Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында жасанды интеллект тақырыбын ерекше атап өтіп, оны елдің стратегиялық дамуының негізгі бағыттарының бірі ретінде айқындады.
Заман талабына сай технологиялардың қарқынды дамуы білімді жастардың ғылымға бет бұрып, жаңашылдық пен жасампаздыққа ұмтылатын ортаны қалыптастырудың негізгі алғышарты екендігі рас.
Мемлекет басшысы атап өткендей, қашықтан оқыту тәсілдері мен жасанды интеллект технологиялары негізінде «Qazaq Digital Mektebi» атты шағын жинақты мектеп үлгісін әзірлеу ауыл және шалғайдағы мектептер үшін білім берудің сапасын арттыруға бағытталған маңызды бастама деп білемін. Бұл жоба тек технологиялық серпіліс емес, сонымен қатар әлеуметтік әділеттілік пен білімге тең қолжетімділікті қамтамасыз етудің нақты құралы болмақ.
Мұндай бастамалар – болашақ ұрпақтың сапалы білім алып, саналы әрі бәсекеге қабілетті тұлға болып қалыптасуына берік негізі. «Qazaq Digital Mektebi» жобасы ауылдағы балаларға да ірі қалалардағыдай мүмкіндіктер беру арқылы білім беру саласында дамуға жол ашады. Бұл өз кезегінде оқушылардың әлеуетін толық ашуға жағдай жасап, оқу процесін жекешелендіруге сеп болатыны анық.
Бүгінгі жас – ертеңгі инженер, IT саласында өнер тапқыш, ғалым. Президенттің бастамасы — болашақты бүгіннен бастап құруға шақырған үндеу. Сондықтан әрбір оқу орны, әрбір мұғалім мен ата-ана осы жаңа мүмкіндіктерге ашық болып, жастарға сенім мен қолдау көрсетуі қажет.
Жасанды интеллект дәуірінде адам капиталы – басты байлығымыз. Ал сол капиталдың негізі сапалы, саналы білімде.
Жандос ТАКИМОВ,
кәсіпкер, Қарасай ауданының мәслихат депутаты.
![[:ru]Газета "Naqty" ("Заман жаршысы")[:kk]"Naqty" газеті ("Заман жаршысы" газеті)[:]](https://naqtygazeti.kz/wp-content/uploads/2017/01/logo2.png)
