Бүгінде Қарасай жерінде еліміздің экономикасының және әл-ауқатының жақсаруына септігін тигізіп жатқан нысандар бой көтеруде. Сондай мекемелердің бірі – республикалық «Алматы» Олимпиадалық даярлау орталығы». Аумағы 40 гектар жерді алып жатқан бұл спорттық кешен тек Қазақстанның ғана емес, сондай-ақ Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы (ТМД) елдерінің ішіндегі ең ірі даярлау орталығы болып саналады.
Айта кетейік, Іргелі ауылдық округінің аумағында орналасқан аталмыш кешеннің бой көтеруі 2005 жылы басталған еді. Алайда қаржылық және басқа да мәселелерге байланысты құрылыс жұмыстарында жиі үзіліс болды. Анығырақ айтқанда, жобалық бой көтерілуінің алғашқы кезеңі 2005 жылы басталып, 2016 жылы тоқтатылған. Ол кездері бюджеттен 28 млрд. теңгеден астам қаржы жұмсалған. Екінші кезең 2016-2019 жылдар аралығында жүргізіліп, қаражаттың жетіспеушілігінен тағы төрт жылға тоқтап қалған. Жалпы құрылысы басталғаннан бері аталған кешенге 105,7 млрд. теңге жұмсалды.Кейіннен бұл жұмыстар қайтадан қолға алынып, құрылысы белсенді түрде жүргізіліп, 2024 жылы қолданысқа берілді.
«Алматы» Олимпиадалық даярлау орталығы директорының орынбасары Ермахан Ибраимовтың айтуынша, аталған кешеннің салынуының негізгі мақсаты – халықаралық стандарттарға сай келетін спорт түрлерінің материалдық-техникалық базасын дамыту және нығайту, спорт түрлерінен ұлттық құрама командаларды дайындау.
Жалпы мұнда бүгінде оқу-жаттығу сабақтарын, емдеу-сауықтыру шараларын, халықаралық және республикалық жарыстар өткізуге арналған 9 жабық спорт ғимараты орналасқан. Бұдан бөлек, жеңіл және ауыр атлетика, волейбол, баскетбол, шағын футбол, шайбалы хоккей, коньки спорты, бокс, күрестің барлық түрі, жекпе-жек өнері, су спорты, спорттық оқ ату, садақ ату секілді спорттың түрлерінен жаттығу орталықтары бар. Кешен о бастан жаздық олимпиадалық ойындарынан даярлауға арналғандықтан, мұнда 16 жаздық спорт түрінен және төрт қыстық спорт түрінен, сондай-ақ волейбол секілді қосымша үш спорт түрінен жаттығуға болады.
Жабық жаттығу кешендерінен бөлек нысан аумағында жазғы ойын алаңдары, медициналық пункт, әкімшілік ғимарат бар. Сонымен қатар мұнда сыйымдылығы 6246 көрерменге дейін жететін стадион да орналастырылған. Бұған қоса қазіргі уақытта 300 адамға арналған медициналық пункттің құрылысы аяқталып, оны ашу үшін дайындық жұмыстары жүргізілуде. Нақтырақ айтқанда, орталық директорының орынбасары Ермахан Сағиұлының сөзіне сүйенсек, бүгінде шет елдің медицина қызметкерлерімен байланыс орнатылып, алдағы уақытта солардың тәжірибесіне сүйеніп, жұмыс барысын қою жоспарланып отыр.
Жоғарыда аталғандардан бөлек осында дайындалатын спортшыларға арналған төрт жұлдызды 420 адамдық қонақ үй бар. Онда қолайлы бір және екі бөлмелі демалыс нөмірлерінен бөлек спортшылардың кешкі уақыттарын қызықты өткізулері үшін кітапхана, боулинг, кинотеатр және тағы да басқа ойын-сауық орталығы қарастырылған.
Бір мезетте 2300 спортшы емін-еркін шыныға алатын спорт орталығында қазіргі таңда 519 спортшы жаттығуда, сондай-ақ 262 қызметкер жұмыс істеуде. Олардың көбі – Қарасай ауданының жұрты. Директор орынбасары Ермахан Ибраимов алдағы уақытта жұмысшылар санын 500-ге дейін ұлғайту жоспарда бар екенін айтты.
Спорт кешені ашылғаннан бері мұнда Қазақстанның барлық аймақтарынан спортшылар, ұлттық құрама командалары келіп жаттығуда. Ал келешекте жоспарға сай Біріккен Араб Әмірліктерінің жүзушілер құрама командасы, Өзбекстанның шағын футбол (футзал) құрама командасы, сондай-ақ Индия, Қытай және Өзбекстан елдерінің құрама командаларының біріккен оқу-жаттығулары өтетін болады.
Тағы бір айта кетерлігі, аталмыш орталық ашылар кезде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев арнайы келіп, ТМД-дағы ең ірі спорт кешендерінің бірі саналатын инфрақұрылымды аралап көрген еді. Президент халықаралық стандарттарға сай нысан бойынша атқарылып үлгерген жұмыстар жайында туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаевтың толыққанды баяндамасын тыңдап, аталған базаның орталық алаңындағы олимпиада алауының жанында спортшылармен әңгімелесті. Оның барысында Қасым-Жомарт Кемелұлы қазір негізгі күш-жігерді Олимпиада мен Азия ойындарына, сондай-ақ өзге де еуропалық, әлемдік деңгейдегі турнирлерге дайындалу үшін жұмсау керектігін және де оған Қазақстан спорт державасы болуға тиіс екенін айтып өтті. Сондықтан елімізде аталған қалашық секілді маңызды спорт нысандарын салынып жатқандығын жеткізді. Жалпы Мемлекет басшысы орталық бойынша жасалып жатқан жұмыстардың нәтижесіне риза болды.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.