Украинаның Киев облысындағы Чернобыль шаһарында 1986 жылы 26 сәуірде атом электр станциясы жарылып, қасындағы, одан арыдағы миллиондаған адам зардап шекті. Радиацияның улы көзге көрінбейтін бөлшектері Ресейге, Белоруссияға, одан ары Еуропа жеріне жетіп, Швецияға дейін жел арқылы тарады. Сол бір алапат тозақ отындай болған оқиғаға 35 жыл толып отыр.
Сонда 500 мыңдай әскери сарбаз Отан алдындағы борыштарын өтеп, көмек көрсетті. Қазақстандықтардан 40 мыңнан аса жауынгер улы қоқыстарды тазартуға атсалысып, денсаулығын бұзды. Өмірлерін құрбан қылды. Тәндері уланды. 18-30 жас аралығындағы қылшылдаған жастар басын бәйгеге тікті. Солардың 75 пайызы осы уақытқа дейін дүниеден кетті… Осы аса қауіпті апаттағы реактордың жарылыс күші Жапонияның Хиросима мен Нагосаки қалаларына тасталған атом бомбасынан 100 есе күшті екен!..
Біздер, 1989 жылы екінші этаппен 5 студент отряды ретінде құрылып, жұмыс істеу үшін Белоруссияның Могилев облысы, Краснопол ауданына қарасты, Холма деревниясында Чернобыль апатының зардабы тиген елдімекенде құрылыс жұмысын атқардық. 5 отряд әр қалада болды. Негізінде улы сәуле жарығы қатты тиген жерлер Украинаның Киев, Житомир қалалары, Белоруссияның Гомель, Могилев облыстары, Рессейдің Брянск қаласы екен. Белоруссия жерінің басқа өңіріне де Чернобыль апатының зардабы тиіпті. 1995 жылғы БҰҰ-ның арнайы есебі бойынша 9 млн адам зардап шеккен. Жалпы радиоактивті отынның тозақ оты 160 мың шақырым аумаққа жайылып, 17 млн халыққа шарпуы тиген.
Иә, Белоруссия жеріне 5-6 құрылыс отряды көмекке бардық. Әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінен де бірнеше отряд жасақталған еді. Журналистика, философия, тарих, филология, шығыстану, заң факультеттерінен өз еркімізбен көмек беруге аттандық. Отряд командирі Баубек, отряд комиссары Зулпыһар болды, тарихшы Света, философия факультетінен Қарлығаш, шығыстанудан Шәміл, саясаттанудан Гүлмира, журналистерден Қаныбек, Біржан, Нұрлан, Берік, тағы басқа студенттер барды.
Ел қорғаған ерлер сияқты біз де Отан алдындағы бір парызымызды өтедік деп ойлаймын. Иә, сөйтіп, Чернобыль да зардап шеккен елге барып, қол ұшын бердік.
Чернобыль апаты да әлем қасіреті болып табылады. Сол бір кездер әлі біздің есімізде!..
Чернобыль апатының 35 жылдығына орай маған да облыстан арнайы медаль берілді.
Бақытбек Мәуленұлы АТА,
Чернобыль апаты зардабын жоюға қатысушы, Чернобыль ардагері, Кемертоған орта мектебінің мұғалімі.