«Білімдінің күні жарық». Бұл жай айтылған бос сөз емес. Қазіргі заман – мыңды жығатын білімділердің уақыты. Сондықтан осы саланың дамуы, ілгерілеуі саналы ұрпақтың қалыптасуына ықпал етері анық.
Қазақстандағы білім беру жүйесінде жыл сайын жаңалықтар жетіп артылады. Түрлі жаңартулармен толығып, орын алған өзгерістер өзектіге айналуда. Негізгі міндет – мемлекетіміздің дамыған елдермен осы салада бірдей болуы. Ал осы мақсатта оқу, білім бағытында қандай реформалар жүзеге асып, нақты істер алға қойылған? Осылардың бірқатарына тоқталып, барлығын бұқараға жеткізуді жөн деп таптық.
Бұл ретте, әрине, еліміздің бас ұстазы, бұрынғы білім және ғылым министрі болған, кейін аталмыш ведомство екіге бөлінген соң оқу-ағарту министрі атанған Асхат Аймағамбетовтің бастамасымен атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталсақ деп едік. Асхат Қанатұлы тәуелсіз Қазақстанның тарихында тағайындалған 16-ші білім министрі екенін бірі білсе, бірі білмес. Ол осы жауапты қызметке 2019 жылдың 13 маусымында тағайындалды. Сол уақыттан бері еліміздің білім саласында оңды өзгерістер болып, оның біразы ел санасында сақталды десек артық айтқанымыз болмас. Ендеше биылдан бастап, яғни, жаңа оқу жылының қарсаңында қандай өзгерістер орын алатынын тілге тиек етейік.
ПӘНДЕР БОЙЫНША ӨЗГЕРІСТЕР
Енді қазақ тілінде оқитын мектептерде 1-сынып оқушылары бір ғана тілді, яғни, қазақ тілін меңгереді. Орыс тілі 2-сыныптан, ағылшын тілі 3-сыныптан бастап оқытылады. Ал орыс тілінде оқитын мектептерде 1-сыныпта орыс тілі мен мемлекеттік тіл қатар оқытылады, 3-сыныптан бастап ағылшын тілі болады. Бұл туралы Білім және ғылым министрі болып тұрғанда А.Аймағамбетов nur.kz порталына берген сұхбатында айтқан еді.
«Зерттеулер мен талдаулар жүргізгеннен кейін біз бірінші сынып оқушысына бірден 3 тілді меңгеру қиын екенін көрдік. Бұл – тиімсіз. Біз бұл мәселеге қатысты шешім қабылдадық. Енді қазақ тілінде оқитын мектептерде 1-сынып оқушысы бір ғана тілді, яғни қазақ тілін меңгереді. Біз баланың алдымен өз ана тілінде оқуды және жазуды үйренуі үшін тиісті жұмыс жүргізіп жатырмыз. Екінші сыныпта бағдарламаға орыс тілі, үшінші сыныпта ағылшын тілі қосылады. Орыс тілінде оқитын мектептерде 1-сыныпта орыс тілі мен мемлекеттік тіл, ал 3-сыныптан бастап ағылшын тілі болады», – деп түсіндірген Асхат Қанатұлы әдістеме тұрғысынан алып қарағанда, бұл – дұрыс бағыт екенін айтты.
Сонымен қатар министрдің айтуынша, мұндай ұсыныстар бұрын да болған, сол себепті оны мектептерде енгізу жоспарланып отыр.
2022-2023 оқу жылында тек бірінші сыныптың оқушылары үшін көркем еңбек пәні екіге бөлінеді. Яғни, енді олар бейнелеу өнері және еңбекке баулу деген сабақтарды оқитын болады. Ал 5-9 сыныптарына сәйкесінше бейнелеу өнері мен технология пәндері енгізіледі.
1-сыныптың білімгерлері биылғы оқу жылының қарсаңында математика бойынша көбірек білім алады. Министрліктің бұл бастамасын маусым айында өткен Білім және ғылым министрлігінің аппараттық жиынында Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының президенті Мәдина Тыныбаева түсіндірді.
«2022-2023 оқу жылында бірінші сыныптарда және келесі оқу жылында екінші сыныптарда математика пәнінің оқу жүктемесі бір сағатқа ұлғайтылады. Бұл сыныптардағы математика сабақтары күн сайын өткізілетін болады, бұл өз кезегінде оқушылардың математикалық сауаттылығын арттыруға септігін тигізеді», – деді М.Тыныбаева.
Одан бөлек жыл басында Асхат Аймағамбетов дәл осы математика пәні жалпы мектеп оқушылары арасында екіге бөлініп оқытылатынын айтқан болатын.
«Мемлекет басшысы техникалық мамандарды дайындау бойынша тапсырма берді. Осы тапсырманы орындауға математикалық білімді дамыту өз септігін тигізері сөзсіз. Сондықтан біз біріншіден, матаматиканы мектептерде топқа бөліп оқыту мәселесін қарастырып, ұсынып, оны енгізуге дайындалып жатырмыз», – деп мәлімдеген еді министр.
2022 жылдың қыркүйегінен бастап Өзін-өзі тану пәні міндетті болмайды. Оны факультативті санатқа ауыстырылу қарастырылуда. Яғни, таңдау пәні ретінде қалады.
ДИРЕКТОРЛАР ЕНДІ МҰҒАЛІМДЕРДІ ЖҰМЫСҚА ҚАБЫЛДАЙ АЛМАЙДЫ
Алдағы уақытта мұғалімдерді жұмысқа қабылдауды мектеп басшысы шешпейді. Үміткер ұстаздардың қызметке орналасуы конкурс арқылы, яғни, жинаған балына сәйкес сандық жүйе арқылы жүзеге асады. Бірақ бұл шағын жинақты мектептерге қатысты емес.
Педагогтардың осылайша жұмысқа қабылдану қағидаларына қатысты министрліктің бұйрығы былтыр жылдың соңында ҚР Әділет министрлігіне тіркелді. Ол жайында Асхат Аймағамбетов әлеуметтік желідегі парақшасында мәлімдеген.
«Енді педагогтарды жұмысқа қабылдау жаңа форматта конкурс және нақты критерийлер бойынша жүзеге асырылады. Айта кеткен жөн, аталған өзгерістер мұғалімдерді жұмысқа орналастыру кезінде ашықтықты қамтамасыз етуге, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жоюға және жұмысқа қабылдау кезінде меритократия қағидаларын қамтамасыз етуге бағытталған. Бұған дейін нақты ереже болған жоқ, яғни, мектеп директоры кімді және қандай көрсеткіштер бойынша жұмысқа қабылдау керектігі туралы өзі шешетін. Бірқатар аймақта сағаттар санын дұрыс бөлмей, үш-төрт мұғалім бір ставкаға қабылданған жағдайлар тіркелді. Мұндай жағдайлар қандай себептерге байланысты орын алатынын болжау қиын емес», – деп түсіндірген еді министр.
Аталмыш конкурсқа біліктілік сипаттамаларына сәйкес келетін мұғалімдер қатысады. Анығын айтар болсақ, жұмысқа орналасу кезінде үміткер ұстаз конкурсқа қатысу туралы өтініш беруі тиіс және ол өзінің бағалау парағын қоса ұсынады. Онда барлық жетістігі, нәтижелері, еңбек өтілі, әкімшілік немесе әдістемелік қызмет тәжірибесі, курстық дайындық және басқа да ақпарат көрсетіледі. Әрбір бағыт бойынша кандидат белгіленген критерийлер арқылы бағалау шкаласына сәйкес өз балдарын дербес қояды. Конкурстық комиссия өтініш берушінің өзі қойған балдардың, оларды растайтын құжаттардың сәйкестігін тексеріп, қорытынды ұпай шығарады. Нәтижесінде бос орынға ең көп балл жинаған үміткер қабылданады.
Сонымен қатар бұрынғы жұмыс орнынан ұсыныс хаттар да сұратылады. Үміткер егер оң ұсынысқа ие болса, 3 балл жинайды, ал теріс ұсыныс үшін 5 балл жоғалтады. Айта кету керек, жұмысқа қабылдаушы мекеме үміткердің қандай да бір бұзушылықтарға, оның ішінде педагогикалық этика бойынша бұзушылықтарға жол берді ме, жоқ па, сол туралы ақпаратты ескере алады. Мұндай фактілер анықталса, педагог кез келген кезеңде конкурстан шеттетіледі. Ережеде үміткердің біліктілік санатының міндетті түрде болуы қарастырылған.
Министр Асхат Аймағамбетовтің айтуынша, енді жоғары оқу орындары мен колледж түлектеріне жұмысқа қабылдану үшін дипломның болуы жеткіліксіз. Олар Ұлттық біліктілік тестілеуден өтіп, одан әрі мектепте «педагог» бірінші санатын алуға міндетті.
Тағы бір айта кетерлігі, педагог қызметін негізгі жұмысымен қоса атқаратын мұғалімдерді бір пән бойынша 8 сағаттан аспайтын жүктемемен конкурссыз жұмысқа қабылдауға рұқсат етіледі. Сондай-ақ осы білім беру ұйымының мұғалімдері арасында жүктемесі 8 сағаттан аз бос орындарды үлестіруге болады. Бұл ретте бір пән бойынша бос 9 немесе одан да көп сағатты жасанды түрде бөлшектеуге жол берілмейді.
Жалпы аталған шаралар сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жоюға және педагог лауазымына үміткерлерді сапалы іріктеуге бағытталған.
МҰҒАЛІМДЕРГЕ САҒАТ САНЫ БОЙЫНША АҚЫ ТӨЛЕНБЕЙ МЕ?
Өткен айдың басында ҚР Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов ұстаздарға сағат саны бойынша еңбекақысын төлеуге қатысты пікір білдірді. Оның айтуынша, оклад ретінде жалақы беру мәселесі әлі талқылануда.
«Дүние жүзіндегі бүкіл білім беру жүйелерін қарасаңыздар, сағатқа бағыттап емес, оклад жүйесі бойынша жұмыс істейді. Сағат саны бойынша жұмыс істейтін бірнеше мемлекет қана қалды. Сондықтан бұл – дүниежүзілік тәжірибе. Бірақ Қазақстанда осы жүйеге қатысты нақты шешім қабылданған жоқ. «Көшіп жатырмыз» деп біз әлі айта алмаймыз. Жалпы, бұл мәселе қазір зерттеліп, зерделеніп жатыр. Сондықтан шешім тек қана осы зерттеулердің негізінде қабылданады», – деп нақты түсіндірді ведомство басшысы.
Министр аталған мәселеге қатысты түрлі ұсыныстар түсіп жатқынан да жасырмады. Алайда оны әлі де талқылау керектігін кесіп айтып, білім жүйесінде асығыс, ойланбай шешім шығаруға болмайтынын жеткізді.
Сондықтан ұстаздар қауымы үшін еш алаңдауға негіз жоқ. Жалақы алу жүйесі әзірге сол бұрынғы қалыпта деуге болады.
7 ЖЫЛДАН АРТЫҚ ОТЫРҒАН БІЛІМ БЕРУ МЕКЕМЕЛЕРІНІҢ
БАСШЫЛАРЫ ОРЫНДАРЫН БОСАТАДЫ
Өткен жылдың соңында Асхат Аймағамбетов білім және ғылым министрі болып тұрғанда колледж бен мектеп директорларын, балабақша меңгерушілерін ротациялау мәселесін қозғап, сол қағидатты бекіткен болатын. Ресми мәліметке сүйенсек, еліміздегі білім беру саласында 10 мыңнан астам мемлекеттік ұйым бар. Көптеген басшылар мерзімсіз еңбек келісімшарттарын жасасқан. Осыған қатысты министр ойын дөп басып айтып, бір орында көп отырғандар ынтасыз келетінін жеткізді.
– Бір ұйымда 10-15 жыл және одан да көп жұмыс істейтіндер аз емес. Әрине, олардың арасында өз жұмысын жақсы білетін және мектеп, колледж, мектепке дейінгі немесе қосымша білім беру ұйымдарының дамуына елеулі үлес қосатын басшылар бар. Дегенмен, 10-15 жыл бойы бір орында отырып, өздерінің бастамашылдығы мен дамуға деген ынтасын жоғалтатын мектеп директорлары да бар», – деп министр мәлімдеген болатын.
Мекеме басшыларының ауысуындағы ережелердің негізгі басымдықтарына тоқтала кетсек. Алдымен бір білім беру ұйымында 4 немесе 7 жылдан астам жұмыс істеген басшылар ротацияланады. Асхат Аймағамбетовтің айтуынша, бұл ретте осы білім беру ұйымында лауазымға тағайындалған күннен бастап 4 жыл жұмыс атқарған бірінші басшы ротациядан өтініші негізінде босатылып, тиісінше қолданыстағы еңбек шарты шеңберінде өз жұмысын жалғастыра алады Алайда егер басшы аталған ұйымда 7 жылдан астам уақыт жұмыс істесе, онда ол міндетті түрде ротацияланады. Осылайша бір мекемеде басшылық ету мерзімі 7 жылдан аспауы қажет.
Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов директорлардың бір орында көп отыруына қатысты жақында тағы ойын білдірді. Оның айтуынша, егер мектеп басшылары 10-20 жыл жетекшілік етсе,әртүрлі тәуекелдерге барады. Мәселен, көп проблеманы байқамайды, одан кейін ұзақ жыл істегеннен кейін ұжымына бауыр басып, жақын адамдардай болып кеткен соң, олардың алдында талап қою қиындауы мүмкін.
Ротациялаудың төмендегідей шарттары бекітілген:
• ротациялауды облыстардың және республикалық маңызы бар қалалардың
білім басқармалары жүзеге асырады;
• ротация бір елді мекен аумағында жүргізіледі;
• ротациялауды бір деңгейдегі ұйым басшылары арасында жүргізеді;
• ротациялау кезінде бірінші басшылардың біліктілік санаты, яғни, аталған санат үшін төленетін қосымша ақы да мерзімі аяқталғанға дейін сақталады.
ҚАРАСАЙ АУДАНЫНДА БІРҚАТАР БІЛІМ БЕРУ МЕКЕМЕЛЕРІНІҢ
БАСШЫЛАРЫ АУЫСАДЫ
Министрлік бекіткен жоғарыда аталған шарттарды негізге ала отырып, дәл осы үрдіс Қарасай ауданында қалай жүзеге асып жатқанын білуге тырыстық. Аудандық білім бөлімі нақты ақпаратын берді. Ресми мәліметке сүйенсек, ротациялау шарттарына сәйкес қазіргі уақытта тек Қаскелең қаласындағы төрт мектептің басшылары ғана ауысады. Бұл өзгеріс Алматы облысы білім басқармасының 2022 жылғы 14 маусымындағы мемлекеттік білім беру ұйымдарының бірінші басшыларын ротациялауды жүргізу бойынша комиссия отырысында нақтыланған.
Сонымен аудан орталығындағы орнын ауыстыратын мектеп директорлары кімдер? Олардың жаңа жұмыс орны қай білім ошағы болмақ? Осыған тоқталайық.
Н.Әлімқұлов атындағы орта мектепті басқарып келген Рысбүбі Дүйсебаева жаңа оқу жылынан бастап Абай атындағы мектеп-гимназиясына басшылық кетеді. Ал аталмыш білім мекемесінің директоры Тұрсын Сайбырова В.Белинский атындағы орта мектепке ауысады.
Осы ретте Белинский мектебінің директоры қайда баруы мүмкін деген сұрақ туындайтыны рас. Тәжірибелі ұстаз, білікті басшы Айгүл Сатанқызы алдағы уақытта Қ.Сәтбаев атындағы орта мектебін басқарады. Ал бұл білім мекемесінде 7 жылдан астам уақыт жетекшілік еткен Қорлан Тұрсынова енді Н.Әлімқұлов атындағы орта мектептің ұжымына басшылық етеді.
Мектеп басшыларының қызмет ауыстыру мәселесі, міне, осындай. Балабақша меңгерушілеріне келер болсақ, аудандық білім бөлімінің хабарлауынша, аудан бойынша, оның ішінде Қаскелеңде бір ғана балабақша басшысының еңбек өтілі 7 жылдан асып тұр. Ол – «Брусничка» балабақшасының меңгерушісі Райхан Әлібекова. Алайда қала бойынша осындай басқа да білім мекемелерінің басшылары орын ауыстыру шартына сәйкес келмегендіктен, аталмыш балабақшаның басшысы ротациялауға жатпайды.
Қарасай ауданындағы білім беру ұйымдарының басшыларына қатысты қызмет орнын ауыстыру жүйесі жоғарыда атап өткендей жүзеге аспақ. Қолда бар ақпаратты жалпақ жұртқа жария еттік. Алдағы уақытта Алматы облысының білім басқармасына қарасты аудандағы бірқатар колледждердің директорларының ротациялау мәселесін жеткізуге тырысамыз.
Айта кетейік, оқу-ағарту министрлігіне қарасты мектепке дейінгі және орта білім комитетінің соңғы мәліметінше, 2022 жылдың 1 тамызына дейін еліміз бойынша 317 балабақша меңгерушісі мен 383 мектеп директоры ауысады.
Дидар МӘЛІКҰЛЫ.