1979-1989 жылдар аралығында Ауғанстандағы соғысқа Кеңес әскерлері де қатысты. Он жылға жуық созылған соғыстың зардабы бүгінде тарих беттерінде сайрап жатыр. Әскерге алынған жас жауынгерлердің бірқатары жау қолынан қаза тапты, көбі із-түзсіз жоғалып кетті. Тарих қойнауының парақтарында қара таңба болып қала берген осы бір сұрапыл соғыстың аяқталып, Кеңес әскерінің Ауғанстан жерінен шығарылғанына биыл, міне, 32 жыл болды. Ауданымызда осыған орай жылдағы дәстүрге сай ақпан айының 15-і күні жат жерде жан тапсырған интернационалист-жауынгерлерді еске алу шарасы өтті.
Шараға жиналғандар әуелі тағзым алаңында бас қосып, ұрыс даласында қаза тапқан боздақтарды бір минут үнсіздікпен еске алды. Мұнан кейін интернационалист-жауынгерлерге арналған ескерткішке қала әкімі Асқар Мұқашев бастаған байырғы жауынгерлер ұрыста қаза тапқан қаруластарының рухына тағзым етіп, гүл шоқтарын қойды. Тиісті рәсім аяқталғаннан соң қала әкімі сөз сөйлеп, өз лебізін білдірді, елімізге тыныштық пен бейбітшілік, береке мен бірлік тіледі.
– Бүгін біз Ауған соғысында қаза болған жауынгерлеріміз бен ардагерлеріміздің ерлігін еске алуға жиналып тұрмыз. Сол бір қатыгез соғыстың аяқталғанына биыл 32 жыл толып отыр. Бұл – біздің тарихымыздағы елеулі оқиғалардың бірі. Қаншама жауынгер бүгінде ортамызда жоқ… Алайда, олардың жасаған ерлігі ешқашан ұмытылмайды. Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің ізін басып, жастарға патриоттық тәрбие беру ісінде өнегелі бастамалар көтеріп жүрген Ауған соғысы ардагерлерінің жұмысына шынайы ризашылығымды білдіремін. Алдағы уақытта да ауданымыздың ардагерлері жастарға патриоттық тәрбие беру ісіндегі мақсатты жұмыстарға белсенді қолдау көрсетеді деп сенемін, – деді қала әкімі.
Сондай-ақ, шара барысында аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлімнің бастығы, подполковник Бекмырза Жүсіп пен бірқатар ардагерлер де сөз сөйлеп, тарих беттеріне жазылған майданға қатысқандардың ерлігі ешқашан ұмытылмайтындығы және де кейінгі ұрпаққа үлкен үлгі болып қалатындығы жайлы айтып өтті. Кейінгі ұрпақты елдің, жердің байлығын өзіміз игеру жолында аянбай тер төгуге, оянбай жата беруге болмайтынын байсалды үнімен отансүйгіштікке үндеп, қазақ жастарын үздіксіз оқып, білім алуға, білікті маман болуға шақырды.
Мұнан кейін Асқар Өкенұлы бірқатар ардагерлерге, еліміздің ынтымақ, бірлігін сақтауда, жастарға патриоттық тәлім тәрбие беруде қосқан үлестері үшін, аудан әкімі Жандарбек Далабаевтың атынан Алғыс хаттар табыстады.
Жиын соңы аудан өнерпаздары әзірлеген концертпен жалғасын тапты.
Айта кетейік, он жылға созылған соғысқа елімізден 22 мың сарбаз аттанса, оның 373-і жас қарасайлықтар еді. Олардың 14-і соғыс даласында шейіт болды. Бүгінде ауданымызда 253 интернационалист-жауынгерлер бар. Аталмыш соғыста ерлік пен қайсарлық көрсеткен жерлестеріміздің 68-і әртүрлі жауынгерлік әскери наградаларын алған. Нақтырақ айтқанда, төртеуі «Қызыл жұлдыз» орденімен, 32-сі «Ерлігі үшін» медалімен, 29-ы «Жауынгерлік қызметі үшін», үшеуі «Үздік әскери қызметі үшін» медальдарымен марапатталған.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.