Оқушыларының қажетті әрі сапалы білім алуымен қатар олардың танымдық белсенділіктерін арттыра отырып, шығармашылық қабілеттері дамыған жан-жақты тұлға болып қалыптасуына барша мүмкіндіктер жасауға аса ден қойған Қаскелең қаласындағы В.Белинский атындағы орта мектепте тағы бір жақсы жоба жүзеге асуда. Білім ордасы басшылығының бастамасымен оның базасында «GSED» халықаралық дипломдық бағдарламасы аясында халықаралық мектеп ашылды. Мұнда оқушылар ағылшын тілін тереңірек меңгеріп, халықаралық талаптағы оқу бағдармасымен білім алады. Бұл жерде бір айта кетерлігі, В.Белинский мектебі – «GSED» жобасын іске асыра бастаған Алматы облысы бойынша алғашқы білім ошағы. Ал жалпы Қазақстан бойынша екінші білім мекемесі болып табылады.
Мектеп директоры Тұрсын Сайбырованың мәлімдеуінше, олар таяуда «Swiss Innovators Club» (Швейцария) білім беру қауымдастығымен меморандум жасасқан. Соның аясында «GSED» халықаралық мектебі ашылған. Жалпы GSED – Swiss Innovators Club (Швейцария) білім беру қауымдастығы ұсынған бірегей білім беру экожүйесі. Ол қазіргі заманғы FEYDEY – Grade Results оқытуды басқару жүйесіне (LMS) негізделген. Мұнда заманауи педагогика, соңғы технологиялар және Blended Learning және Deeper Learning сияқты білім беру үлгілері, Швейцария, Ұлыбритания және АҚШ-тың іргелі және тарихи білім беру стандарттарын басшылыққа алады.
Аталмыш мектеп 3-11 сынып оқушылары негізгі білімімен қатар пәндерді онлайн және офлайн режимінде ағылшын тілінде оқып, тіл деңгейін көтеріп қана қоймай, сондай-ақ «Екінші халықаралық орта білім» аттестатын алуға мүмкіндіктері бар.
Жоғарыда айтып өткендей, оқу онлайн және офлайн форматта жүргізіледі. Өздігінен оқыту әдеттегі сабақтардан және үй тапсырмасын орындаудан тыс уақытта, аптасына орта есеппен 5-6 сағат жүргізіледі. Ол үшін оқушыға компьютер, планшет немесе смартфон керек. Осы гаджеттердің бірінен заманауи білім беру платформасына кіріп, қажетті сабақтарды өтеді. Баланың сабағын оқумен және тапсырмаларды орындаумен үйде, демалыста немесе бос уақытында айналыса алатын мүмкіндігі бар. FEYDEY академиялық және техникалық командалары үздіксіз тәжірибені қамтамасыз ету үшін оқу процесін мұқият қадағалайды және қолдайды. Сонымен қатар, ата-аналар баласының оқу үлгерімі мен белсенділігін платформада тәулік бойы бақылай алады.
Ал сыныптағы кіріктірілген оқыту мектеп кестесінің шеңберінде жүзеге асырылады және аудиториялық сабақтарды, кеңестерді немесе жоба жұмысын қамтиды. Мұғалімдер өз сабақтарын FEYDEY білім беру платформасының элементтерімен толықтырады, оны қосымша материал ретінде пайдаланады. Платформаға жеке қол жеткізудің арқасында оқушылар үйде оқуды жалғастыра алады. Бағдарламадағы оқыту аяқталғаннан кейін білімгерге Калифорния штатының талаптарына сәйкес аккредиттелген Америка орта мектебінің U.S. High School Diploma аттестат пен транскрипт беріледі.
Жалпы бағдарлама бойынша келесі кезеңге өту үшін оқушы арнайы емтихан тапсырады. Оны аталған білім беру орталығының мамандары өздері қабылдайды. Бір жеңілдік – емтихан тапсырған балаға бес мүмкіндік беріледі.
Тұрсын Әділбекқызының айтуынша, «GSED» ақылы, яғни бұл бағдарламамен оқитындар бір жылға 550 доллар төлейді. Бұл жерде бір айта кетерлігі, негізгі оқу ақысы 35000 доллар, алайда екі ортада жасалған меморандум арқасында Белинский оқушылары тек 550 доллар төлейді. Білім шаңырағы ішіндегі мектепке қабылдау қыркүйек айының 30-на дейін жалғасады.
Жалпы бұл бастама мектеп оқушылары үшін ағылшын тілін жақсы меңгерумен қатар болашақта шет елдің кез келген үздік университетіне оқуға түсуіне жол ашады.
«GSED» жобасынан бөлек В.Белинский атындағы орта мектеп өзге де жақсы жобалар іске асырылуда. Мәселен, «CodiPlay» бағдарламасы. 2021 жылы құрылған білім беру платформасының әлемде 1 миллионнан астам қолданушысы бар. Платформа Ұлыбритания, Оңтүстік Корея, Түркия және Біріккен Араб Әмірліктері мектептерінің оқу бағдарламасына енген.
«CodiPlay» балаларға бағдарламалау мен робототехника негіздерін ойын түрінде оқуға мүмкіндік беретін білім алу шешімдерін ұсынады. «CodiPlay» жобасы «CodiPlay» қосымшасы, «CodiKit» робототехника жиынтығы және «CodiKit» мұғалімдерге арналған платформа сияқты үш негізгі компонентті қамтиды.
Балалар жобасы аясында логика мен алгоритм негіздерінен бастап, жекелеген әзірлемелерді жасауға алғашқы қадамдарды үйренеді. Бағдарламаны қабылдауына, деңгейіне қарамастан, материалды жылдам игеру мүмкіндігі басым. Нәтижесінде оқушылар цифрлық ортаға тез бейімделіп, платформаның интерфейсін оңай меңгеріп, бағдарламалауды жылдам меңгереді. «CodiKit» жиынтықтары арқылы жарық шамынан бастап, «ақылды» үй жүйесіне дейінгі 56 түрлі IoT-гаджетті құрастыра алады. Аталған жоба мектепте белсенді түрде іске асырылуда.
Тағы бір қолға алынған бастама ретінде медициналық және ІТ сыныптарын айтуға болады. Оны жүзеге асыру үшін мектеп басшылығы Қарасай клиникалық көпбейінді орталық аудандық ауруханасымен, SDU университетімен меморандумға отырған. Оның аясында болашағын аталған саламен байланыстырғысы келген жоғарғы сынып оқушылары аурухана мен университетке барып, мамандықтармен тереңірек танысып, оң және теріс жақтарын бағалай алады.
Оған қоса Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес жарияланған «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында жоғарғы сынып оқушылары үшін «Мамандықтар қаласы» жобасы іске асырылуда. Оның бағыты жоғарыдағы сыныптарға ұқсас. Яғни мұнда балалар қарапайым жұмысшы мамандықтармен танысады.
Мектепте кіші сынып оқушыларына арналған Qalan.kz платформасы да қосылған. Qalan.kz – математикадан интерактивті онлайн портал.Мұнда оқушы екінші рет қайталанбайтын тапсырмаларды орындап, қате жауабының шешімін біле отыра, математикалық білімін шыңдау мүмкіндігіне ие болады. Порталдың ерекшелігі – әр тақырып бейне-сабақ форматында жасалған және есептің жеке түсіндірмесі көрсетілген және бәсекелестік рейтинг жүргізудің нәтижесінде оқушының сабаққа деген ынтасы артып, сыни ойлау қабілеті дамиды. Аталған платформа Ресей мен Өзбекстан, Қырғызстан, Түркия және Әзербайжан мемлекеттерінің мектептерінде қолданылуда. Аталған онлайн мектеп «GSED» секілді ақылы. Оны ойлап тапқан Асқар Болатпен мектеп басшылығы арасындағы меморандум арқылы платформаны қолданатын оқушыларға 60% жеңілдік жасалған. Яғни олар үшін қолдану ақысы айына 8 мың теңге. Осы онлайн платформаның арқасында Белинскийдің балалары кіші сыныптардан бастап математика пәнін жеңілдету әдісін меңгеруде.
Жоғарыда аталған жаңашылдықтардан бөлек білім мекемесі аумағында экожобалар, кадет сыныптары секілді өзге де жақсы бастамалар іске асырылуда. Әрине, олардың барлығы дерлік балаларға мектепте берілетін саналы тәрбие мен сапалы білім беру қатар олардың шығармашылық ізденістерін дамытуға бағытталған.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ
![[:ru]Газета "Naqty" ("Заман жаршысы")[:kk]"Naqty" газеті ("Заман жаршысы" газеті)[:]](https://naqtygazeti.kz/wp-content/uploads/2017/01/logo2.png)
