Жаңартылған білім беру болашақтағы сапалы білім кепілі деп тануға болады. Адамзат қоғамын алға апаратын күш – ол сапалы білім. Бүгінгі таңда әлемде болып жатқан қарқынды өзгерістер біздің еліміздің білім беру жүйесін қайта құру қажет екенін көрсетуде. Осы ретте соңғы жылдары еліміздің оқу-ағарту министрлігінің бастамасымен білім саласында бірнеше тың өзгерістер мен жаңашылдықтар орын алуда. Олардың қатарына бірінші сыныптардың тек қазақ тілін меңгеретіндігі, домбыра үйірмелерінің ашылғандығы, жаңа заманауи пәндердің қосылуы және т.б. өзгерістер жатады. Аталған жаңашылдықтар ауданымыздағы білім ордаларында қалай меңгеріліп жатқандығын білу мақсатында біз Қаскелең қаласында орналасқан А. Байжанов атындағы орта мектептің директоры Әйгерім Теміржанқызымен сұхбаттастық.
– Жаңа оқу жылының басты жаңалығы бес күндік оқу аптасы мен оқу жылының әдеттегідей 25 мамырда емес, 31 мамырда аяқталатындығы. Бұл жайлы не айта аласыз?
– Иә, бұрын бес күндік ол үш ауысымды мектептерде болса, соңғы өзгерістерден кейін бұл жүйе барлық білім ордаларына енгізілді. Бұл жаңашылдық оқушылар ғана емес, сондай-ақ ұстаздар үшін жақсы жаңалық деп ойлаймын. Өйткені бұрынғы министріміз Асхат Аймағамбетов айтқандай, мұғалімдер үшін сенбі күні демалып, балаларымен бірге уақытын өткізу өте маңызды.
Биылғы жылы бірінші сыныпта оқу жылының ұзақтығы 35 апта болып белгіленді, ал 2-11 сыныптарда 36 аптаға дейін ұзартылды. Осыған сәйкес оқу жылы 31 мамырға дейін ұзарады. Бұл сондай қатты өзгеріс деп айта алмаймын себебі оқу мерзімі тек бір апта ғана ұзартылды, оның үстіне бұл тәжірибе білім алушылардың оқу жүктемесін төмендетуге (бір күнде өтетін сабақтар саны азаяды) бағытталған.
– Жалпы жаңашылдықтардың көбі төменгі сыныптарға бағытталған екен. Мәселен, бүгінде бірінші сынып оқушыларына орыс тілі мен ағылшын тілі оқытылмайды. Бұл қандай мақсатта жасалған?
– Ең бірінші кезекте айта кетерлігі ол қазақ тілінде білім алатын бірінші сынып оқушылары «Әліппе» мен «Ана тілін» оқып, жазып үйренеді. Ал орыс сыныптары «Казахский язык» и «Букварь/Обучение грамоте» пәндерімен сауат ашатын болады. Бұған қоса қазақ тілінде білім алатын 1-сыныптарға «Орыс тілі» және «Шет тілі» пәндері оқытылмайды. Мұндағы мақсат – балалардың алғашқы білім алу кездерін жеңілдету. Өйткені енді ғана мектеп табалдырығын аттап, әріптерді толыққанды үйрене бастаған балаларға оны бірден үш тілде меңгеру қиынға түседі. Осы ретте оқу жүйесіндегі бұл ең қажетті өзгерістердің бірі деп айта аламын. Орыс тілін екінші тіл ретінде 2-сыныптан, ал ағылшын (шет) тілін үйрену 3-сыныптан басталады. Қазақ, орыс және ағылшын тілдерінің мүлдем басқа тілдік топтарға жататынын ескерсек, бұл тәсіл оқушылардың жас ерекшеліктеріне сәйкес келеді және бұл тілдердің графикасын қабылдауда қиындықтар тудырмайды.
– Бірінші сыныптарды оқытуда тағы қандай өзгерістер бар?
– Иә, жоғарыда айтылған жаңашылдықтан бөлек бірінші сыныптағыларға жаңа пәндер қосылды. Ол – «Көркем еңбек» пәні мен «Цифрлық даму» сабағы. Бұрынғы «Бейнелеу өнері» мен «Еңбекке баулу» пәндерін қосатын «Көркем еңбек» пәнінде негізгі басымдық білім алушылардың практикалық дағдыларын қалыптастыруға беріледі. Ал «Цифрлық даму» сабағы бұл кіші сынып оқушылары үшін мүлдем жаңа пән. Жалпы осыған дейін де айтып өткендей оқу бағдарламасы заман талаптарына сай болуы тиіс. Ал қазіргі заман талабы ол – цифрланған дамыған мемлекет. Сондықтан балаларды барынша ерте цифрлық сауаттылыққа, цифрлық гигиена мен ақпараттық қауіпсіздікке үйрету қажет деп ойлаймын. Осы ретте жаңадан қосылған «Цифрлық даму» сабағы ең қажет пән. Мұнда кішкентай білімгерлеріміз компьютер мен оның қосалқы құралдарын қолдануды, базалық бағдарламалармен жұмыс жасауды үйренеді. Бұл кез келген жастағы балаға қажетті қабілет деп ойлаймын.
– Жаңа пәндер демекші, жоғарыда айтылғандардан бөлек оқу бағдарламасына «Жаһандық құзыреттілік» курсы қосылғандығын білеміз. Жалпы бұл жаңашылдықтың мақсаты неде?
– Бұл курс «Парасаттылық және этика», «Экологиялық мәдениет», «Азаматтық және патриотизм», «Өмір сүру қауіпсіздігі», «Медиасауаттылық және қаржылық сауаттылық» сынды 5 бөлімді қамтиды. Ол оқушылардың сыни ойлауын, зерттеу, коммуникация, жаһандық маңызы бар мәселелерді шешу және талдау дағдыларын қалыптастыруға және дамытуға ықпал етеді. Қазіргі заманауи қоғамның сын-қатерлері мен сұраныстарына сай білім беруде, кәсіби бағдар беруде бұл курстың маңызы жоғары. Біздің мектебіміздің балалары өнерге жақын болғандықтан бүгінде осы «Жаһандық құзыреттілік» курсының бір бағыты ретінде 6-сыныптан бастап балаларымыздың арасында домбыра курстары өтуде. Бұл сабаққа оқушылар өз еріктерімен қатыса алады. Әрі қарай оқушыларымыздың дарындарын ашу үшін «Жаһандық құзыреттілік» курсының аясында тағы бірнеше қызықты курстар ашуды жоспарлап отырмыз.
– Осыдан біраз уақыт бұрын Мемлекет басшысымыз Қасым-Жомарт Тоқаевтың жастар арасында ұлттық нақыштарды белсенді түрде насихаттау керектігін айтып өткен еді. Осы ретте бүгінде білім ордаларында жас ұрпақты осыған баулу үшін әртүрлі жұмыстар жүргізілуде. Ал сіздердің мектептеріңізде бұл бағытта қандй жұмыстар атқарылып жатыр?
– Бұл бағытта жұмыстар жақсы жүргізілуде. Қазір біз ұлттық құндылықтарды өнер курстарынан бөлек жалпы барлық пәндерге де енгізуді көздеп отырмыз. Мәселен, біздің биология сабағының мұғалімі осы бағытта бүгінде оқушыларымен бірге төрт түлік малдың бірі – қойдың майы қандай ауруларға қолдануға болатындығын, әсіресе, кішкентай сәбилерге әкелетін пайдасын зерттеп, ғылыми жоба дайындауда. Ал химия пәнінің мұғалімі болса, білімгерлермен бірге құрт, қымыз сияқты қазақтың дәстүрлі тағамдарының емдік пайдасы туралы ғылыми жоба әзірлеп жатыр. Мұнан бөлек өзіміздің қазақи құндылықтарымызды насихаттау мақсатында мұғалімдер кеңесінің шешімімен алдағы уақытта біз аптаның әр жұмасы сайын қазақтың ұлттық киімдерін киюді шештік. Сонымен қатар алдағы уақытта қазақи спортты дамыту үшін дене шынықтыру сабағында балаларды садақ атуды үйретуді көздеп отырмыз. Бұған қоса біз ақпан айының төрті күні өткен «Ұлттық құндылықтар академиясы» қоғамдық бірлестігінің өткізген отырысына қатысып, академиямен ынтымақтастық меморандумына да отырдық. Яғни, алдағы уақытта осы бағытта әлі де көптеген жобалар мен іс-шаралар ұйымдастыратын боламыз.
– Жалпы оқу-ағарту министрлігі балалардың оқуға деген қызығушылын арттыру үшін мектеп ұжымы әртүрлі қызықты бағыттарда жұмыс жасау керек деген еді. Осыған қатысты сіздерде қандай жұмыстар атқарылуда?
– Бүгінде бізде өте көп қызықты жобалар дайындалып жатыр. Мәселен, қазіргі уақытта жасалып жатқан «Baizhanov Fest» жобасын айта аламын. Бұл өте үлкен ауқымды жоба, оның бірнеше бағыттары бар. Бірінші бағыты ол спортты дамыту бұл жерде біз оқушылар арасында көптеген спорттық ойындар мен шаралар өткізетін боламыз. Екінші бағытында «Оқуға құмар мектеп» жобасы жасалып, кітап оқу, көптеген шығармашылық кештерін өткізу, инстаграм парақшалары арқылы шығармашылыққа байланысты сұрақ-жауап ойындарын жүргізу сияқты жұмыстар атқарылады. Үшінші бағыты – көптеген халықтар қолданатын ағылшын тілін дамыту. Яғни, бұл жерде біз «Speaking club» немес «Baizhanov Talks» деп аталатын ашық сөйлеу алаңын ұйымдастырып, балалардың шет тілінде еркін сөйлеуді үйретеміз. Тағы бір бағыты – ол оқушыларымыздың өнере мен дарындарын дамытуға арналған әртүрлі клубтар ашу. Бұл жоба наурыз айының бірі күні пилотты жоба ретінде іске қосылатын болады. Бұл дайындалып жатқан көптеген жобаларымыздың тек жартысы ғана біз алдағы уақытта әлі де әртүрлі қызықты жобалар іске асыратын боламыз. Бұл үшін бүгінде бізге барлық жағдай жасалған.
Бүгінде аймақта білім беру жүйесін дамытуға көп көңіл бөлініп отырғаны жиі айтылып келеді. Мұның бәрі де мемлекеттің балалар болашағына жасап отырған қамқорлығы екені даусыз. Жек басым қазіргі білім жүйесіне енгізіліп жатқан өзгерістер мен жаңашылдықтарды қоолдаймын. Себебі заман талабына сай мектептен білім алып шыққан өрен ертең-ақ елге тұтқа болатын азаматқа айналары сөзсіз.
– Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.