Біздің егемен еліміз – Қазақстан әртүрлі конфессиялар мен дін өкілдері бейбіт қатар өмір сүретін демократиялық мемлекет. Осы орайда Қазақстан Республикасының Президенті, Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бастамасымен Астанада әлемдік діндер көшбасшыларының съезі тұрақты өткізіліп келеді. Бұл маңызды мәселе жөнінде біз өзге жұрттарға әрдайым өнеге көрсетіп жүрміз. Жалпы, еліміздегі діни тұрақтылықтың, бейбітшіліктің, ынтымақтың артында үлкен жұмыстар тұрғанын баса айтуға болады.
Дегемен, дін атын жамылып, ел ішінде іріткі салып жүргендер де бар. Сондықтан да бұл ретте барынша сақтықпен алдын алу жұмыстарын жүргізуіміз керек.
Ауданымыздағы барлық діни бірлестіктердің саны 58, оның ішінде 38-і мұсылмандық бағытында, 12-сі протестанттық бағытында, 7-уі православтық бағытында. Сондай-ақ, 1 кришна санасы қоғамы бар.
Діни бірлестіктер және олардың филиалдары пайдаланатын ғибадат үйлері жұмыс істейді. Сонымен қатар, ауданда 3 намазхана ашылған. Олар «7 құрдас», «Алтын орда» базарларында және «Молл апорт» сауда кешенінде.
Жалпы, аудан бойынша 38 мешіттің барлығы да Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы тарапынан, имамдармен қамтылған. Ислам діни бірлестіктерінің филиалдары бойынша 38 бас имам, 29 наиб имам, 7 ұстаз, 4 азаншы өз жұмыстарын атқаруда. 67 діни қызметкердің 31-і жоғары білімді, 18-і орта білімді, 10-ы курс аяқтаған, 9-ы медресе түлегі. Жамағаттың ішінен бір мешітке орта есеппен келушілер саны күніне 70 адам болса, жұма намазына 385 адам қатысады.
Алматы облысының «Қазақстан Республикасында діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл жөніндегі 2018-2022 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламаны іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарына» сәйкес ауданымызда да біршама жұмыстар атқарылды.
Аудан тұрғындарының дін саласындағы білімдерін арттырып, қоғамға қауіп төндіруші теріс пиғылды діни идеяларға төзбеушілікті қалыптастыру мақсатында аудандық және әр округте ақпараттық-түсіндіру тобы құрылған. Аудандық ақпараттық-түсіндіру тобының құрамына арнайы аттестациядан өткен мекеме басшылары, танымал тұлғалар, ақсақалдар, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының өкілдері мен православ шіркеуінің өкілі және теолог мамандар енгізілген.
Қоғамда радикалдық идеологияға қарсы иммунитетті және радикалды көріністерге мүлдем төзбеушілікті қалыптастыруға бағытталған діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу мақсатында ауданда ақпараттық-түсіндіру топтардың қатысуымен 25 іс-шара, сонымен қатар, «Рухани керуен» жобасы аясында 12 шара ұйымдастырылды.
Кейбіреуін атап айтсақ: «7 Құрдас» базарында орналасқан намазханада «Алтын орда» мен «7 Құрдас» базарының аймағында жұмыс істейтін діндар азаматтармен жалған діни ұйымдардың қауіптілігі туралы кездесу, 70-ші мамандандырылған күзет бөлімінің қызметкерлерімен «Экстремистік және террористік ұйымдардың идеологиялық негіздерін және әрекеттер тактикасын түсіндіру және алдын алу» бойынша оқыту сабақтары, Жаңашамалған бекетінде орналасқан №11567 әскери бөлімінің әскери қызметкерлерімен «Діни терроризм мен экстремизм қауіпі» атты тақырыпта кездесулер өткізілді.
Аудан бойынша қала, ауыл округ әкімдіктерінде де терроризмге және діни экстремизмге, радикалды ағымдардың іс-әрекеттерінің алдын алуға және оның таралуына жол бермеу мақсатында тиісті жұмыстар атқарылуда. Мәселен, ауылдық округтерде «Діни экстремизмнің алдын алу жолдары», «Діни экстремизм – ұлт дерті» және тағы басқа тақырыптарда дөңгелек үстелдер мен кездесулер ұйымдастырылып, оған ауыл жастары, ақсақалдар, имамдар мен жергілікті полиция инспекторлары қамтылуда.
Қала, ауылдық округ мектептерінде «Діни толеранттылық – діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу» тақырыптарында оқушылар арасында ақпараттық-түсіндірме жұмыстары ұйымдастырылып, оқушылардың дұрыс рухани-танымдық дүниетанымдарын қалыптастыру, теріс пиғылды діни идеяларға қарсы сауаттылықтарын арттыру бағытында үздіксіз жұмыстар атқарылуда.
Діни алауыздықты немесе араздықты тудыруға, терроризм мен экстремизм идеяларын насихаттау нысандарын, әдістері мен тәсілдерін әшкерелеуге бағытталған терроризм мен экстремизм идеяларының қауіптілігін түсіндіру мақсатында аудандық «Заман жаршысы» газетінде 30 мақала жарияланды.
Сонымен қатар, Facebook. Instagram.VK. «Facebook.com» әлеуметтік желісінде «Қарасай ауданының дін саласы» атты парақшаларында 85 мақала шықты. Осы парақша бетінде дәстүрлі емес діни ағымдарға қарсы іс-әрекет мақсатында Қазақстан Мұсылмандары Діни Басқармасының шешімімен рұқсат етілген танымал теологтардың бейнебаяндары мен уағыздары жария етілуде.
Мемлекет басшысы құрған, елдегі қалыпты дін саясатын жүргізуге де назар аударатын Қоғамдық даму министрлігінің алдында да үлкен жұмыстар тұр. Осы бағытта үнемі біз де өз ісімізді жүйелі жүргізуге тиіспіз. Сондықтан да қоғамдағы келісім мен береке-бірлікке, ынтымақ пен ауызбіршілікке ерекше көңіл бөлінуі керек.
Айжан НАЗАРБАЕВА,
Қарасай ауданы әкімінің
орынбасары.