абдуллаеваның шәкірттерімен орындауындағы «Наурыз» әнімен ашылған кеште «Үшқоңыр» фольклорлық-этнографиялық ансамблінің күйшілері мен вокалшылары, әжелер ансамблі, жас домбырашылар мен бишілер өнерлерін көрсетті. Мерекелік әуен мен әсерлі вокал әдемі үйлесім тауып, көрермендерге ерекше көңіл-күй сыйлаған кеште құрметті қонақтарға символикалық сыйлықтар таратылды. Осылайша қарасайлықтар Наурыз мейрамына аяқ басты.
Онкүндіктің екінші күні қайырымдылық іс-шаралары ұйымдастырылды. Мәселен, бұл күні Іргелі ауылдық округінде мүгедектігі бар жандарға, жалғызбасты зейнеткерлерге және аз қамтылған отбасыларға көмек көрсетілді. Шара барысында округі әкімдігінің бастамасымен және округ аймағындағы жеке кәсіпкерлердің қолдауымен 60 отбасыға азық-түлік себеттері таратылды.
Мұндай жұмыстар Жібек жолы ауылдық округінде де атқарылды. Округ әкімдігі жеке кәсіпкерлердің қолдауымен көмекке мұқтаж отбасыларға азық-түлік себеттерін таратты. Бұған қоса округ әкімі ауыл тазалығын сақтауға үлкен үлестерін қосып жүрген қоғамдық жұмысшылармен кездесіп, олардың қызметтеріне ризашылығын білдіріп, азық-түлік себеттерін берді.
Отбасылық құндылықтарды насихаттауға арналған «Шаңырақ» күніне орай Жібек жолы ауылдық округінің әкімі ауылдың үлкендеріне құрмет көрсетті. Отбасылық құндылықтарды сақтап, ел-жұртқа өнеге бола білген белгілі Қыдыралиевтер әулетіне арнайы барып, кәде-сый табыстады. Қыдыралиевтер отбасы – ұрпақ тәрбиесіне ерекше мән беріп, 30 немере мен 11 шөбере тәрбиелеп отырған өнегелі әулет. Бұл отбасының өмір жолы ауылдық округ тұрғындарына үлгі болып табылады.
Мұнан бөлек «Шаңырақ» күні аясында ауданда түрлі концерттік бағдарламалар да ұйымдастырылды.
Онкүндіктің төртінші күні өнер мен ұлттық салт-дәстүр насихаттауға арналған «Мәдениет және ұлттық салт-дәстүр күні» деп белгіленген еді. Осыған орай ауданның бірқатар жерлерінде түрлі концерттік бағдарламалар ұйымдастырылып, ұмытылып бара жатқан дәстүрлер дәріптелді. Мәселен, Жібек жолы ауылдық округінде орналасқан «Самғау» өнер-білім орталығында білім алушылар мен ата-аналарының қатысуымен «Ат тергеу» дәстүрі таныстырылды.
Ал Береке ауылдық Мәдениет үйі арнайы видео жасап, қарасайлықтарды күйеу жігіттің айттырылған қалыңдығымен танысу үшін қайын жұртына ең алғашқы бару сапары «Ұрын бару» салтымен жақынырақ таныстырды.
«Ұлттық киім күніне» орай аудан аумағында «Ұлттық киім – ұлттың бейнесі», «Ұлттық киім – ұрпаққа мұра», «Ұлттық киім – халық қазынасы», «Мен – қазақ, қазақпын деп мақтанамын» секілді тақырыптарда түрлі көрсетілімдері, шерулер, челлендждер, мерекелік кештер ұйымдастырылды. Шаралардың жоғары деңгейде өтуіне және де барынша насихатталуына ауданның құрметті аталары мен әжелері, мектеп ұжымдары мен оқушылар, белсенді жастар атсалысып, мәдениет ошақтарының өкілдері атсалысты.
«Өмірдің жаңаруын» бейнелейтін «Жаңару» күні аудан аумағында қоршаған ортаға мән берілді. Атаулы күнде ауданның аумағында «Жаңару жақсылық нышаны», «Жасыл мұра – келер ұрпаққа аманат» секілді тақырыптарда сенбіліктер өткізіліп, тазалық жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ жылда дәстүрлі түрде жердің жаңару кезеңін, дамуы мен гүлденуін бейнелейтін көктемгі ағаш егу жұмыстары да биыл жалғасын тапты. Барлық ауылдық округтер мен аудандық Мәдениет үйі, аудандық тарихи-өлкетану музейі сияқты мемлекеттік мекемелер аулаларында жас көшеттер отырғызып, ауданның жасыл қорын қалпына келтіру бойынша атқарылып жатқан шараларға өз үлестерін қосты.
Онкүндіктің «Ұлттық спорт күні», «Ынтымақ күні», «Жыл басы», «Тазару» сияқты тақырыптық күндерде көрмелер, әдеби-музыкалық кештер, ұлттық киім киген өнерпаздар ән айтып, би билейтін концерттік бағдарламалар, мәдени-спорттық іс-шаралар, спорттық сайыстар ұйымдастырылды.
Осылайша тіршілік атаулыға жылулық әкелетін молшылық мейрамы – әз Наурызды Қарасай жұрты қызықты шаралармен, көңілді саз-әуендермен және әдемі билермен қарсы алды.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.