Республика күні қарсаңында әрі «Балалар жылына» орай осы аптада «Атамекен» тарихи-мәдени орталығында «Сөйле, сурет!» тақырыбында сурет көрмесінің ашылу салтанаты өтті. Көрмеге 1 Май орта мектебінің 8 сынып оқушысы Рахатқан Бөпенайдың шығармалары қойылған.
Орталықтың фойесіне жайғасқан көрмедегі шығармалардың бірсыпырасы «Алтын күз», «Таңғы шәй», «Қазақ қызы», «Тау көрінісі», «Теңіз жағасында» тақырыптарындағы акварель, гуашь, пастель пайдаланылып жасалынған. Сонымен қатар келген қонақтар «Күннің қызыл шапағы», «Арыстан» сынды графика жанрындағы картиналарды да тамашалай алады.
1 Май орта мектебінің педагог-ұйымдастырушысы Ержан Спатаевтың мұрындық болуымен өткізілген шарада жас суретшінің анасы Гүлнар Айтқұрмаш, жетекшісі, көркем еңбек пәнінің мұғалімі Маржан Баимбетова сөз сөйлеп, Бөпенайға шығармашылық табыс тіледі.
Өз кезегінде жас суретші Рахатқан Бөпенай келген қонақтарға көрмемен таныстырып, көркем шығармалардың мән-мағынасын түсіндіріп өтті. Қазақтың киелі домбырасын жанына тастамай алып жүретін суретші қыз көрермендеріне қазақтың бірнеше әнін күмілжітіп орындап берді.
Айгерим МАМЕТЕКОВА,
«Атамекен» тарихи-мәдени орталығының экскурсовод қызметкері.