Бүгін бүкіл әлемде баламасы жоқ аса маңызды қоғамдық құрылым – Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХІХ сессиясы өтіп, ол бәріміздің де жанымызды шаттандырған, санамызға ой салдырған үлкен оқиға болды.
ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы, әлемге танымал салмақты саясаткер, Ассамблея төрағасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың жетекшілігімен өткізілген бұл бас қосуды, шын мәнінде, қасиетті қазақ еліндегі ырысты ынтымақпен өмір сүріп отырған бар халыққа қуатты серпін берген ерекше жиын деп атап айтуымыз керек.
«Бірліктің, татулық пен келісімнің 30 жылы» деген тақырыпта ұйымдастырылған сессияда Елбасы сөйлеп, Қазақстан Республикасындағы қоғамдық келісім мен ұлттық бірлікке байланысты ұсыныс-пікірлерін білдірді, нақты міндеттерді атап көрсетті. Меніңше, барлығы да қазақстандықтардың айрықша көңілінен шықты.
Сонымен қатар, өз сөзінде мемлекет басшысы, Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев та көптеген маңызды мәселелерге кеңінен тоқталып, алға ауқымды мақсаттар қойды.
Бір нәрсе анық. Ол – Қазақстанда тәуелсіздік алған 30 жыл ішінде татулық, тыныштық, қоғамдық келісім салтанат құрып келеді. Осында өмір сүріп отырған ұлттар мен ұлыстардың, диаспоралардың бірлігі бекемделе түсті, береке, ынтымағы артты, достығы күшейді. Алда да осылай жақсы жалғасарына еш күмән жоқ!
Илимдар КАМИЛОВ,
Қарасай аудандық түрік этно-мәдени орталығының төрағасы.