Отбасының ұйытқысына айналып, шаңырақтың шырайын келтіріп, ұрпақ өрбітумен қатар, бизнесте белсенді болатын әйелдер қауымының басшылық қызметте табысты табандылық ететінін ұмытпаған жөн. Бәлкім, «Әйелдің қырық жаны бар» деген қазақтың тәмсілі осының дәлелі шығар.
Уақыт көшіне ілесіп жатқан мына заманда нәзік жандылардың іскерлігін, жұмысты жүйелі жүргізіп отыратын жетекшілік қырын да айтпасқа тағы болмас.
Одан бөлек қоғамдық-саяси өмірге белсене араласып, саяси сахнада қабілетімен қам-қарекет қызмет етіп жүрген аяулы арулардың еңбегін де жоққа шығара алмаймыз.
«Бәрін айт та, бірін айт» демекші, жоғарыда тізбектегендей әйелге тән қасиетті бір бойына жинаған біздің редакторымыз Исаева Атлана Жанатқызы – сондай жанның бірі. Ол жайлы тебірене қалам тербеуімізге басты себеп – мақтау мен мадақ емес, қос 25-ті қуана, құшақ жая қарсы алып, мерейлі жасқа жетуі.
Ендеше, жарты ғасырлық ғұмырды артқа тастап, өмірдің тағы бір белесіне толғана, ойлана қадам басқан «Atlant Media» компаниясының басшысы Атлана Исаева жайлы азды-кем ой өрбітсек, артық бола қоймас.
Оның дүниеге келуі де, өсіп-өнген өлкесі де осы Қарасай ауданымен біте қайнасқан. Отбасындағы үш қыздың тұңғышы атанып, өзінен кейінгі сіңлілеріне қамқоршы, қорғаншы бола білді. Анасы Гүлсім Төлеуліқызы ұстаздық етуден бастап, мектеп басшылығында қызмет етіп, бүгінгі күні құрметті демалыста. Ал марқұм әкесі Жанат Исаев құқық қорғау органында табысты еңбек еткен атпалдай азаматтың бірі еді.
Атлана Жанатқызы Қаскелең қаласындағы В.Белинский атындағы орта мектепті үздік бітіріп, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетінде білім алған. Аталған оқу орнын 1998 жылы тәмамдап, бүгінде өзі басшылық етіп отырған Қарасай аудандық газетте еңбек жолын бастады. Ол кезде «Заман жаршысы» деп аталатын мерзімдік басылымда корректорлық міндетті атқарды.
Мамандығына деген адалдығының арқасында осы редакцияда қаламын серік етіп, 2010 жылға дейін тілші, жаңалықтар мен ақпарат бөлімінің меңгерушісі, бас редактордың міндетін атқарушы, бас редактордың орынбасары сынды жауапты қызметтерде еңбек етті. Сонымен қатар сол жылдары «Nur Otan» партиясы Қарасай аудандық филиалы жанындағы «Jas Otan» жастар қанатының көшбасшысы болды. Ал 2014 жылға дейін өзінің қарым-қабілетін басқа салада сынап көріп, бірнеше компанияда бас менеджер, директордың орынбасары сияқты лауазымда жұмыс істеді.
Алайда Атлана Жанатқызы өсіп-өнген ортасынан, мамандыққа деген қызығушылықтан алыс кете алмады. 2014 жылы журналистика саласына бағыт-бағдар беріп, жолын ашқан Қарасай аудандық газетке қайта оралды. Жетекшілік тұрғысынан тәжірибелі болғандықтан, бұл жолы ол аталған мерзімдік басылымға бас редактордың қызметіне тағайындалды. Міне, сол күннен бері редакцияның тізгінін ұстап, ауданның айнасына айналған газетке байыпты басшылық етіп келеді.
Заман талабына сай БАҚ саласындағы заңнамалық өзгерістер газетпен де тікелей байланысты екені анық. Мұндай тағдыршешті талқылаулар біздің басылымның басынан да талай өтті. Солардың бірін мысал ретінде айтар болсақ, Алматы облысының аумағындағы аудандық газеттер квазимемлекеттік сектордағы кәсіпорынға тиесілі болғандықтан, 2021 жылы әрбірі жекешелендірілді. Дәл осы мезетте мерзімді басылымдарға редакторлардың өздері жанашырлық танытқанымен, біраз газет нарықтағы бағадан ауытқып, кейбір кәсіпкерлердің қолдарына өтіп жатты. Алайда Атлана Жанатқызының табандылығы мен жанкештілігінің арқасында Қарасай ауданының «Заман жаршысы» газеті өз мәртебесін сақтап, ұйымшыл ұжымын жоғалтқан жоқ. Осылайша, 2021 жылдың тамызында серіктестіктің иесі өзгеріп, оның құрылтайшысы «Atlant Media» болып өзгерді. Ал оның директоры бүгінгі күнге дейін редакторлық қызметті атқарып келе жатқан, әрине, Атлана Исаева болды.
Редакцияның ұтымды әрі айқын бастамалары үнемі ізденіске негізделіп, жүйелі жүргізіліп отырды. 2022 жылы газет атауы «Naqty» деп өзгертіліп, нақты ақпаратты оқырман қауым жеткізу үшін жаңаша бағытта жұмысын жалғастырды.
Бүгінгі таңда 90 жылдан астам тарихы бар аудандық «Naqty» газетінің жеткен жетістіктері аз емес. Оның журналистері жеке марапаттарға ие болып, облыс көлемінде талай белестерді бағындыруда. Осының барлығы ұжымның қажыр-қайратының арқасында десек, тағы бір себеп – Атлана Жанатқызындай білікті басшының талапшылдығы, жаңашылдығы, бастамашылдығы.
Журналистер қауымы әр саламен тығыз байланысты болғандықтан, олардың жан-жақты болып, кез келген ортада орын табуы жарасымды келеді. Бұл тұрғыдан айтқанда, Атлана Исаеваның саясат сахнасындағы көштен қалмауын айрықша атап өтуге болады. Ол «AMANAT» партиясының мүшесі ретінде бірнеше шақырылымдағы Қарасай аудандық мәслихатының депутаты атанып, ел мүддесі жолында жұмысын әлі күнге дейін жалғастыруда. Әрдайым мәслихат сессияларында тұрғындардың талап-тілегіне байланысты түрлі мәселе көтеріп, әрбірінің оңды шешілуіне күш салады.
Халық қалаулысы болғандықтан, жергілікті тұрғындар Атлана Жанатқызынан ұсыныс білдіруден бөлек, көмек қолын сұрап жатады. Оның іщінде әлеуметтік тұрмысы төмен аналар қауымы да бар. Мәслихат депутаты олардың әрбіріне қолдау танытып, кейбір мәселесін тиісті орган арқылы шешілуіне ықпал етеді.
Атлана Исаеваның депутаттық мандатынан бөлек «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлік палатасының Алматы облыстық өңірлік кеңесінің мүшесі екенін айта кеткен жөн. Мұнда ол әріптестерімен бірге бизнесті қолдауға атсалысып, осы салада еңбек етіп жүрген жандардың мәселелеріне мән беріп, құқықтарының қорғалуына қолдау танытады.
Қарап тұрсақ, нәзік жан иесінің бір басына бірнеше жауапты істерді арқалағанын байқауға болады. Әрі оны абыроймен атқарып, көптің көңілінен шығып, қызметін табысты атқаруда.
Десе де, Атлана Жанатқызының негізгі жұмысы БАҚ-пен тікелей байланысты болғандықтан, бұл бағыттағы бастамалары да ауыз толтырып айтарлықтай. Атап айтқанда, алдымен ол – газет жұмысымен қатар «Atlant Media» ЖШС-нің иелігіндегі «Naqty.kz» желілік басылымының жетекшісі. Бүгінде аталған ақпараттық платформа әлеуметтік желі арқылы тұрақты оқырман қалыптастырып, аудан, облыс жаңалықтарынан басқа әлемнің және елдегі оқиғалардан хабардар етеді. Ал оның «YouTube» арнасы ауданның айшықты және жетістікке толы жайттарын бейнематериал арқылы жұртшылыққа жеткізеді.
«YouTube» демекші, бүгінде Атлана Исаеваның жарқын жобаларының бірі – «Сөйле» арнасы. Құрылғанына екі жыл болса да ақпараттық кеңістікте 55 мыңдай оқырманды бір ортаға сыйғызып, шекаралас мемлекеттер мен ел аумағындағы тұрғындардың көңілінен шығуда. Қазақ тіліндегі креативті жобаның басты мақсаты – айрықша жандарды таныстырып, құпияға толы және әдемі аймақтардың ерекшелігін насихаттау.
Жаңашылдықты жаны сүйетін Атлана Жанатқызының «Шапағат» оқу орталығы да нәтижесін беруде. Мұнда мобилография, SMM, таргет сияқты бағыттарда білім алып, заман талабына сай маман иесі атануға болады. Аталған орталықтың құрылғанына бір жылдан асса да қаншама түлек қысқа мерзімде тиісті деңгейде оқу оқып, әр бағыттың қыр-сырын үйренді. Бұл курстар әлі де жалғасуда.
Атлана Жанатқызының 30 жылға жуық БАҚ пен медиа саласындағы қалтқысыз қызметі әркезде лайықты бағасын алып келді. Соның ішінде айрықша атап өтерлігі – Президент Жарлығымен кеудесіне жарқырата таққан «Шапағат» медалі. Журналистика саласындағы еселі еңбегінің арқасында «Ақпарат саласының үздігі» төсбелгісіне де ие болды. Сонымен қатар Мемлекет басшысының және ҚР Парламенті Сенатының төрағасының Алғыс хатымен марапатталып, түрлі мерейлі даталарға қатысты медальдармен наградталған. Облыс, аудан әкімдерінің де, басқа қоғамдық ұйым басшыларының да талай құрметіне бөленіп, бірнеше Құрмет грамота мен Алғыс хаттың иесі атанды.
Иә, өздеріңіз байқағандай, Атлана Исаеваның әр бастаманың көшінде жүргеніне көз жеткізе аламыз. Ол – жұмыста іскер, батыл, білгір басшы болса, отбасында мейірімін төге білетін аяулы да ардақты ана. Оның ұрпақ өрбітіп, тәрбие беру жағына да қызыға қарауға болады. Өйткені үш перзентінің алдында аналық парызын адал орындап, ұл-қыздарының қанатын қатайтты. Бүгінде үйдің үлкені Ақтолқын тұрмыс құрып, Атлана Жанатқызына «нағашы апа» деген мәртебе сыйлап отырған жайы бар. Жансаясы жанына сая болып, білікті маман атанса, үйдің кенжесі Жанали биыл SDU University оқу ордасын жемісті аяқтағалы тұр.
Міне, біздің редактор осындай! Қос 25-ті артқа тастап, өмірдің тағы бір белесіне құлаш сермеген басшымызға тек ғибратты ғұмыр тілейміз! Жақсылықтың жетегінде өмір сүріп, отбасының ортасында, жақындарының жанында гүлдей жайнап жүруіне тілектеспіз! Әрдайым абырой биігінен көрініп, табандылығыңыз табысқа жетелей берсін.
Дидар МӘЛІКҰЛЫ
![[:ru]Газета "Naqty" ("Заман жаршысы")[:kk]"Naqty" газеті ("Заман жаршысы" газеті)[:]](https://naqtygazeti.kz/wp-content/uploads/2017/01/logo2.png)
