Конституцияның жаңа жобасында білім беру жүйесінің зайырлы сипатының нақты айқындалуын қолдаймын. Бұл норма — көпұлтты, көпконфессиялы Қазақстан қоғамы үшін аса маңызды. Зайырлы білім беру әрбір баланың дүниетанымына, діни сеніміне қарамастан, тең әрі сапалы білім алуына кепілдік береді.
Міндетті білім беру аясын бастауыш деңгейден бастап белгілеу — болашақ ұрпақтың тағдырына жауапкершілікпен қараудың айқын көрінісі. Баланың оқу, ойлау және әлеуметтік дағдылары дәл осы кезеңде қалыптасады. Сондықтан мемлекеттің бұл жауапкершілікті өз мойнына алуы — орынды әрі уақыт талабына сай шешім.
Білім беру жүйесінің зайырлы деп нақты көрсетілуі — мектептердің идеологиялық немесе діни ықпалға ұшырауына жол бермейді. Бұл өз кезегінде жастардың сыни ойлау қабілетін дамытып, ғылым мен инновацияға негізделген білім алуына жағдай жасайды. Сонымен қатар қоғамда радикалды көзқарастардың алдын алуға да ықпал етеді.
Қорыта айтқанда, аталған өзгерістер білім беру саласының тұрақтылығын қамтамасыз етіп қана қоймай, елдің зияткерлік әлеуетін арттыруға бағытталған маңызды қадам деп санаймын. Бұл — саналы, жауапты әрі бәсекеге қабілетті азамат қалыптастырудың берік негізі.
Сағындық Жылқыбаев,
Қарасай ауданы жергілікті АӨК және мемлекеттік мекемелер қызметкерлерінің кәсіподақ комитетінің төрағасы.
![[:ru]Газета "Naqty" ("Заман жаршысы")[:kk]"Naqty" газеті ("Заман жаршысы" газеті)[:]](https://naqtygazeti.kz/wp-content/uploads/2017/01/logo2.png)
