Жуырда Алматы облысының әкімі арнайы іссапармен Талғар ауданында болып, Бесағаш ауылының Мәдениет үйінде тұрғындармен кездесті. Аудан, округ, ауыл әкімдері, қоғамдық ұйымдардың өкілдері қатысқан басқосуда ауданның инфрақұрылым және әлеуметтік сала мәселелері талқыланды.
Жиында алғашқы болып сөз алған аудан әкімі Танат Айдарбеков ауданның экономикалық даму қарқынына тоқталып, атқарылып жатқан жұмыстар бойынша есеп берді. Игеріліп жатқан бюджет жайында түсіндіріп, халықты толғандырып отырған су, газ, жер, жол мәселелеріне тоқталды. Атап айтқанда, олар Бесағаш, Қайнар, Белбұлақ, Алатау ауылдық округтерін сумен қамтамасыз ету, газдандыру және электрмен жабдықтауға қатысты болды.
Сондай-ақ бұл кездесуде білім, мәдениет және денсаулық сақтау салаларына қатысты сұрақтар да талқыланды. Өткен жылдан бері ауданда 89 түйткілді мәселе анықталғаны айтылды. Бүгінгі күні оның 19-ы жойылды.
Атап айтқанда, Талғар қаласында 7,7 шақырым, Белбұлақ ауылында 7,6 шақырым, одан бөлек Береке, Өстемір ауылдарында тиісінше 1,2 шақырым және 1,8 шақырым көше жолдарында жөндеу жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар Жаңалық ауылында электр желілері жөнделіп, 150 көшеге жарықтандыру қондырғылары орнатылған. Арқабай ауылында жаңа балалар алаңы пайда болды. Қалған 70 өзекті мәселені шешу үшін арнайы жол картасы әзірленбек. Барлығы 2026 жылға дейін кезең-кезеңімен толығымен шешіледі деп жоспарланып отыр.
Сөз кезегін алған облыс басшысы Марат Сұлтанғазиев ауданның жалпы даму динамикасы жаман емес екенін айтты.
– Алматы қаласына жақын аудандардың проблемасы жетерлік. Саяжай саны көбейген сайын суға, электр қуатына, жолға деген тапшылық артып отыр. Биылға 35 пайызға аудан бюджетін көбейттік. Келесі жылы да қаражат қарастыруға тырысамыз. Ол бір күнде шешіле салатын мәселе емес. Проблеманың бәрі кезең-кезеңімен, біртіндеп шешілетін мәселе. Ауылдың көркейгені бізге де жақсы, – деді облыс әкімі.
Мәдениет үйіне қаптап жиналған халық облыс басшысына сұрақтарын қойып, жауап алуға тырысты. Көпшіліктің көкейіндегі сұрақтардың көбі қараусыз ағып жатқан кәріз сулары, көшедегі жарықтың жоқтығы, Жаңалық ауылындағы белден келетін батпақ жолдар, газ тапшылығы, үй алу кезегінде тұрғандардың шағымы, судың жетіспеушілігі төңірегінде болды. Жиналыстан кейін облыс әкімі Марат Елеусізұлы «eOtinish» электронды порталы арқылы тіркелген азаматтарды жеке қабылдады.
Облыс басшысы ауданға сапары барысында халықпен кездесуінен бөлек қаладағы бірнеше нысандарды аралап, шаруа қожалықтары мен агрокәсіпорындардың басшыларымен кездесті. Ол алма өсірумен айналысатын «Баймене» ЖШС жұмысымен танысты. Қарқынды алмабақтың аумағы тамшылатып суару және торларды қолдану арқылы 70 га құрайды. Тамшылатып суару құралдары Израильден, көшеттер Италия мен Голландиядан әкелінген.
Сондай-ақ, әкім «Keruen Plus» ЖШС пластикалық құрылыс бұйымдарын шығаратын зауытқа барды. Бұл серіктестік Қазақстандағы терезе, есік профильдерінің жүйелері мен инженерлік сантехниканың жетекші өндіруші және жеткізуші компаниялардың бірі болып саналады. Кәсіпорын басшысы М.Эроглының айтуынша, 2015 жылдан бастап зауыт іске қосылып, пластик өнімдерін шығара бастаған. 200 адамды жұмыспен қамтып отырған зауыт жылына 18 мың тоннаға жуық өнім шығарады. Құрал-жабдықтар технологиясы Германиядан әкелінген. Шикізат өнімдері Корея, Түркия, Қытай елдерінен келеді. Компания өз өнімдерін Қазақстанға ғана емес, Өзбекстан, Қырғызстан, Грузия, Молдова, Тәжікстан және Монғолия мемлекеттеріне экспорттайды. Келесі жылы кәсіпорынға 1 млрд. теңге инвестиция тарту жоспарланған.
Зауытттан шыққан делегация Талғардағы «Intellservice» ЖШС полиграфиялық өнімдер шығаратын зауытқа барды. Кәсіпорын директоры Александр Костин облыс әкімін өзі басқаратын мекеменің жұмысымен таныстырып, зауыттың ішін аралатты. Бұл – республикадағы полиграфия өнеркәсібіндегі ең ірі кәсіпорын.
– 2017 жылы заманауи баспа машиналары, атап айтқанда 6 түсті цифрлы баспа машинасы орнатылды. Қаптама өндірісін дамытудың перспективті бағыттарының бірі сұйық өнімдер– шырындар, сүт , алкогольсіз сусындар үшін жұмсақ қаптама шығару болып табылады. 1991 жылы ашылған зауыт бүгінде 400-ден аса адамды жұмыспен қамтып отыр. Этикеткалар, қораптар, жарнамалық заттар, кітаптар, шоколад, печенье, торт салатын қаптама материалдарын шығаратын зауыттың өндірістік қуаттылығы жылына 4800 тонна, яғни 5 млрд 500 млн теңгенің өнімі. 300 млн теңгеге полиграфиялық өнімдер шығарудың соңғы технологиялары мен жабдықтары енгізілді, – деді зауыт басшысы. 2010 жылдан бастап «Intellservice» ЖШС өнімдері Ресей Федерациясына экспортталады.
Облыс басшысы аталған кәсіпорыннан шыққан соң Талғар ауданында күрделі жөндеуден өтіп жатқан Қонаев көшесімен жүріп өтті. Қаламыздың шығаберісінде облыс делегациясын Талғар қаласының әкімі А.Күрішбеков күтіп алып, арнайы стендқа қойылған жоспармен таныстырды.
– Жоба бойынша Алматыға дейін баратын басты жол 4 жолаққа кеңейтіліп, екі жағынан жаяу жүргіншілер жолы, арық жүйесі және жаңа үлгідегі жарық бағаналары, орындықтар мен қоқыс жәшіктері орнатылып, толық абаттандыру жұмыстары жүргізілетін болады. Сонымен қатар Талғар қаласының аркасы жаңа үлгіде жасалынып, дайын тұр, жақын арада тұрғындар мен қала қонақтары жарқырап тұратын арканың куәсі болады. Жол жобасының жалпы құны – 560 млн теңге. Оның 487 млн теңгесін тендерді ұтып алған «Нұрлы жол» компаниясына беріп, қалған үнемделген қаржыға абаттандыру, көгалдандыру жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Жуырда жол белгілерін қойып, сызықтарын жүргізіп, брусчаткаларды төсеп, жүргіншілер жолын бітіреміз. Ескі ағаштарды кесіп, көгалдандыру жұмыстары қараша айының соңына дейін аяқталады деп жоспарлануда. Қаламызда биыл 27 аялдама салынды, 233 млн. теңгеге 10 шақырым жол тартылып, асфальтталды. Жаңа салынған үйлерге 4,6 шақырым жол жүргізілді. 45 шақырымға 1300 дана жарық шамдары қойылып жатыр. Халықтық бюджет, жергілікті кәсіпкерлердің бюджетінен 4 балалар алаңы, 233 мың тенгеге үлкен стадион салынды.11 көшедегі 10 шақырым жолға асфальт төселініп, арық жүйелері тартылуда, – деді қала басшысы А.Күрішбеков.
Талғар қаласы әкімнің есебінен кейін облыс басшысы ағаш отырғызу рәсіміне қатысты. Жас шыршаны өз қолымен отырғызып, су құйды. Қаламыздың өсіп, көктеп, гүлдей беруіне тілектестігін білдірді.
Сәуле ҚҰРМАНТАЕВА.
Талғар ауданы.