«Шынықсаң шымыр боласың» демекші, спортты жанына серік етіп жүрген балалар біздің аймақта да жеткілікті. Ауданның жас жеткіншектеріне спорттың барлық түрінен жаттығуға қажетті жағдай жасалған. Олар денелерін шынықтарып қана қоймай, үлкен бәсекелерде аудан абыройын қорғап жүр. Таяуда Шелек ауылында өткен облыстық бәсекеде 12 қарасайлық жасөспірім бокстан өз бақтарын сынап қайтты. Жас былғары қолғап шеберлерінің арасында жүлделі оралғандар да бар. Атап айтқанда, үшінші орынды Ерсұлтан Жандулла, Диас Алтыбай, Шыңғыс Сапарбаев иеленсе, Әділжан Алашұлы мен Әділбек Еркін екінші орынға лайық деп танылды. Ал, Алдияр Мэлс пен Әсет Адилов бірінші орын алып, жеңімпаздар қатарынан көрінді. Айта кетейік, біздің ауданнан барған қарасайлық команда да бірінші атанды. Осылайша, бірінші және екінші орыннан көрінген жүлдегерлер Қазақстанның шығыс аймақтық чемпиондық біріншілігіне жолдама алды.
Жас спортшылар Қаскелең қаласындағы Балалар мен жасөспірімдер спорт мектептерінде жаттығады. Олардың бұл жетістікке жетуіне аталған мектептің бапкерлері Бақытбек Сейітбеков пен Дархан Беркіновтың қосқан үлестері зор. Балалардың еңбектері елеусіз қалып жатқан жоқ. Өткен аптаның сенбі күні жеңімпаз атанған спортшыларды аудандық спорт және денешынықтыру бөлімінің басшысы Серік Камзанов қабылдады. Олардың кездесуіндегі негізгі мақсаты спортшылар арасындағы достық қарым-қатынасты нығайту, қолдау білдіру, көтермелеу. Жас жеткіншектерді елеп, ерекше көңіл бөлу оларды жігерлендіретіні сөзсіз. Жүздесу барысында аудандағы спорт саласының жанашыры Серік Сайлауханұлы балалармен емен-жарқын пікір алмасып, алдағы дүбірлі додада сәттілік тіледі. Басқосу соңында жүлдегерлердің жарыста алған дипломдары мен медальдары қайта табыс етілді. Ал, өз кезегінде ерекше ілтипатқа риза болған балалар, ауданымыздың даңқын республикалық спорт ареналарында асқақтатуға бар күшімізді саламыз деген уәделерін беріп жатты. Біз де олардың жеңісті жолда бағындарар белестері көп болып, межелі мақсаттарына жете беруіне тілекшіміз!
Бұрым ОРЫНБАСАР.