Ауданымызда осы жылдың алғашқы спорттық шарасы ретінде өткен аптада жас палуандардың жарысы болды. Мемлекет және қоғам қайраткері Д.А.Қонаев атындағы ашық турнир Қаскелең қаласындағы көп сайыстардың мекеніне айналған №1 Балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде өткізілді. Келген командалар ішінен Жамбыл, Алматы, Қызылорда облыстарының, Түркістан, Шымкент, Жезқазған, Алматы, Талдықорған қалаларының, көршілес Қырғыз елінің және ауданымыздың саңлақтары бой көрсетті.
Дінмұхамед Ахметұлының туған күніне орай ұйымдастырылған бұл айтулы додада жас ерекшелікке байланысты 2005-2007 жылы туған ұл-қыздар қатысып, боз кілемде бақтарын сынады. Бұл айтулы додаға биыл үшінші рет қолдау білдіріп, дәстүрлі түрде өткізіп келе жатқан Алматы қаласының «Буревестник» спорт клубы.
Еркін күресті серік еткен жастар жарысының салтанатты ашылуына аудан әкімі Жандарбек Далабаев арнайы қатысып, жас палуандарға сайыс алдында сәттілік тіледі. Өз сөзінде аудан басшысы ашық турнирдің атына арқау болған, ұлт жанашыры атанған Дінмұхамед Қонаев жайлы азды-кем ой қозғап, қазақ елі үшін дара тұлға болып қалатынын жеткізді. Сонымен бірге, ашық турнирге ел мақтанышы, үлгі тұтар қонақтар да шақырылды. Олардың ішінде Мәскеу олимпиадасының чемпионы Жақсылық Үшкемпіров, Сидней олимпиадасының чемпионы Ермахан Ыбрайымов және Пекин олимпиадасының күміс жүлдегері, әрі бүгінгі таңда Алматы облыстық денешынықтыру және спорт басқармасының басшысы Нұрбақыт Теңізбаев болды.
Жалпы, 400-ден астам жиналған жасөспірімдердің белдесуі екі күнге жалғасты. Әр өңірден жиналған ұл-қыздардың боз кілемдегі өнерлерін сарапқа салу төрешілер үшін оңайға түспеді. Қорытынды нәтижеге көз тастайтын болсақ, біздің ауданның спортшылары дараланды десек те болады. Себебі, жарыстың ережесіне сәйкес 12 салмақ дәрежесі бойынша палуандар сынға түскен еді, ал, соның алты салмақ дәрежесінен қарасайлық жастар жүлделі I орынға ие болды. Жеңімпаздарға сайыс барысында Д.А.Қонаев атындағы ашық турнирдің арнайы кубоктары мен Алғыс хаттары табыс етілді.
Осылайша, дәстүрлі түрде 2017 жылдан бері ұйымдастырылып келе жатқан ұлы тұлға, елдің ардақтысы атанған Д.А.Қонаев атындағы республикалық еркін күрес турнирі жоғары деңгейде өтіп, командалар өз өңірінің намысын абыройлы түрде қорғай білді. Шеберліктері шыңдалған дарабоздар арасынан болашақта байрақты бәсекеде ел үмітін ақтар чемпиондар шығатынына сеніміміз мол.
Дидар МУХАМАДИЕВ.