Егемен елдің ертеңіне алаңдап, ұлттың қамы үшін еңбек ететін, аталы сөзін арнауды мақсат еткен аға буын өкілдерінің тәлімді істері – бүгінгі ұрпаққа үлгі. Өсиетін өскелең жастарға айтудан жалықпаған біздің қоғамда қадірлі қариялардан, ақылшы азаматтардан құрылған орталардың орны қашанда зор.
Ұлттың бірлігін бекем етуге бірлесе жұмыс атқарып жүрген осындай ұйымдардың бірі – «Билер кеңесі» республикалық қоғамдық бірлестігі. Бүгін олар Қарасай аудандық Мәдениет үйінде «Мемлекетіңнен ештеме тілеме – мемлекетіңді тіре» атты тақырыппен конференция ұйымдастырды.
25 қазан – Республика күні мерекесі аясында өткізілген алқалы отырысқа еліміздің әр өңірінен би кеңесінің ақсақалдары, ұлт белсенділері, мәдениет қайраткері және зиялы қауым өкілдері арнайы шақырылды. Ұлттың болашағына байыппен қарап, өсиетті сөздер айтылған бұл басқосудың өтуіне Қарасай және Жамбыл аудандарының Құрметті азаматы Сейітқали Ыбытаев ұйытқы болғанын айта кеткен жөн. Ел арасында баталы сөзін арнап жүрген, қазақтың төбе биі Серік атамыз осы жиынның алғашқы сөзін өзі алып, әділет министрлігінде тіркелген «Қазақ билер кеңесі» ұйымының бір жылда атқарған жұмыстарын баян етіп, жалпы бұл орталықтың халық арасында алатын орны ерекше екенін түсіндірді. Одан кейін алқалы жиынның тізгінін белгілі ақын, Қарасай аудандық тарихи-өлкетану музейінің директоры Серік Қалиев алып, іс-шарада орамды ойын ортаға салу үшін құрметті қонақтарға сөз кезегін беріп отырды.
Жиын барысында «Қазақ билер кеңесі» РҚБ-нің төрағасы Дүйсенбек Дәрібаев орталықтың атқарып жатқан істерін тілге тиек етіп, қазіргі уақытта бірлестікке қарасты әр өңірде сайланған би-ағаларының жұмыстарына тоқталды. Қоғам үшін олардың бастамалары, түрлі мәселелерге қатысты тоқтау сөз айтып, кеңес беруі маңызды екенін жеткізді.
Ал ақын, ҚР Жазушылар одағы басқармасы төрағасының орынбасары Бақыт Беделхан ұлттық рух пен намысты аспандатуға қатысты ойын жеткізіп, болашақ ұрпақтың тәрбиесіне алаңдаушылық білдірді. Жалынды жырын арнап, би-ағалардың атқарып жатқан істеріне алғысын айтып, сәттілік тіледі.
Сонымен қатар бұл жиында Қазақстан ата-аналар одағының өкілі Бағила Балтабаева отбасының құндылықтары мен феминизм тақырыбында өзекті мәселені ортаға салды. Ұрпақтың келешегіне алаңдаған Бағила ханым ақылшы ағалардан осы проблемаға көңіл бөлуді сұрады.
Конферецияның аясында рухани-адамгершілік, намысты таптатпау, аға буынның қоғамдағы рөлі жайлы осы іс-шараға арнайы шақырылған құрметті қонақтар пікірлерін білдіріп, жастарға, орта буынға өсиетті сөздерін арнады.
Жиын соңы «Қазақ билер кеңесі» ұйымының тарапынан марапаттау рәсіміне және концерттік бағдарламаға ұласты.
Дидар МӘЛІКҰЛЫ.