Білімін игі іске жұмсау үшін рух керек. Рухты ұрпақ тәрбиелеу мақсатында жуырда «Үзеңгілестер» орталығы мен «Бұқаралық спорттық іс-шаралар өткізу» орталығының ұйымдастыруымен 5-6 жастағы балалар арасында таеквондодан жарыс өтті. Аудандық спорт кешенінде болған біріншілікке балабақшалар мен спорттық үйірмелерден балалар келді.
Осы спорт түрінің ережесіне сай кимоно мен бас киімін киіп, шаршы алаңға шыққан балақайлардың тартысты жекпе-жегі қызықты өтті. Қорытындысында амалын асырғандардың мерейі үстем болып, жеңіс тұғырында салтанатты жағдайда марапатталды. Мойындарына сары алтындай жарқыраған медал тағылған балақайлардың қуанышты сәтіне жаттықтырушыларымен қатар балабақшадағы тәрбиешілері де ортақтасты. Бес жастағылар арасындағы бәсекеде Ұзынағаш ауылындағы «Сұлтанхан» балабақшасының тәрбиеленушісі Нұрназар Тұрдыбайұлы 1-орын алды. Оған басты жанкүйер болған атасы Әрімғазы Тұрсынбай немересінің алғашқы жетістігіне «Алтыннан алқа таққан батырым» деп балаша қуанды.
Нұрназардың анасы Дәния Бакытжан былай дейді:
– Ұлым 3 жастан бастап «Сұлтанхан» балабақшасында тәрбиеленеді. Ата-ана ретінде балабақша ұжымына алғысымды білдіргім келеді. Мұнда жалпы балалардың тәрбиесіне, дамуына, жан-жақты қалыптасуына ерекше көңіл бөлінген. Балаларды түрлі жарыстарға жиі қатыстырады. Соның ішінде вокал, таеквондо үйірмелерін қатар алып жүреді. Бұл балалардың шығармашылық тұрғыда дамуына зор әсер етеді деп ойлаймын. Балабақша ұжымының осындай нәтижелі жұмысының арқасында балам Нұрназар жақында ғана республикалық «Жас Жұлдыз» байқауында бас жүлде иеленген еді. Енді, міне, таеквондодан аудандық жарыста топ жарды. Мұнда балабақша ұжымының еңбегі зор деп санаймын. Осы орайда балабақша басшысы Раушан Балғабайқызына, тәрбиешісі Нұрғайша апайына алғысым шексіз. Олардың жұмысына табыс, шәкірттерінің үнемі биіктен көріне беруін тілеймін. Ұрпақ тәрбиесіндегі еңбектері жемісті болсын, – дейді чемпионның анасы.
Серік САТЫБАЛДИЕВ.
Суретте: Нұрназар және жарысқа қатысқан балалар, жаттықтырушысы.
Жамбыл ауданы.