Елімізде орын алған соңғы жағдайларға байланысты бүгінде әскерге шақырылатын жастар арасында қазақстандық патриотизм мен ұрпақтар сабақтастығы принциптерінің негізінде жеке құрамның моральдық-психологиялық рухын қалыптастыру – Қарулы Күштердің басты тапсырмаларының бірі. Әсіресе, жуырда басталған күздік шақыру науқанында әскерге кетіп бара жатқан болашақ әскерилердің патриоттық сезімін ояту өте маңызды. Осы ретте өткен аптаның жұмасы күні аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлімінде әскеріміздің айбынын асқақтататын, мемлекетімізге қорған болып жүрген жау жүрек, қайсар мінезді сарбаздар қатарын толықтыратын жастарды, әскерилер қатарына шығарып салу салтанаты өтті.
Шараға құрметті қонақтар ретінде шақырылған аудандық Ауған соғысының ардагерлері ұйымының төрағасы Серік Біртайұлы, Ауған соғысы ардагерлері, Малик Қалиев, Сабрадин Буқабаев сарбаз сапында тұруға бет алған жастарға мерзімді әскери қызмет атқару – әрбір жастың азаматтық борышы екенін айтып, болашақ жауынгерлерге қызметтерінде табыс тілеп, ақ баталарын берді. Сондай-ақ жас сарбаздардың ата-аналарына жақсы тілектерін білдіріп, аталған шараның ұйымдастырушыларына алғыстарын жеткізді. Ал, ауданымыздың «Жас ұлан» әскери-патриоттық клубының жетекшісі мен білімгерлері мылтықтан ату, әртүрлі қорғаныс әдістерін көрсетті.
Мерекелік басқосу соңы «Үшқоңыр фольклорлы этнографиялық ансамблі» мен аудандық Мәдениет үйінің өнерпаздары дайындаған концерттік бағдарламамен аяқталды.
Айта кету керек, биылғы көктемгі шақырылым кезінде ауданымыздан 241 азамат жас буын әскерге аттанса, қазіргі уақытта өтіп жатқан күзгі мерзімді әскерге шақыру кезінде 65 қарасайлық азамат әскер қатарына алынған. Әскерге баратын жастардың дені Қарулы Күштер, шекара қызметі, мемлекеттік күзет қызметі, Ұлттық ұлан сынды әскери құрылымдарда борыштарын өтейтін болады.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.