Қазір карантин уақытында көптеген мекемелер өз қызметтерін онлайн түрде ұсынуға көшті. Соның ішінде дәріханалар да бар. Сіз үйіңізде немесе жұмыс орныңызда отырып-ақ қажетті дәрілеріңізге телефон арқылы хабарласып, тапсырыс беруіңізге болады. Осылайша берілген тапсырысты қабылдап алған дәріхана, көрсетілген мекен-жай бойынша дәрілерді апарып береді. Қарасай ауданы бойынша мұндай қызмет түрі Қаскелең қаласындағы «Әлия» жеке кәсіпкерлігі мен «Роза-фарм» дәріханалар желісінде бар.
Аудандық Мәдениет үйіне қарама-қарсы орналасқан «Әлия» ЖК дәріханасы таңғы 8-ден кешкі 8-ге дейін жұмыс істейді. Елімізде жарияланған төтенше жағдайға байланысты жеткізу қызметін іске қосқан. Барлық санитарлық талаптарды сақтай отырып, Қаскелең қаласы бойынша кез-келген мекен-жайға жеткізіп береді. Жеткізу қызметі 600 теңгені құрайды. «Әлия» жеке кәсіпкерлігінің басшысы Әлия Ырзымбетова бұл жаңа қызмет түрін енгізгенде, мұнша сұранысқа ие болады деп ойламаған. Айтуынша, тапсырыс берушілердің көпшілігі қарт адамдар. Індеттің таралуына байланысты, үйден мүлдем шықпауды жөн көрген қариялар дәріне үйлеріне дейін апарып береді деген жаңалықты қуанышпен қабылдапты. Қазір бұл дәріханаға күніне 10-ға жуық тапсырыс түседі.
Ал, «Роза-фарм» дәріханалар желісінде мұндай қызмет түрі осыған дейінде болған. Дәріхана мүмкіндігі шектеулі жандардың үйлеріне қажетті дәрілерін апарып беретін. Қазір карантин уақытында дәріге үйде отырып-ақ тапсырыс беруді барлық аудан тұрғындары үшін қолжетімді етіпті. Әрі тегін. Қарасай ауданына қарасты барлық ауылдық округтерге жеткізіп береді. Көліктері дәрі-дәрмек таситын болғандықтан, блок-бекеттерден де кездергісіз өтіп, уақытылы тапсырысты жеткізеді. Дәріханаға таңғы 10:00-ден кешкі 22:00-ге дейін хабарласуға болады. «Роза-Фарм» дәріханалар желісінің басшысы Роза Негметованың айтуынша, карантин уақытында дәрілердің бағасын мүлдем көтермеген. Керісінше, қысыл-таяң тұста барынша тұрақтылықты сақтап қалуға тырысуда.
Осындай қиын кезеңде, халықтың игілігіне қызмет етіп жүрген қос дәріхананың еңбектеріне жеміс тілейміз!
Бұрым ОРЫНБАСАР.