Бір жылды артқа тастап, енді міне, келер жылға да аяқ басқалы тұрмыз. 2018-ге көз жүгіртсек, атап айтар айтулы оқиғалары жетіп артылады. Қалай дегенмен де, өткен жылға айтар өкпе жоқ. Сәтсіз сәттерін тек жақсылыққа балап, алдағы жылдан үлкен үміт күтеміз.
Ендеше, Доңыз жылы – 2019-да біздің елімізде қандай өзгерістер орын алуы мүмкін? Соған байланысты айшықты жаңалықтарды тізіп, болашақты барлап көрсек дейміз.
Елбасымыз халқымыздың тұрмыс сапасын жақсартуды міндет етіп тапсырғаннан кейін, алдымен жалақы мәселесі ойға оралары анық. Мемлекет басшысының Үкіметке діттеп жүктеген міндетіне сүйенсек, келер жылдың
1 қаңтарынан бастап, ең төменгі жалақы мөлшері 1,5 есеге өседі. Яғни, 28 мыңнан 42 мыңға дейін. Бұл дегеніміз барлық салада еңбек ететін 1,3 миллион адамның жалақысы көбейеді деген сөз. Ал, мемлекеттік қызметшілердің еңбекақысы 1,5 есеге артады. Бұдан бөлек, бюджеттік мекемелерде жұмыс істейтін 275 мың қызметкерлердің де табысы орта есеппен 35%-ға ұлғаяды. Соған байланысты 2019-2021 жылдары республикалық бюджеттен 96 млрд. бөліну қарастырылған. Бюджеттік деп отырғанымыз – ұстаздар, дәрігерлер, құқық қорғау органдары, қорғаныс қызметкерлері және тағы басқалар. Тағы бір айта кетерлік жаңалық, Президентіміз білім жүйесіне қатысты кеңес отырысында 2019 жылдың қыркүйек айынан бастап, 90 мың мұғалімнің жалақысы көтерілетінін де мәлімдеген болатын.
Сондай-ақ, ақ желеңді жандардың да табысы назардан тыс қалмақ емес. Алдағы жылдың алғашқы айынан бастап, учаскелік медицина қызметкерлерінің еңбекақысы кезең-кезеңімен 20%-ға өсуі тиіс. Бұл айтылғандар тапқан табысқа қатысты болса, Елбасымыз 1 қаңтардан бастап, зейнетақы төлемдерін 7%-ға, ал мүгедектігі бойынша және асыраушысынан айырылған жағдайда көрсетілетін әлеуметтік жәрдемақыны 5%-ға арттыруды тапсырды. Және бала туу көрсеткішіне байланысты бір реттік төлемді 4500 теңгеге өсіруді де міндеттеді.
2019 жылдың қаңтар айынан еліміздің барлық өңірінде коммуналдық қызметтердің тарифтері төмендейді. ҚР ұлттық экономика министрлігінің айтуына қарағанда, келер жылдың алғашқы күнінен бастап, тұрғындар коммуналдық бес қызметке (сумен жабдықтау, су тарту, электрмен жабдықтау, жылу және газбен қамтулар) төмен тариф көрсеткішімен төлейтін болады.
«2019 жыл – жастар жылы» деп жарияланғаны баршаңызға белгілі. Сондықтан басты назарда болатын осы жылдың жыл жаңалығы десек артық болмас. Ендеше, өскелең ұрпаққа серпіліс әкелетін бұл жылда болатын өзекті өзгерістерден мол дүние күтеміз.
Ал, енді алдағы жылда білім жүйесінде қандай жаңғырту жаңалықтар орын алмақ, соған ерекше тоқталуды жөн көріп отырмыз. Жыл сайын оқушының ойын сан саққа сабылтатын ұлттық біріңғай тестілеу (ҰБТ) енді жылына төрт рет болмақ. Яғни, қаңтар, наурыз, маусым, шілде және тамыз айларында өткізу жоспарланған. Бұл тестілеулерде ешқандай формат өзгерілмейді. Бір айырмашылығы, егер оқушы ақылы оқуға түсем десе, біз айтқан айлардағы тестілеудің кез келгенінен шекті ұпайды жинаса болды. Ал, грант иегері атануға ниетті білімділер тек қана маусым айында тапсырған ҰБТ нәтижесімен ғана конкурсқа түсіп, бағын сынай алады. Мәселен, маусым айларынан бөлек басқа айларда 130 ұпай алып, маусым айында 51 ұпай алып қалса, ол жоғары алған 130-бен конкурсқа түсе алмайды. Яғни, сертификат алу тек маусым айына ғана бекітіледі. Міне, келер жылдағы оқушылардың білім деңгейі осылай анықталмақ. Ал, студент атанған жандардың білім жүйесі қалай өзгеріске ұшырамақ, сол жайында қысқаша тоқтала кетсек дейміз. Білім және ғылым министрлігінің хабарлауынша, 2019 жылдан бастап колледж бітірген студенттер жоғары оқу орнын 2-3 жыл ішінде тәмамдай алады. Жоғары оқу орындары колледждің оқу бағдарламасында-ғы кредиттер жүйесін есепке ала отырып, төрт жылдықты 2-3 жылға қысқартпақ екен. Айтылған өзгерістер келер жылдың оқу жылы басталғанда күшіне енбек. Сонымен қатар, 2019-да студенттердің оқу стандартында тағы өзгеріс – сырттай оқу жүйесі тоқтатылады. Тек қазір сыртқы бөлімде оқып жүргендер білім жолын аяқтай алады.
Доңыз жылында медицина саласына да біраз өзгерістер енгізілмек. Денсаулық сақтау министрліктің мәлімдеуі бойынша жаңа жылдан бастап дәрілік заттардың бағасы ретке қойылмақ. Сондай-ақ, осы салада орын алатын айтулы жаңалықтардың бірі – медициналық тиісті іс-қағаздардың толтырылуы бірден электронды жүйеге көшуі. Қағазбасты жұмыстан шаршаған медицина қызметкерлері енді жүйелі жұмысқа көшіп, жұмыстары жеңілдей түспек. Осыған дейін атқарған істерін жазбаша толтырып, оны қайтадан электрондық жүйеге енгізеді. Бұдан былай, бірден жаңа жүйеде толтырылатын болады және тұрғындардың денсаулығы туралы ақпараттар электронды паспорт негізде болмақ. Бұл да айтылар жаңалық деп ойлаймыз.
Салынатын салық мәселесіне қатысты алдағы жылда заңнамаларда түзетулер болмақ. Мысалы, 1 қаңтардан бастап, 25 АЕК-ке дейін табыс табатын жандардың еңбекақыларына салынатын салық мөлшері 10 есеге азайтылатын болады. Айтпақшы, 2019 жылдан бастап, айлық есептік көрсеткіш (АЕК) 2525 теңгені құрайтын болады.
Жаңа жыл бастала салысымен электрондық жүйенің қызметі де көбейе түседі. Сақтандыру компанияларға жиі бас сұғатындар енді сақтандыру шарттарын интернер-ресурсы арқылы электрондық нұсқада рәсімдей алатын болады. Және де басты назар аударатын тағы бір нәрсе – 2019-дан бастап еңбек кітапшасы болмайды. Елімізде e-HR жүйесінің жаңғыруына байланысты, бұдан былай еңбек келісім шарты онлайн түрде жүргізіледі. Әсіресе, бұл жүйе қашықтықта жұмыс атқаратындар үшін тиімді болмақ. Тек жеке куәлік болса болды, біріңғай цифрлық базаны жаңартып, еңбек келісім шартының есебін құрауға болады.
Әйелдердің зейнетке шығу жасы да келер жылдан бастап өзгеріске көшетін болды. Яғни, биылдағыдай 58,5 емес, 59 жастан бастап шығады. Бұл аралыққа ілінетіндер –1960 жылдың шілдесі мен желтоқсан айларында дүниеге келгендер.
Тағы бір баса назар аударатын жаңалықтардың бірі деп ұялы телефондардың бұғатталуын айтуға болады. 2019 жылда өз иесінің атына тіркелмеген барлық абоненттік құрылғылар істен шығарылатын болады.
Әуе жолымен жиі қатынайтын жолаушылар үшін алдағы жыл үнемді болмақ. ҚР Инвестициялар және даму министрлігінің мәлімдеуінше, келер жылдан бастап ұшақ билеттері арзандауы мүмкін.
Иә, алдағы 2019 жылда осындай маңызды жаңалықтар орын алмақ. Ағартушы ғалым Ыбырай Алтынсарин «Жақсы ой мен жақсы сөз – жақсы істерге жетелейді» демекші, келешекті осындай жағымды жақсылықтармен топшылай білгеніміз де дұрыс шығар.
Дидар МУХАМАДИЕВ.