Өткен аптада Қарасай аудандық қоғамдық кеңесінің кезекті отырысы өтіп, оның жұмысын кеңес төрағасы Жанат Исағұлов басқарды.
Күн тәртібі бойынша алдымен «Қарасай ауданының білім саласында атқарылып жатқан жұмыстар, үш ауысымды оқыту, мектептерді жабдықтау, жылыту және басқа да мәселелер туралы» білім бөлімінің басшысы Әсел Еркімбаева есеп берді. Ол өз сөзін мектеп дейінгі тәрбие беруден бастады.
– Ауданда жалпы 194 балабақша бар, ондағы бала саны – 13087. 2023 жылы 25 жекеменшік балабақша ашылды, ал 2025 жылы 25 жекеменшік балабақша ашу жоспарлануда, – деді ол. – Аудандағы 79 мектептегі оқушылар саны – 93 374. Қазіргі кезде 3 үш ауысымды мектеп (Кемертоған, Бұлақты бастауыш, Әзірбаев орта мектебі) бар. Бүгінде «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы шеңберінде 6900 орындық 5 мектептің құрылысы жүргізілуде, 2400 орындық 2 мектептің құрылысы жоспарланып отыр. Ал 5100 орындық 4 мектеп ашылды.
– Жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың жалпы саны – 267, оның ішінде жетім бала саны – 184, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған бала саны – 83. 2024-2025 оқу жылында жалпыға бірдей білім беру қоры шеңберінде аз қамтылған отбасылардан шыққан 12 000 (2023 жылы 10450) бала әлеуметтік қолдаумен қамтылды, – деп жалғастырды өз сөзін Әсел Әбілеқызы.
Сонымен қатар баяндаушы аудан білім беру жүйесінде атқарылып жатқан игі істер мен жақсы жаңалықтар жайында жан-жақты айтып, қойылған сұрақтарға орнықты жауап қайтарды.
Қазіргі уақытта 9000 баланың мектепке тасымалданып апарылатынын, бұл көп қиындық тудырып отырғанын да жеткізді. Сондай-ақ Қарасай жерінде «Жайлы мектеп» ұлттық жобасының атап айтарлық қуантарлық деңгейде екеніне назар аудартты. Бірқатар проблемалық мәселелерді де жасырмады.
Аудандық Қоғамдық кеңес мүшелері Сағат Мәсімақынов, Әмина Абдраманова, Ұлтусын Бархинова, кеңес төрағасы Жанат Исағұлов оқушыларға, білім мен тәрбие беруге қатысты ой-пікірлерін айтып, ұсыныс-тілектерін ортаға салды. Сағындық Жылқыбаев мектептегі балаларды тамақтандыру жайын сұраса, Мұхтар Байқұлов қажет болса өздерінің тегін заң көмегін бере алатынын айтты. Ал Несіпбала Әбділдаева білім бөлімі басшысының көп іс атқарып келе жатқанын, өз жұмысын жетік білетінін атап көрсетіп, шын ризашылығын білдірді, алда да жетістігі мол жемісті қызмет тіледі.
Қоғамдық кеңестің отырысында кеңес мүшесі Серік Расмұхаметов бұл басқосуға бір топ белсенді ауған соғысы ардагерлерін ертіп келгенін, олардың осы соғыстың атақты батыры Борис Керімбаевтың («Қара майор») атын бір мектептке беру туралы ұсынысы бар екенін айтып, оның жазбаша нұсқасын білім бөлімі басшысына тапсырды. Әсел Әбілеқызы оны қабылдап алғанымен, бәрі де заңдылыққа, тиісті ережеге сай болып, соған сәйкес келсе ғана оң шешілетінін жеткізді.
Келесі кезекте кеңес мүшелері «Аудандық жер қатынастары бөлімінде атқарылып жатқан жұмыстар туралы» аталған бөлімнің басшысы Ғазиз Малдыбаевтың хабарламасын тыңдады.
Бүгінгі күнге Қарасай ауданының жалпы жер көлемі 200 952 гектарды құрайды. Ауылшаруашылық мақсатындағы жер көлемі 126 130 га, егістік жерлер 39 440 га, оның ішінде суармалы егістік 14192 га. Көп жылдық егістік 2832 га, тыңайған жерлер 9068 га, оның ішінде суармалы 1149 га, шабындық 4470 га, жайылымдық жерлер 70 320 га.
Ауданда нысаналы мақсаты бойынша ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді ұтымды пайдалануды анықтау үшін және нысаналы мақсаты бойынша пайдаланылмайтын жер учаскелеріне 20 есе салық салуды (базалық мөлшерлемені) арттыру мақсатында ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді ұтымды пайдалануға талдау жүргізілді. 2023-2024 жылдардағы тексеру нәтижелеріне сәйкес, жалпы ауданы 34149,6 га құрайтын 401 жер учаскесі анықталды, оның ішінде жалпы ауданы 21939,8 га болатын 337 жер учаскесі өз құзыреті шегінде шаралар қабылдау үшін Алматы облысының Жер ресурстарын басқару департаментіне берілді. Оның ішінде 159 субъектіге тиесілі 170 жер телімі 14820,0 га бойынша Бас прокуратураның құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеті Алматы облысы бойынша департаментінің ұсынысы негізінде Алматы облысының жер ресурстары департаментінің берілген нұсқамалары заңға сәйкес емес деп танылып, күші жойылып, қайта қарастырып, мониторинг жасау үшін Қарасай ауданының жер қатынастары бөліміне қайта жолданды. Мониторинг жасау барысында 170 жер телімінің ішінде 32 жер иеленушілер жер телімдерін мақсатты бағыты бойынша қайта пайдаланып жатқандығы анықталды, 20 жер иеленуші құжаттарын рәсімдеу барысында, 93 жер телімінің жер иеленушілері ауысқандықтан жер телімдерінің мақсатты бағыты бойынша пайдалануын тексеру мониторингі қайта жүргізілуде, қалған 25 жер телімі бойынша тексеру мониторингі жүргізіліп, құжаттары Алматы облысының жер ресурстары департаментіне өз құзыреті шегінде тексеріп, шара қолдану үшін өткізілді. Жалпы, 2023-2024 жылдары ауданның жер қорына 4696,5 га жер учаскесі қайтарылды, оның ішінде 1400 га жайылымдық жерлерді жалпы пайдалану үшін Шамалған ауылдық округі әкімдігіне бекітілді. Қалған шағымдар қаралуда.
Жер қатынастары саласындағы мемлекеттік қызметтерді көрсету жөніндегі қағидалары Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2020 жылғы 1 қазандағы № 301 бұйрығымен бекітілген. Бүгінгі таңда,жергілікті атқарушы органдар тарапынан жер қатынастарын реттеу саласында заңды және жеке тұлғаларға Қарасай ауданының жер қатынастары бөлімімен 2024 жылдың 1 қаңтарынан бүгінгі күнге дейін келесі мемлекеттік қызмет түрлері көрсетілді:
1. Жер учаскелерін қалыптастыру бойынша жерге орналастыру жобаларын
бекіту – 2561;
2. Жер учаскесінің нысаналы мақсатын өзгертуге шешім беру – 24;
3. Сауда-саттықты (конкурстарды, аукциондарды) өткізуді талап етпейтін, мемлекет меншігіндегі жер учаскелеріне құқықтарды сатып алу – 32;
4. Жер учаскесін жеке меншікке біржолғы немесе бөліп-бөліп сату – 494;
5. Жер учаскелерінің бөлінгіштігі мен бөлінбейтіндігін анықтау – 74;
6. Жер учаскесін жалдау мерзімін ұзарту – 8;
7. Іздестіру жұмыстары үшін жер учаскесін пайдалануға рұқсат беру – 5.
Көрсетіліп жатқан мемлекеттік қызметтер «Е-лицензиялау», халыққа қызмет көрсету орталығы ықпалдастырылған ақпараттық жүйесі (ХҚКО ЫАЖ) арқылы электронды, сонымен қатар қағаз жүзінде көрсетіледі.
«Жайлы мекептердің» құрылысына 41 жер теліміне бағалау құнын(оценка) анықтау жұмыстары жасалынып, 355 262 000 теңге қаражат бөленген. Қазіргі таңда 22 жер телімі 291 487 611 теңгеге сатып алынды, қалған 63 774 389 теңге үнемделді.
Қарасай ауданының елді мекендерінің шекараларын (шектерін) өзгерту туралы да жұмыстар атқарылуда:
1) Қаскелең қаласының шекарасы (шегі) 1497,0224 гектарға өзгертіліп, Қаскелең қаласының жаңа шекарасының жалпы көлемі 4462,6224 гектар болып белгіленсін;
2) Райымбек ауылдық округінің Қырғауылды ауылының шекарасы (шегі) 605,3774 гектарға өзгертіліп, Қырғауылды ауылының жаңа шекарасының жалпы көлемі 989,1836 гектар болып белгіленсін;
3) Райымбек ауылдық округінің Долан ауылының шекарасы (шегі) 219,3380 гектарға өзгертіліп, Долан ауылының жаңа шекарасының жалпы көлемі 362,6699 гектар болып белгіленсін;
4) Елтай ауылдық округінің Елтай ауылының шекарасы (шегі) 66,7905 гектарға өзгертіліп, Елтай ауылының жаңа шекарасының жалпы көлемі 465,6705 гектар болып белгіленсін;
5) Ұмтыл ауылдық округінің Алмалыбақ ауылының шекарасы (шегі) 1028,8947 гектарға өзгертіліп, Алмалыбақ ауылының жаңа шекарасының жалпы көлемі 1546,8847 гектар болып белгіленсін;
6) Жамбыл ауылдық округінің Қошмамбет ауылының шекарасы (шегі) 57,5040 гектарға өзгертіліп, Қошмамбет ауылының жаңа шекарасының жалпы көлемі 575,747 гектар болып белгіленсін;
7) Жібек жолы ауылдық округінің Тұрар ауылының шекарасы (шегі) 21,2536 гектарға өзгертіліп, Тұрар ауылының жаңа шекарасының жалпы көлемі 365,1036 гектар болып белгіленсін.
Мұнан кейін Ғазиз Кенжекеұлы жер қатынастары бөлімінің басқа да жұмыстары, өзекті мәселелері жайында кеңінен баяндады, қойылған бірқатар сауалдарға жан-жақты, толық жауап қайтарып, өз жұмысын жетік білетінін көрсетті.
Кеңес мүшелері Сағындық Жылқыбаев, Сағат Мәсімақынов, кеңес төрағасы Жанат Исағұлов ұсыныс-тілектерін айтса, Несіпбала Әбділдаева қайтарылған және бос жерлерді пайдалану жайын, Мұхтар Байқұлов көптен жыр болып келе жатқан Қошмамбеттегі бейіт жері жөнінде және жергілікті жер комиссияларының жұмысы туралы сұрады. Ал Ұлтусын Бархинова: «Кезінде жер алып, оны шамасы жетпей игере алмай отырғандар не істеуі керек? Олардан да мәжбүрлеп жерін алып қойсақ, обал болмай ма?» деген сұрақ қойды. Оған Ғазиз Кенжекеұлы: «Жалға берсін, өздеріндей жер иелерімен кооперативтерге біріксін, болмаса аудан резервіне қайтарсын, болмаса жалға беру құқығын шамасы жеткендерге сатсын» деп жауап қайтарды.
Отырысты кеңес төрағасы Жанат Молдағұлұлы қорытындылады. Жиын соңында қаралған мәселелер бойынша тиісті шешімдер қабылданды.
Берікбай ҚАДЫҚОВ.