Биылғы жыл әйтейліктерді дәрігерлік амбулатория, көп функционалды спорт кешенінің құрылысы басталуымен қуантады. Тағы бір ауыз толтырып айтатын жағымды жаңалықтардың бірі – Үштерек ауылында салынып жатқан жаңа мектептің құрылысы. Осы жайлы аудан әкімі Жандарбек Далабаев Әйтей ауылдық округінің тұрғындарымен осы аптаның сәрсенбісіндегі бесінші тікелей байланыстағы есептік жиналысында айтты.
Аталған округтегі жақсы өзгерістердің қатары «Өмірзақ» тұрғын үй кешеніндегі таунхаус 50 үйдің құрылыс жұмыстары басталуымен толықты. Сонымен бірге, Құмарал ауылынан Еңбекшіге апаратын облыстық маңызы бар жолына жаяу жүргіншілерге арналған жол жиегі салынады. Бұл күре жол облыстық автомобиль жолдары басқармасына қарайтындықтан, қаражат сол жақтан бөлінді. Аталған жоба бойынша құрылыс жұмыстарын 2021 жылдың екінші жартыжылдығында аяқтау жоспарланған.
Ал, онлайн форматында өткен есептік жиынға оралсақ, аудан басшысы және округ әкімі Жарқын Қатубаев атқарылған жұмыстар жайлы ақпараттарына сүйене отырып, тікелей эфир арқылы қойылған тұрғындардың сұрақтарына жауап берді. Алдыңғы кезекте әдеттегідей ауыл халқын әлеуметтік мәселелер алаңдатты. Нақтырақ айтқанда, онлайн кездесуде интернеттің әлсіздігі, газ бен ойын алаңдарының жоқтығы, су тапшылығы сынды сауалдар көптеп қойылды. Қазіргі таңда ең қажетті болып табылатын интернет желісі осы округте ғана емес қалған аймақтарда да өзекті мәселелердің бірі болып саналады. Сондықтан аудан әкімі «Қазақтелеком» Қарасай аудандық желілік-техникалық цехының басшысы Шаймұрат Әуелбеков пен жергілікті атқарушы органдардың өкілдерімен бірлесіп, аудандағы барлық ауылдарда кестеге сай үш ай ішінде қаншалықты мобильдік-базалық станция қажеттігін анықтап, зерттеу жүргізуді тапсырды. Одан кейін тиісінше мемлекеттен жер бөлініп, мобильдік операторлар өз құрылғыларын орнататын болады. Ал, Еңбекші, Құмарал, Әйтей, Сауыншы, Үштерек ауылдарының тұрғындары «Қаскелең су топтамасы» жобасының аясында 2023 жылға дейін ауыз сумен толықтай қамтылады. Әйтей ауылындағы ойын алаңының салынуы тек жер телімінің жоқтығына келіп тіреліп тұр. Егер Жарқын Қанатұлы қажетті жер телімін тапса, аудан басшысы алаңды биыл салып беруге уәде етті.
Бұрым ОРЫНБАСАР.