Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы жариялаған COVID-19 коронавирустық инфекция пандемиясы кезеңінде қашықтан білім беру технологияларына көшіру кезінде оқу процесін жаңа тұғырнамалық негіздерге бейімдеу барысында оқушылар, ұстаздар мен ата-аналардың көп кедергілерді жеңуіне тура келді. Мұғалімдердің, ата-аналардың, оқушылардың бірлескен табанды әрекетінің нәтижесінде білім мекемелері оқу жылын ешқандай оқыс оқиғасыз, жемісті аяқтауға қол жеткізді. Олай дейтініміз, білім алушылар онлайн түрде мемлекеттік бағдарламаларды игеріп, мемлекеттік білім стандарттарын орындап қана қоймай, daryn.kz, daryn.online.kz, zhetisy-daryny.kz және басқа интернет-платформалар ұйымдастырған қашықтық конкурстар мен пән олимпиадаларында сынға түсіп, жақсы көрсеткіштерге қол жеткізді.
Осындай қашықтан ұйымдастырылған шаралардың бірін Мұхаммед Хайдар Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті жанындағы Жас ғалымдар кеңесі мен «Университеттік технологиялық бизнес инкубатор» корпоративтік қоры өткізді. Оқушылардың ғылыми-зерттеу және оқу-танымдық жұмыстарын ынталандыру, ой еңбегінің беделін арттыру, ең талантты және дарынды жас ғалымдарды іріктеу, оларға қолдау көрсету, сонымен қатар, олардың интеллектуалдық, шығармашылық әлеуетін көтеруді мақсат еткен мектеп бітірушілер арасындағы республикалық деңгейдегі ғылыми жобалар байқауы биыл 6-шы рет өтті. «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру аясында, Ұлы Абайдың 175 жылдық мерейтойына орай, «Ғылым таппай мақтанба…» тақырыбында өткен «Үздік ғылыми жоба – 2020» республикалық байқауына қатысушы мектеп бітіруші оқушылар екі бағыт бойынша, яғни, қоғамдық-гуманитарлық және жаратылыстану-математикалық бағыттар бойынша Тараз мемлекеттік университетінде оқу үшін, оқу ақысына 100, 75, 50, 25 пайыздық жеңілдіктер беретін төрт жылдық оқу гранттарын сарапқа салды. Сайысқа еліміздің Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалалары мен Алматы, Ақтөбе, Қызылорда, Түркістан және Жамбыл облыстарынан 45 жоба қатыстырылды. Жас ғалымдар «Экономика және құқықтану», «Тарих және география», «Филология», «Математика және информатика», «Химия, биология және экология», «Техника және технология», «Физика және астрономия» бағыттары бойынша өз зерттеулерін ғылым докторлары мен кандидаттарынан, Жас ғалымдар кеңесінің мүшелерінен құралған комиссия назарына ұсынды. Онлайн түрінде өткізілген сайыс барысын қатысушылармен қатар ата-аналар, оқушылардың ғылыми жетекшілері көріп отыруына мүмкіндік туғызылды.
Жаңа, соны форматта ұйымдастырылған осы дүбірлі додада Қарасай ауданы Үшқоңыр қазақ орта мектебінің оқушысы Шолпан Жиенбаева да бағын сынап көрді. 8 сыныптан бастап теориялық математикадағы «Функция» ұғымына беріліп жүрген анықтамалардағы қарама қайшылықтар» тақырыбында жұмыс істеп жүрген Шолпан, ғылыми жетекшісі Нұржан Молдамұратов екеуі жобаны жұрт назарына ұсынудың өзгеше бір тәсілін ойластырып, комиссия назарын өздеріне аудара білді. «Дарын» республикалық ғылыми жобалар байқауының аудандық кезеңі мен Кіші Ғылым академиясы ғылыми жобалар байқауының облыстық кезеңінің жеңімпазы, Кіші Ғылым Академиясының республикалық 45-сессиясының жүлдегері өз жобасын жақсы қорғап, комиссия мүшелері тарапынан қойылған сұрақтарға тиянақты, тұщымды жауап беріп, қорытындысында Мұхаммед Хайдар Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінде оқуға мүмкіндік беретін 75 пайыздық жеңілдігі бар оқу грантын жеңіп алды! Сонымен қатар, Шолпан Жиенбаева университет Жас ғалымдар кеңесі тарапынан әріптестікке ұсыныс алды.
Бұл байқаудан басқа, ұстаз бен шәкірт Алматы қаласындағы «Тұран» университеті ұйымдастырған бәйгеге оқу гранты тігілген онлайн форматтағы конкурстың үш кезеңінен де ойдағыдай өтіп, қазіргі күні конкурстық комиссия шешімін күтіп отыр. Осының бәрі білімді оқушыға карантиннің де, жұмыс форматының өзгеруі де кедергі емес екендігін көрсетеді!..
М. КЕЗДІКБАЕВ.
Үшқоңыр қазақ орта мектебі.