Жұбайым Күлдіхан Кененова 45 жыл үзіліссіз оқу-білім саласында мұғалім болып қызмет атқарды. Елеулі еңбегінің арқасында біраз марапаттарға да ие болды. Атап айтқанда, «Озат мұғалім» төсбелгісін кеудесіне тақты, бірнеше рет мектепішілік, аудан, облыс, республикалық Құрмет грамоталарын алды. Одан бөлек ұстаз үшін жоғары награда болып табылатын «Ы.Алтынсарин» медалінің иегері атанды. Алакөл аудандық энциклопедия кітабында есімі жазылған. Жұбайымның осындай еткен еңбегі, төккен тері бағаланар деген ниетпен, жастың ұлғаюына байланысты денсаулығын жақсартуға арналған қандай да бір курорттық-санаторлық орындарды білу үшін Қарасай аудандық білім бөлімін іздедім. Аудан орталығы – Қаскелеңді шыр айналып, таппадым. Амалсыздан өткен-кеткендерден де сұрадым. Қарапайым халық та білмейді. Бір білсе мұғалімдер мен әкімдік қызметкерлері білер деп, солардан сұрауға мәжбүр болдым. Олардың өзі аталмыш мекемені нақты білмей, үш жерді айтты. Бұл орындардан таппаған соң қала әкімдігінен білейін деп бара жатқанда жолдан кездейсоқ полиция қызметкерлерін кездестіріп, солардан сұрадым. Айтуларынша, аудандық білім бөлімі Шамалған ауылына көшіп кеткен.
Еріксіз ойға қалдым, өмірде құлақ естіп, көз көрмеген оқу-білім мекемесі ауылға көшіп барды дегенге таңқалдым. Заман өзгерді ме? Заң өзгерді ме? Әлде саяси күш болып табылатын мұғалімдер елеусіз қалған ба?
Біз – ауылда туып өскен жандармыз. Қай жерде оқымадық? Қиыншылықты да бастан өткіздік, бірақ жерде қалмадық, біліммен сусындадық. Сол кездегі ақсақалдардың қолына су құйсақ, «мұғалім» бол деп бата беруші еді. Әрбір шаңырақ иесі де «мұғалім бол» деп баласының санасына құя беретін.
Біздің кезімізде билік басындағылар мұғалімдер мен оқушыларды қайда пайдаланбады? Алты ай жазда егістікке шығаратын. Бәріміз қызылша өсіруге көмектесетінбіз. Бүкіл совхоз, тіпті, аудан, үлкен қаладан студенттер келуші еді. Бақша өсіріп тамақтан тарықпайтын, мал азығын дайындап, қырманда ән сала жүріп жұмыстар істейтін. Алты ай қыста да қарап жатпайтын. Еңбек өнімділігіне көмектесіп, практикалық тұрғыда білім аламыз деп техника жөндеуді үйренетінбіз. Ауыл ішінде тұрмысы төмен отбасылардың қарын тазалап, шөбін үйіне әкеліп, алғысын алатынбыз.
Әрине, ол кезде де мұғалімдердің мектептегі жұмыстары оңай болды деп айту қиын. Күндік, тоқсандық, жылдық жоспары бар. Олар да сабаққа оқушы сияқты дайындалды. Ата-аналармен сөйлесіп, тіл табысу бар, отбасылық өмірі, бала тәрбиесі, үй шаруасы деген сияқты жұмыстары жетіп артылатын. Алайда еңбекке араласқан мұғалімдер мен оқушы балалардың ренішін көрген емеспіз.
Сол кездегі мұғалімдер бүгінде құрметті демалысқа шығып, зейнеткер атанды. Оқушылар ауыл мектебінен өсті, білім алды. Тәжірибе жинады, еңбекте шыңдалды, далада қалдық демеді, оқуға түсіп, білім қуып Қазақстан мемлекетінің азаматы болып, кірпіші болып қаланды.
Ал қазіргі заманның ұлағатты ұстаздары қандай? Оларды саяси күш деп талай жерге жұмсаймыз, түрлі концерттердің өтуіне араластырамыз. Әрине, бұл дұрыс та шығар. Бірақ бәрі орнымен болса дейміз. Сонымен қатар мәслихат, мәжіліс, сенат, президент сайлауларында оларға зор сенім артып, қағазбастылық жасап, сол істерге шегелеп қоямыз. Ас пісіртеміз, тамақ дайындатамыз. Бұл олар үшін артық шаруа емес пе? Мұғалімдерді «өтіріктерге, сыбайластыққа, қылмыстыққа итермелеп жатқан жоқпыз ба?» деген ойға келемін. Неге бір жақты мұғалімдер ғана атсалысуы тиіс, басқа да саланың мамандарын араластыру қажет шығар.
Жоғарыда атап өткендерді негізге ала отырып, мынадай ұсынысым бар: 1.Мұғалімдер мен оқушыларды еңбекке көбірек араластырса;
2. Іс-шара сайын Мәдениет үйін толтыру үшін ұстаздарды, дәрігерлерді және мәдениет қызметкерлерін көп пайдаланбаса;
3. Қарасай жері өте бай, үлгілі аудан екенін білеміз. Кәсіпкерліктің ордасы. Сондықтан аудандық білім бөлімін ауылда қалдырмай, оның аудан орталығы Қаскелең қаласына көшіріп, сәулетті, көз тартатын мекемесін салса екен;
Менің бұл ұсыныстарыма қарасайлықтар қалай қарайтындығы маңызды. Қолдайды деген сенімдемін.
А. КЕНЕНОВ,
Қаскелең қаласының тұрғыны.