Туған жерінің өсіп-өркендеуі жолында аянбай еңбек еткен азаматтардың аттары есте қалады. Олар уақытында көптің игілігі үшін жұмыс атқарып, тынымсыз тіршілікпен біте қайнасты. Елеулі істерінің арқасында халықтың ризашылығына бөленді. Осындай басшылық қызметте болған бірқатар азаматтарымыз егер ортамызда жүргенде биыл кезекті мерейтойларын атап өтер еді…Әрбірінің ел үшін жасаған жақсылықтары мен жарқын жүздері ешқашан ұмытылмайды.
2004 жылы аудандық «Қазақ тілі» қоғамына жұмысқа келгенде, аудандық Ардагерлер кеңесі мен «Қазақ тілі» қоғамы бір кабинетте отырады екен. Ол кезде Ардагерлер кеңесін Исаев Сейітхан Ахметұлы, «Қазақ тілі» қоғамын Тастанбеков Үсенбай Бақтиярұлы басқаратын.
Бір күні орталық кітапханаға сол кездегі ауданның әкімі Құтпанов Болатби Сатымбайұлы (1950-2008) келді. Біз отырған кабинетке кіріп, амандасып болған соң, сол кездегі кітапхана директоры Нүргүлге: «Мына екі атаңды бірдей көр, екеуін де бірдей құрметте. Мына бөлмеде Сейітхан атаң отырсын, ана бөлмені босатып Үсенбай атаңды отырғыз», – деді. Сол күннен бастап екі қоғам екі бөлек кабинетке жайғасты. Қоғамның жұмысымен Үсенбай аға Болат-биге жиі баратын, мені де ертіп алады. Қандай мәселемен барса да, ағаның меселін қайтармайтын, көмегін аямайтын.
Құтпанов Болат-би Сатымбайұлы 9 ақпан 1950 жылы Алматы облысы, Іле ауданы, Боралдай ауылында туған. Білімі жоғары, 1972 жылы Алматы зоотехникалық-малдәрігерлік институтын, 1985 жылы Алматы ауылшаруашылығы институтын бітірген. Еңбек жолын осы облыстың Іле ауданы «Қаскелең астық өсіру» кеңшарында зоотехник болып бастап, осы ауданның «Комсомольск» кеңшарында бас зоотехник қызметін атқарған. 1980-1983 жылдарда Моңғолияның Ұлан Батор аймағының «Гочуурт» мемлекеттік шаруашылығында арнаулы жолдамамен қызмет етіп қайтты. Содан кейін Алматы облысы Іле ауданының «Комсомолск» кеңшарында экономист, бас зоотехник, директор, облыс әкімшілігінің ауылшаруашылығы және азық-түлік өндірісі басқармасы бастығының орынбасары болып істеді. 1995 жылдан 1998 жылға дейін Талғар және Ескелді ауданының әкімі болып қызмет етті.
1998-2007 жылдары Қарасай ауданының әкімі болды. «Нұр Отан» партиясының мүшесі. 2007 жылдан қайтыс болғанға дейін Алматы облысы әкімінің кеңесшісі болып қызмет атқарды.
1983 жылы «Моңғол Халық Республикасының Құрметті ауылшаруашылығы қызметкері», 2003 жылы «экономика ғылымдарының кандидаты» ғылыми атағы берілді. 2006 жылы «Мәдениет қайраткері» белгісінің иегері атанған. «Қазақстан республикасының тәуелсіздігіне – 10 жыл», «Ерен еңбегі үшін» медальдарымен марапатталған.
Құтпанов Болат-би Сатымбайұлы өте білімді де білікті басшы болған, үлкенмен де, кішімен де тіл табыса білетін, біздің ауданға қаржылай көмекті де алып келген азамат болатын. Осындай басшыны, аяулы азаматын халық ұмытпайды, есінде сақтайды.
Тірі болғанда биыл 70 жасқа толған мерейтойын атап өтетін едік.
Шара ҚАНАТҚҰЛҚЫЗЫ,
Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы қоғамдық бірлестігінің Қарасай аудандық филиалының басшысы.