Он мыңнан астам тұрғыны бар Бірінші Май округіндегі жергілікті тұрғындарды бірқатар әлеуметтік мәселелер алаңдататынын аудан әкімі Жандарбек Далабаевтың тұрғындар алдыңдағы есеп беру кездесуінде айтылды. Қайнар ауылындағы қазақ картоп және көкөніс шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтында өткен жиынға Алматы облысының сәулет және қалақұрлысы басқармасының басшысы Даркен Нұржанов та арнайы келіп қатысты.
Осы уақытқа дейінгі өтілген есептік кездесулердегідей өңір басшысы Жандарбек Ермекұлы алдымен соңғы бір жылдың ішінде атқарылған жұмыстар туралы баяндама жасап, оның ішінде ауыл шаруашылығы, жұмыспен қамту, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бағытындағы және басқа салада атқарылған жұмыстар жайында толығырақ айтып өтті.
Ал, жарыссөзге шыққан ауылдық округ ардагерлер ұйымының төрағасы Мұрат Мейірманов, Бірінші Май орта мектебі физика пәнінің мұғалімі Нұрбол Үмбетов пен «Айым» жекеменшік балабақшасының меңгерушісі Айда Серкешбайқызы бірқатар мәселелерге тоқталып өтіп, аудан әкімінің есебіне оң бағаларын берді.
Тұрғындардың өтініштерін ескере отырып, Жандарбек Ермекұлы ауыл жұртының су құбырлары, көшелердегі жолдар, медициналық нысандардың қазіргі жағдайы және тағы да басқа сұрақтарына жауап берді. Мәселен, Бекболат ауылының тұрғыны Сайлауқұл Жақсылыққызы Бекболат және Қайнар ауылдарындағы медициналық нысандардың аумағы тар әрі суықтығын, ауыл балаларына арналған спорт кешендері мен мәдениет ошақтарының жоқтығын, жол бойындағы жаяу жүргіншілер мен автокөліктерге арналған белгілерді орнату керектігін айтып, осы мәселеге байланысты көмек көрсетуді өтінді. Ал, Нұрсұлу Тұрарбекқызы ауыз су тартуға арналған су құбырлары мен жолдарға тас жол төсеу керектігін сөз етті.
Сол сияқты Светлана Кулжубаева өзі істейтін Қайнар ауылындағы фельдшерлік пункттің жалға алынғандығын алға тартып, тұрақты ғимарат салып берулерін және ауыр жағдайда түскен адамдарды тасымалдайтын жедел жәрдем көлігінін керектігін жеткізді. Сондай-ақ, Бекболат ауылының тұрғыны Гүлнара Мырзақұлова ауылдағы аспалы көпірге жөндеу жұмыстары қажеттілігіне тоқталды. Самат Рашитов болса Абай мен Достық көшелеріндегі жолдарға тас төсеуді және де өздері тұрып жатқан жердегі үйлерге электр тоғын өткізетін трансформатр орнатуға көмектесуін сұрады.
Өз кезегінде ауыл тұрғындарының тілегін мұқият тыңдаған аудан басшысы Жандарбек Ермекұлы медициналық нысандарды, елді мекендер шетіне түсіп жатқан тұрғын үйлердің жағдайын бақылауды тиісті бөлім басшылары мен ауылдық округі әкімі Елдос Мұқатаевқа тапсырма ретінде жүктеді. Сонымен қатар, жол бойындағы жаяу жүргіншілер мен автокөліктерге арналаған белгілерді орнату мәселесін және балаларға арналған спорт кешендері мен мәдениет ошақтарының салынуы назарда болатынын айтты.
Жалпы, біріншімайлықтар аудан әкімінің жыл қорытындысы бойынша баяндамасына бірауыздан қанағаттанарлық деген бағаларын берді.
Жиын соңында Жандарбек Ермекұлы тұрғындардың көтерген мәселелері қаншалықты деңгейде шешілгенін білу үшін тоқсан соңында тағы бір жиын өткізетіндігінен хабардар етті.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.