Бүгін газетімізде халқымыздың дәстүрлі сусынына айналған шайдың құпияларына қанығып, тәуелсіздік кезеңінен бері шай өндірісін қолға алып, ауданымыздағы Алмалыбақ ауылында орналасқан «Той», «Алтын кесе», «Ахом», «Табо», «Бодрость», «Сафари», «Раджа», «Самовар», «Сарацин», «Принцесса востока», «OMAR» атауымен шайды шығаратын отандық бренд «Чайный центр» компаниясына тоқталамыз.
1990 жылдары, яғни, Кеңес өкіметінің тоқырау кезеңінде еліміздегі көптеген өндіріс орындары мен мекемелер жабылып аласапыран күйге кешті. Қилы кезеңде адамдардың біразы алып сатарлықпен айналысып, өз алдына жекелей жұмыс істей бастады. Сол уақытта «Чайный центр» компаниясының негізін қалаушы Медеу Серікбаев та кәсіп бастап, халықты өтімді әрі пайдалы өніммен айналысуды ойға алады. Зерттей келе қазақтың жанына жақын көңілді жай қылар – шай орайтын шағын цех ашады. Осылайша, олар 1998 жылдан бастап ресми түрде жұмыс істей бастайды. Ал, көп уақыт мемлекеттік қызметте басшылықта болған қызметте мол тәжірибесі бар әкесі Төлеуғазы Серікбаевтан кәсіпорын тізгінін ұстауын өтінеді. Медеу Төлеуғазыұлы өзі болса, компания ішіндегі ұйымдастырушылық жұмыстарымен айналысып, отбасылық бизнеске айналдырады. Иә, расымен осы саласын таңдаған кәсіпкерлер дөп түскендей. Себебі, шағын шай орау цехы бүгінде жылына 2500 тонна өнім шығаратын 1 гектар аймақты алып жатқан ірі кәсіпорынға айналды.
Экономикалық дағдарысқа, девальвацияға қарамастан 22 жыл бойы үздіксіз жұмыс істеп келе жатқан «Чайный центр» компаниясы еліміздің әр аймағына таралатын шай өнімдерінің бірегейін өндіреді десек артық айтқанымыз емес. Қазақстанның 7% шаймен қамтамыз етіп отырған кәсіпорынның өнімдері Қырғызстан мен Ресейдің 32 өңірінде сатылады.
Табиғи өнім тұтынушылардың көңілінен шығып, зор сұранысқа ие болғаны мәлім. «Чайный центр» жеке кәсіпкерлігінің директоры Асқар Хощановтың айтуынша, құрылғанына ширек ғасырға жуықтаған аталған бренд шайларының өзіндік артықшылықтары тағы бар. Мәселен, бұл ешқандай жасанды қоспасыз, бояғыш заттарсыз табиғи шайлар. Әлемнің әр аймағынан келетін шай сұрыптарының молдығына да назар аудармау мүмкін емес. Қара шай, көк шай, ақ шай және өзге де шайтектес өнімдер. Олардың серіктестері – шай өндірісінде беделді, өнімдерінің сапасына жауап беретін, экологиялық жағынан таза шай шикізаттарын тасымалдайтын халықаралық деңгейдегі компаниялар. Үздік шай сұрыптарының шикізатын сегіз мемлекеттерден алдырады. Олардың ішіндегі Кения, Үнді, Қытай, Шри-ланка және Вьетнам елдері негізгі әрі тұрақты серіктестері.
Компанияның өнім қоржынында брендке айналып үлгерген өнімдер бар. Олар – эконом-кластан басталып, премиум-сегментке дейінгі деңгейдегі шай өнімдері. Шайлар Үндістан мен Кенияда өндіріледі. Сапасы мен дәмін көптеген бақылаулардан өткізгеннен кейін сатылымға шығарылады. Ал, сыртқы қаптамасын жасауға және оның дизайнына, шайлардың атауына үлкен мән беріледі. Соның нәтижесінде үнемдеумен қатар әр өнімге ерекше көңіл бөлініп, қайталанбас туындылар жасалады.
Осы ретте, «Чайный центр» компаниясының қалыптасу кезеңіне көз жүгіртсек. 1998 жылы шағын цехта негізгі жұмыстарды қолмен атқаратын 9 адамдық штатпен бастап, жылына 60 тонна шай шығаратын еді. 2001 жылы фабрика ашылып, кәсіпорынның біраз жұмысы автоматтандырылып, сатылым 20 есеге артты. 2002 жылы «Сергек» сауда белгісінің «Үнді жолдарының шаңы» және «Банан жапырақты шайы» сынды түрлерін сатылымға шығара бастайды. Жаңа елде жоқ өнім болған соң оны тезірек нарыққа кіргізуді ойлайды. Жеткізушілердің «Бұл шайды, тіпті, Англия патшайымының өзі ішеді» деген жалаң сөздер мен жарнамасы оларды тіпті қызықтырыпты. Мүмкін сол кездегі тәжірибенің жоқтығынан болар. Олар әр халықта шай әзірлеуде өзіндік дәстүр қалыптасқандығын кейін зерттеу келе ұғынады. Мысалы, қытай, жапондар шайға қант қоспай ішеді. Ресей және көптеген Еуропа елдерінде қанты бар шайды ұнатса, қырғыз, моңғол, тибеттіктер шайдың дәмін тұзбен келтіреді. Ағылшындар сүт үстіне шай құяды, ал керісінше істеу надандық саналады. Олардың пайымдауынша, бұлай жасау шайдың дәмін жоғалтып, хош иісінен айырады. Голланд, шотланд, қалмақтар керісінше шай қайнаған соң сүт қатады. Міне, содан кейін 2005 жылы Медеу Төлеуғазыұлы өзі шетелдік нарықты зерттеуге аттанады. Сол сапарында ол титтер мамандығы және оның негіздері туралы білді. Кәсіпкер шай бизнесін ондағы жинаған тәжірибесін зерттей келе өзіндік дағдыны қалыптастырған. 2011 жылы пакеттегі шайды жинақтайтын екі құрылғының іске қосылуы кәсіпорындағы шығатын өнімнің одан әрі еселенуіне үлес қосады. 2012 жылы аталған компанияның шайлары Қазақстанның барлық аймақтарына таныстырылып, Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан сынды ТМД елдерінде де сатылымға шығады. Ал, жылдық өнімдері 1800 тоннаға дейін жетіпті. 2016 жылы брендтердің атаулары толығымен ребрендинг болып, «Алтын Кесе», «Табо», «Той», «Самовар» тағы да басқалары іске қосылып, жылдық сатылымы 2400 тоннаға дейін жетеді. Мінекей, жыл өткен сайын дамып қарыштап келе жатқан «Чайный центр» компаниясында бүгінде екі ауысымда 100-ге жуық адам жұмыс істейді. Ал, кәсіпорынның тізгінін басқаруды Медеу Серікбаев өзінен кейін қазіргі уақытта ұлы Бектұр Төлеуғазыновке тапсырған. Отбасылық бизнес болған соң Бектұр Медеуұлы бұл саланың қыр-сырына кішкентай кезінен қанық десек артық айтқанымыз емес. «Есеп және аудит» саласы бойынша мамандықты бітіріп, мансаптық жолын аталған мекемеде ең кіші баспалдақтардан бастаған. Осы ретте компания құрылғаннан бері жұмыс істеп келе жатқан цех өндірісінде іс-жүргізуші Нұрахмет Алмабаев, өндіріс цехының меңгерушісі Гүлнар Байбосынова сынды қызметкерлерді ерекше атап кетуге болады. Иә, мүмкін басшылығынан бастап әрбір жұмыскеріне дейін шынайылықпен нағыз сапаға жұмыс істегендіктен бүгінде осындай жетістікке жетіп отырғандары шығар.
Қазақстан шайды көп қолданатын елдердің бестігіне кіретінін білеміз. Халқымыз үшін шай дәстүрлі сусынға айналған. Сондықтан елімізде шай өнімдері қымбаттаса да өзіндік құнын еш жоғалтпайды. Компанияның басты стратегиясы – қандай жағдай болмасын сапаны жоғарылатып, бағаны барынша төмендету. Қолжетімді әрі сапалы өнімге әрдайым сұраныс болатыны айтпаса да түсінікті.
«Чайный центр» компаниясының аясы жыл өткен сайын кеңейіп келеді. Алдағы жылдары бұдан да зор белестерді бағындырып, жетістіктерге жетуді көздеп отырған компанияның жоспарлары көп. Соның бірі – халықаралық нарыққа жол тарту. Сонымен қатар, өнімдердің санын арттырып, жаңа шай ойлап табу да компанияның он жылдық жоспарында бар. Шай өнімдерін Қазақстанның әр аймағына ғана емес, әлемнің түкпір-түкпіріне тасымалдауды мақсат еткен «Чайный центр» -дің бүгінгі көрсеткіштері көз қуантады. Өйткені, «Made in Kazakhstan» бренді отандық өнімдердің эталонына айналуы тиіс. Ал, «Алыстан арқалағанша, жақыннан дорбала» дегендей, Қазақстанда отандық өнім өндірушілер саны көбейіп, өз қолымыз өз аузымызға жетіп, ел экономикасының есесі артса, нұр үстіне нұр болар еді.
Бұрым ОРЫНБАСАР.