Республикамыз бойынша әр жылы өтетін «Мерейлі отбасы» сайысына біздің ауданнан екі отбасы іріктеліп, облысқа жолдама алған болатын.
Кеше Талдықорған қаласында бұл байқау өз мәресіне жетіп, ауданымыздың намысын қорғаған Бекдайыр мен Байтөлековтар отбасы жақсы нәтижемен оралды. Атап айтсақ, Бекдайыр отбасы үздіктердің қатарына шығып, оларды облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омар үшінші орынның жүлдесімен (суретте) марапаттады! Ал, Байтөлековтар отбасына да, жақсы өнер көрсеткені үшін, абыройлы Алғыс хат табыстап, мәртебесін көтерді. Құттықтаймыз!
Жалпы, бұл ұлттық байқау, ең алдымен, өнегелі құндылықтарды жаңғыртуға және отбасы мен некенің жағымды үлгісін таратуға, шаттығы шалқыған шаңырақ көтеру мәртебесін арттыруға бағытталған еді. Енді, осы сайысқа қатысушылар жайлы айтып өтсек.
Жүлдегер отбасының бас-иесі Бекдайыр Қоңыр Егенұлы жеке кәсіпкер, қолөнермен айналысады. Осы салада 38 жыл үздіксіз жұмысын жалғастырып, сақина, жүзік, білезік, сырға, алқа, шолпы тағы басқа әшекей бұйымдар жасайды. Сонымен қатар, інжу, маржан, лағыл, тастарды қашап сақина, жүзік сырғаларға көз салудың шебері. Мұнан өзге ағаштан ат әбзелдерін жасап және теріні өңдеп, жүген, тартпа, құйысқан тігіп, қамшы өрумен айналысатыны бар. Өз ісін жетік білетін, қазақи ұлттық болмысты бойына сіңіріп, салт-дәстүрлерді жоғары құрметтейтін азамат. Елінің дамуына өз үлесін қосып жүрген оның, еңбектері елеусіз қалмай, «Қазақстанның үздік тауары» өңірлік конкурсына белсенді қатысқаны үшін дипломмен марапатталған. Ал, өмірлік жары Анаркүл Нарботанова жайлы айтар болсақ, ол да қолөнер шебері, дизайнерлікті қолға алып өз кәсібін дөңгелетуде. Киізбен және аппликациямен айналысады, әрі ұлттық киімдер тігетін ісмер. Шапан, шолақ жең сияқты сырт киімдер, сәукеле, қалпақ, тақия сияқты бас иімдер, төсек жапқыштар мен түс киіздердің қайталанбас үлгілерін жасап, өзіндік қолтаңбасын қалдыруда. Сонымен қатар, отбасындағы шаруаны да шет қалдырмаған Анаркүл, үшем мен бір кенже ұлды тәрбиелеп, ер жеткізген. Қазіргі таңда, олар ата-ана үмітін ақтап, өмірде өз жолдарын тапқан. Дегенмен де, көздерін ашқаннан ата-анасының кәсібін көріп өскендіктен бе, үшемнің таңдаған мамандықтары да қолөнерден алыс кете қойған жоқ. Айдос мүсінші, ескерткіштер, ағаштың тамырынан көптеген декоративті бейнелер жасайды. Ал, Бақытжан қыштан цех ашып, әртүрлі бұйымдар жасауды қолға алса, Еркежан интерьер-дизайнер саласында жұмыс атқарады. Отбасының ең кенжесі Ғалымжан әкесінің жолын қуып, зергерлік кәсіпті таңдаған. Осы бағыт бойынша көптеген жетістіктерге жетіп, «Шабыт» XVIII, XX халықаралық шығармашылық жастар фестивалінде «Бейнелеу өнері» номинациясы бойынша Алғыс хатпен марапатталған.
Ал, екінші отбасы жайлы айтсақ, бұл әулеттің бас-иесі Бауыржан Байтөлеков 1974 жылы туған. Жеке кәсіпкер, әрі бапкер әке, отбасына өте үлгілі жан. Спорт саласында 24 жыл үздіксіз еңбек етіп келеді. Көп балалы отбасынан шыққан. Таэквондодан Қытай Халық Республикасында қара белбеу 1-орын иегері болып, осы спорт саласында 300-ден аса шәкірт тәрбиелеп шығарған. Сонымен қатар, аралас жекпе-жектен ашық республикалық турнирлерге белсенді қолдау көрсеткені үшін де бірнеше Алғыс хаттар алған. Жұбайы Злиха Джалғасовамен, төрт қыз бен бір ұлды тәрбиелеп, өсіруде. 1976 жылы туған жан жары саламатты өмір салтын насихаттайтын «Ақерке» клубының жетекшісі. Отанасы әр баланың ерекше қабілеттеріне қарай қолдау көрсетіп, дамуына үлес қосуда. Мәселен, қыздары Каукен Ақерке, Аружан, Аяулым және ұлы Азамат әке жолын қуып, таэквондодан ұйымдастырылған көптеген сайыстардың жүлдегерлері атанып үлгерген. Ал, кенже қызы Айым сән саласына қызығушылық танытып, халықаралық журналға модель ретінде кастингтен өткен.
Жалпы, облыстық сайысқа аттанған екі отбасының жайы осы. Қашанда, қандай іс болсын шын пейілімен бастауға құлшынатын бұл Байтөлековтар мен Бекдайыр әулеттері қарасайлықтардың сенімінен шығып,үміттерін ақтап келді.
Бақдәулет ТАЛИПОВ.