Елбасымыз үнемі жастарды қолдап, ту ұстар тірек ретінде сенім артуы – біз үшін асқан жауапкершілік. Жалынды рухымыз жасқанбай, білімді, білікті, бәсекеге қабілетті жандар болсын деген ниетпен Президентіміз қашанда қолдап жүреді. Өз Жарлығымен 2019 жылды Жастар жылы деп жариялағаны да баршаңызға мәлім. Күні кеше оның салтанатты ашылуы Елордамыз Астана қаласында болып, мемлекет басшысы арнайы қатысты. Жастардың жігеріне тағы қанат бітірген Нұрсұлтан Әбішұлы өнегелі сөзін айта келе, Үкіметке бірқатар шараларды пысықтауды тапсырды.
Жас кәсіпкер болғандықтан Ұлт Көшбасшысының екінші тапсырмасында айтқан мына бір ұтқыр бағдарламасы өзім қатарлы жастарға қолдау деп түсінемін: «Шағын несие берудің және оқыту ісінің оң тәжірибесі негізінде барлық өңірде «Жас кәсіпкер» бағдарламасын әзірлеу қажет. Соның аясында жұмыссыздар арасынан жұмыспен қамтылғандарды 100 мыңға жеткізу керек». Осындай жобалардың жүзеге асуы, шынымен де, жұмыссыздықтың алдын алуына септігі мол деп түсінемін. Сонымен қатар, Елбасы Үкімекте «Бизнес-2020» жол картасы аясында жас кәсіпкерлерге арналған грант бойынша бөлінетін қаржы көлемін екі есе арттыруды тапсырды. Бұны да кәсіп ашам дейтін азаматтарға таптырмас мүмкіндік ретінде қарауға болады.
Санамызға серпіліс сыйлаған, жастар қауымына жол ашқан Президентіміздің осындай байыпты бастамалары арқылы еліміз алға қарай ілгерілей түседі деп сенеміз. Біз – жастар тек артқан сенімді, үкілеген үмітті ақтауға тиіспіз деп ойлаймын. Барлық жастар қауымын Жастар жылымен құттықтаймын!
Жалғасхан ДӘЛІБАЕВ,
Қарасай аудандық мәслихатының депутаты,
«Дәулет-Серпін 603» ЖШС-нің бас директоры.