Осы аптаның сәрсенбісі күні ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығының аясында, ауданымыздағы Бірінші Май ауылдық округіне қарасты Бекболат және Қайнар ауылдарында заман талабына сай «Street workout» спорт алаңдары, Қайнар мектебінде футбол стадионы ашылды.
Нысандардың ашылуы салтанатына «Nur Otan» партиясы Қарасай аудандық филиалының төрағасының бірінші орынбасары Қаныбек Айтжанов, аудандық спорт бөлімінің басшысы Серік Камзанов, Бірінші Май ауылдық округінің әкімі Елдос Мұқатаев және кәсіпкер, демеуші Жеңіс Бектасов қатысты. Жеңіс Амангелдіұлымен қатар екі алаңның салынуына «Салиқалы ұрпақ» қоғамдық қоры да үлес қосқан. Міне, осылайша демеушілердің қолдауымен пайдалануға берілген жаңа алаңда қайнарлық және бекболаттық тұрғындар өз уақыттарын тиімді өткізіп, спортпен тегін шұғылдануына мүмкіндік туып отыр. Ал, Қайнар ауылындағы мектептің кіші футбол стадионына аудандық бюджеттен қаржы бөлініпті. Оның жалпы аумағы 1900 шаршы метрді құрап отыр. Футбол алаңының салынуына ағымдағы жылдың шілде айында жер телімі беріліп, құрылыс жұмыстары басталған. Мердігер мекеме – «Жан-Мирас» ЖШС.
Алдағы уақытта саламатты өмір салтын ұстануға шақыратын мұндай «Street workout» спорт алаңдарын ауданымыздағы басқа ауылдарда да пайдалануға беру жоспарда бар.
Бұрым ОРЫНБАСАР.