Жуырда Талғар ауданы Белбұлақ ауылдық округіне қарасты №32 мектепте Талғар ауданының әкімі Танат Айдарбековтің ауыл тұрғындарымен кезекті кездесуі өтті. Жиынның басы аудан басшысының округке қатысты атқарылған жұмыстар мен жыл бойына бөлінген бюджет жайлы баяндамасымен басталды. Сонымен қатар, Талғар аудандық мәслихаттың төрағасы Мұхит Бейсембекұлы, Белбұлақ ауылдық округінің әкім Нұрбол Инақынұлы қатысқан бұл кездесуде округке қатысты қордаланған мәселелер қозғалды. Оларға аудан әкімі аппаратындағы әр саланың бөлім басшылары мен жауапты мамандар жауап берді.
Жиын барысында алып шаһардың іргесінде тұрып өркениет жетістігінен қол үзіп отырған Бірлік ауылының кейбір көшесінде қарапайым электр жарығының жоқтығы сөз етілді. Бұл жайлы аталмыш ауылдың тұрғыны Талғат Игісінов айтты.
– Мәлкеев көшесінің тұрғынымын. Көшемізде жарық тұрмақ, электр желісін тартатын баған да жоқ. Бұл мәселемен талай табалдырықты тоздырып келеміз. Өткенде жауапты мекемеге де барып шағымымызды жеткізгенбіз. Осы жолы тағы айтып отырмын. Бұл мәсеселе қашан шешіледі? – деген ауыл тұрғыны Т.Игісіновтің сұрағына аудан басшысы бірден жауап қайтарды.
– Мен өткенде осында отырған ақсақалдарға аталған мәселе бойынша шығып, егер апатты жағдайлар орын алса біздің жауапты мекеме көмектесіп тұрады. Жарық әзірге бар. Бұл мәселе келесі жылдың наурыз айына дейін шешілетін болады. Оған дейін жоба жасалып, есебі тапсырылады. Осыдан соң аудан бюджетінің балансына кіреді. Одан кейін ғана қажетті қаражат қарастырылады. Нақты процесті күтетін болсақ, келесі күзде ғана ақша бөлінеді, – деді аудан әкімі. Ал осыдан соң балалар ойнайтын алаңның тапшылығын айтқан тұрғын №35 мектептің артында шағын ойын алаңын орнатуға болатын жер бар екенін де жеткізді. Округ әкімі тарапынан ол жердің заңды иесі бар-жоғы анықталып, бос болған жағдайда аталған мәселені шешу мүмкіндіктері қарастырылатыны айтылды.
Былтырғы қыстан бері ауылдың ішін айнала қазып су құбырын тартып жатқан «Мелиоратор» ЖШС-нің жұмысына да сын айтылды. Қазған жерлерін қайта қалпына келтірмей, қалай болса, солай тастап кететініне налыған жұрттың басқасын қойып, асфальтталған жолдарды да жаңбыр жауғанда лай су басатыны, артынан оның ақ шаңға айналатыны жайлы шағымына мердігер мекеменің өкілі Осман Шаханов пен әкім орынбасары Оразхан Қаспақбаев жауап берді. Кепілдік хаттары бар, барлығын қалпына келтіреді дегенді алға тартты. Бұл мәселенің Талдыбұлақ ауылына да тікелей қатысы болғандықтан, әзірге ең болмағанда орталық көшелерді ақ шаңнан арылтып беруін сұрағамызда, мұндайда үзілді-кесілді «жоқ!» демейтін әдет бойынша «алдағы уақытта ескереміз, назарға аламыз, реттейміз» деген сынды жаттанды жалтарма жауап алдық. Өз тарапымыздан аталған мәселені аяқсыз қалдырмай, алдағы уақытта да қадағалайтынымызды жеткіздік. Өйткені жақында «Мелиоратордың» бөлім меңгерушісі Осман Шаханов пен жоба жетекшісі Дулат Сайлаубекұлының қалай қазсақ, солай жасап береміз деген уәделерін ешкім ұмытқан жоқ.
Жиын барсындща көтерілген ең өткір де, өзекті мәселенің бірі мектеп жайы болды. Талдыбұлақ ауылына тиесілі № 34 мектептің кезінде 320 балаға арналып салынғанымен, қазір 1500-ден артық баланың 3 ауысыммен білім алып жатқанын айтқан ауыл тұрғындары енді салынатын мектептің қашан салынатынын сұрап, қазіргі жоспарланып отырған жері өте қолайсыз екенін ескертті. Жоспар бойынша аталған мектеп Қызыл Қайрат ауылына жақын маңайға салынбақ көрінеді. Онымен келіспейтіндіктерін, оған үзілді-кесілді қарсы екендіктерін айтқан тұрғындар мектепті ауылдың ішіне қарай салу керек деген талап қойды. Әсіресе, кіші сынып оқушыларының көп екенін ескерсек, сонау жаққа жаяу қатынап оқудың мақашаты қаншалықты екенін айтпай-ақ ұғуға болады. Осыған байланысты ауылдың белсенді азаматы Сержан Молдабеков, ақсақал Сапархан Исаев секілді азаматтар бас болып ауыл тұрғындарының өтінішін хатқа түсіріп, заңды түрде әкімдікке тапсырмақ болып тарқасты.
Аудан әкімінің атына жазылған өтініштің жалпы мазмұны мынаған саяды: «Талдыбұлақ ауылындағы №34 мектептің аудандағы 3 ауысымда білім беретінін 6 мектептің бірі екенін білесіз. Тұрғындар мен қоныстанушылар саны да жылдан жылға артып келеді. Халық тығыз қоныстанып жатқандықтан жаңадан мектеп салу мәселесі кезек күттірмейтін маңызды мәселелер қатарына шықты. Осыған байланысты ауылымызда салынатын мектептің жаңалылығын қуана құптаймыз. Өйткені балаларымызды сапалы білім алуы бәріміз үшін маңызды деп білеміз. Алайда ол мектептің ауылдың сыртында, Қызыл Қайрат жаққа салынғанына түбегейлі қарсымыз. Себебі, қазіргі қарастырылып отырған жер телімі ауылдан тым алыс. Мектеп жасындағылардың көбі кіші сынып оқушылары екенін ескерсек, олардың ауылдың аяғына жаяу барып оқуы балаларға да, ата-аналарға да үлкен қиындық тудырары анық. Сондықтан мектеп салынуға тиесілі жерді Талдыбұлақ ауылының ішіне қарай қарастырған жөн. Оған қажетті жер телімі сатылымда да тұр. Осы мүмкіндікті пайдаланып, қолыңыздағы құзіреттің арқасында жаңадан салынатын мектепке қатысты мәселені оң шешеді деп сенеміз».
Өз кезегінде белсенді азамат Сержан Молдабеков Талдыбұлақ тұрғындарының арасында МТФ аталып кеткен, қазіргі уақытта бетон қоршаумен қоршалып бос тұрған айтарлықтай үлкен аумақтың бар екенін алға тартты.
– Бұл жерді алатын болсақ, оған мектеп қана емес, ауылға қажетті үлкен инфрақұрылымдарды да жүргізуге болады. Ол бір жағы ауылдың көркеюіне үлес қосса, екінші жағынан көптеген адамдарға жұмыс көзі де болар еді. Бұл да – назарда болатын, ескеретін жайт. Сондықтан бұл мәселеде де ауыл тұрғындары барынша қолдау көрсетуге дайынбыз, – деп атап өтті. Сондай-ақ атқарылып жатқан жұмыстардың да аз емес екеніне тоқталған ол: «Әкімдік қай уақытта да жаман. Сонау кеңес кезінен бері оны жақсы деген адам жоқ. Бірақ халық тек жамандай бермей, әкімдіктің осы күнге дейін істеп жатқан жұмыстарын да көріп, айтуы керек. Ал алда атқарылатын істерді әкім бар, ауылдың азаматтары бар өзара ақылдаса отырып атқаруды сұраймыз», – деген тоқтам айтты.
Сонымен қатар, бұл кездесуде ауыз су, жарық, жол, газ тарту, күрделі жөндеуге жабылған ауылдық амбулатория секілді кезек күттірмейтін бірқатар маңызды мәселелердің де жай-жапсары айтылды. Бұл жайлы жиынға немересін қоса ертіп келген «Айсұлу» шағын ауданының тұрғыны Қарлығаш Нұрымғалиева айтты.
– Жылда 20-30 мыңнан ақша жинап жолды өзіміз жасап аламыз. Ал бүкіл машина сол Пушкин көшесімен жүріп, бәрін бүлдіріп кетеді. Өзге көшелерді неге әкімдік жасамайды? Әкімдік бізге неге көмектеспейді? Белбұлаққа кіретін жүк машиналарынан бастап, дүкендерге тауар таситындардың барлығы біздің көшемен жүреді. Соның салдарынан бала-шағаны мектепке таситын халық өзі жасаған көшеде өзі еркін жүре алмай келеді. Биыл сол көшені жасау үшін тағы 30 мыңнан жинап жатырмыз, – деп ашынды Қ.Нұрымғалиева.
– Бүгін Белбұлақ оуылдық округі бойынша көтерілетін мәселелерге дайындалып келдік. Бұл шағын аудан Тұздыбастауға қарайтын болғандықтан, мәселе алдағы күндері Тұздыбастау ауылының тұрғындарымен өтетін кезекті кездесуде назарға алынатын болады, – деген аудан әкімінің жауабына қанағаттанбаған ол барлық уақытта жиналыстарға бара алмайтынынын, тіпті кейбірінің өтетінінен хабары да болмай қалатынын айтып налыды.
Кездесуде айтылған талай мәселенің түйіні дәл сол жерде тарқамаса, ел алдына келген атқамінерлерге ашық айтылған жайттар алда оң шешімін табады деген сенімдеміз.
Өз тілшіміз.
Талғар ауданы.