Жақында ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты, «Ауыл» партиясы фракциясының мүшесі Аян Зейнуллин Қарасай ауданына жұмыс сапарымен келіп, аудандық мәслихаттың депутаттары – Орынбай Жанәділ және Камилжан Тогисовпен бірге бірқатар маңызды нысандарды аралады. Бұл жұмыс сапары барысын Қарасай ауданы әкімінің орынбасары Адис Сейдакметов үйлестірді.
Халық қалаулылары алдымен Көкөзек ауылындағы «Almaty Tаnnery» деп аталатын былғары өңдеу зауытына барып, өндіріс үдерісімен, технологиялық жабдықтармен және экологиялық талаптардың орындалуымен танысты. «Almaty Tаnnery» ЖШС – Қазақстандағы былғары өңдеу саласында жұмыс істейтін ірі кәсіпорындардың бірі. Ол теріні бастапқы өңдеуден өткізіп, түрлі салаларға қажетті дайын өнім өндіреді. Зауыт басшылығы өндірістің ерекшеліктері мен экспорттық әлеуеті туралы мәлімет ұсынды. Ал Мәжіліс депутаты Аян Зейнуллин экологиялық қауіпсіздікті сақтаудың маңыздылығына тоқталды.
Сонымен қатар, астаналық қонақ іссапар кезінде Елтай ауылындағы 1200 орындық «Жайлы мектеп» жобасы аясында салынған білім ошағына барды. Бұл ғимарат заманауи талаптарға сай жабдықталған: инклюзивті білім беру ортасы, STEM және IT кабинеттері, коворкинг аймақтар мен оқушыларға арналған жеке кеңес беретін кабинеттер қарастырылған. Сондай-ақ бастауыш және жоғары сынып оқушыларына арналған оқу блоктары жеке орналасқан, бұл оқу процесінің тиімділігін арттыра түседі. Халық қалаулылары білім беру саласына оң баға беріп, ауыл балалары үшін жасалып жатқан мүмкіндіктерді жоғары бағалады.
Депутат Аян Зейнуллиннің Қарасай ауданына жасаған жұмыс сапары аясында өндірістік және әлеуметтік маңызды нысандармен танысуы ел дамуына бағытталған қадамдардың бірі деуге болады. Сондай-ақ Парламент өкілінің елді мекенге атбасын бұруы ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын арттыруға мән бергені деп білеміз.
Әділет ЖАЛҒАСБЕКҰЛЫ.
![[:ru]Газета "Naqty" ("Заман жаршысы")[:kk]"Naqty" газеті ("Заман жаршысы" газеті)[:]](https://naqtygazeti.kz/wp-content/uploads/2017/01/logo2.png)
